Без рубрики

Жарқын бейнеңіз жүрегімізде мәңгі сақталады

Өмір – жалған, ғұмыр – аманат. Адам баласы бұл дүниеге қонақ екенін ақылмен түсінгенімен, асыл жандардан айрылу жүрекке әрдайым ауыр тиеді. Өмірдің мәңгілік еместігін білсек те, кей адамдардың бақилық болғанына жүрек ешқашан сенгісі келмейді. Өйткені олардың жарқын жүзі, ізгі ісі, жылы сөзі мен елге сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталады. Сондай ардақты жандардың бірі – аяулы әріптесіміз, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, мемлекеттік тілдің жанашыры Бақыткүл Бектенқызы Каршалова еді.
Биылғы жылдың 5 шілдесінде Іле ауданының рухани-мәдени өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» КММ Іле аудандық филиалының меңгерушісі, «Білім беру саласының үздігі», «Еңбек үздігі», «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгілерінің иегері Бақыткүл Бектенқызы ұзаққа созылған ауыр дерттен 58 жасында дүниеден өтті. Бұл қаралы хабар оны таныған әрбір жанның қабырғасын қайыстырып, ұжымына, туған-туыстары мен жақындарына орны толмас қайғы әкелді.
Бақыткүл Бектенқызы Іле ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келіп, білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Еңбек жолын журналистика саласында бастап, облыстық «Жетісу», «Алматы ақшамы» газеттерінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Халық кеңесі» апталығында жемісті еңбек етті. Қаламгерлік жолда жинаған тәжірибесі оның кейінгі қызметтерінде де үлкен пайдасын тигізіп, қай салада жүрсе де жауапкершілікпен еңбек етуіне негіз болды.
Іле ауданында 35 жылдан астам уақыт табанды еңбек еткен Бақыткүл Бектенқызының ғұмыры елге қызмет етудің жарқын үлгісі болды. М.Мақатаев атындағы №13 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жас ұрпақтың тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосты. Кейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бас маман болып еңбек етіп, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға белсене араласты. Ал 2007 жылдан бастап Тіл оқу-әдістемелік орталығында қызмет етіп, кейін Іле аудандық филиалының тізгінін ұстады. Саналы ғұмырының соңына дейін қазақ тілінің мәртебесін көтеруді өзінің азаматтық борышы әрі өмірлік мұраты деп білді.
Ол аудан көлемінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған көптеген маңызды жобалар мен игі бастамалардың ұйымдастырушысы болды. Түрлі байқаулар, ғылыми-тәжірибелік семинарлар, дөңгелек үстелдер, әдеби-танымдық кездесулер өткізіп, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыруға аянбай еңбек етті. Әрбір іс-шараның мазмұнына ерекше мән беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, жастардың ана тіліне деген құрметін қалыптастыруды басты мақсат санады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, талапшылдығы мен жаңашылдығы әріптестері тарапынан әрдайым жоғары бағаланды.
Бақыткүл Бектенқызы қызмет барысында ғана емес, адами болмысымен де көпшіліктің ықыласына бөленген жан еді. Басшы ретінде талап қоя білетін, ал адам ретінде кең жүректі, кішіпейіл, жанашыр болатын. Ұжымдағы әрбір қызметкердің жағдайына бейжай қарамай, ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетуден жалықпайтын. Жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби қалыптасуына ықпал етті. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету оның өмірлік ұстанымына айналған еді. Сондықтан оны таныған жандардың барлығы Бақыткүл Бектенқызын ең алдымен адамгершілігі мол, парасатты тұлға ретінде еске алады.
Өмірінің соңғы кезеңіне дейін тынымсыз еңбек еткен ол туған өлкенің тарихын зерттеуге де ерекше көңіл бөлді. Жақында ғана жарық көрген «Іленің ірі тұлғалары» атты кітабы – соның айқын дәлелі. Бұл еңбек арқылы ол туған жердің тарихын түгендеп, елге еңбегі сіңген азаматтардың есімдерін кейінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Кітап – оның туған жерге деген сүйіспеншілігінің, ұлт тарихына деген құрметінің және ел алдындағы азаматтық жауапкершілігінің жарқын көрінісі.
16 тамыз күні Бақыткүл Бектенқызының өмірден өткеніне қырық күн толады. Қазақ халқы үшін қырық күн – марқұмды сағынышпен еске алып, оның өнегелі өміріне тағзым ететін қасиетті кезең. Біз де осы күндері оның жарқын бейнесін, жылы жүзін, сабырлы мінезін, салмақты сөзін, мейірімге толы жүрегін ерекше сағынышпен еске аламыз. Оның өмір жолы – кейінгі буынға үлгі, елге адал қызмет етудің, туған тілге деген сүйіспеншіліктің және адамдық биіктің жарқын өнегесі.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Расында да, Бақыткүл Бектенқызының ел игілігі жолындағы еселі еңбегі, мемлекеттік тілдің өркендеуіне қосқан үлесі, тәрбиелеген шәкірттері мен әріптестеріне қалдырған өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Оның есімі мен жарқын бейнесі Іле ауданының рухани өмірінде мәңгі сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, барша жақындарына тағы да көңіл айтамыз. Алла Тағала бақилық болған Бақыткүл Бектенқызының иманын жолдас етіп, жатқан жерін жайлы, топырағын торқа етсін. Жаратқан Иеміз жәннаттың төрінен орын нәсіп етіп, артында қалған ұрпағы мен жақындарына сабыр берсін. Жарқын бейнеңіз жүрегімізде мәңгі сақталады.

Іле аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығының ұжымы

Басқа жаңалықтар

Back to top button