Без рубрики

«ӘДІЛЕТ» ӨКІЛДЕРІ АЩЫБҰЛАҚТА ПЕДАГОГТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

«Әділет» партиясының Іле аудандық филиалының сайлауалды штабы Ащыбұлақ ауылдық округіндегі №4 мектептің педагогикалық ұжымымен кездесу өткізді. Жиында білім беру саласының қазіргі жағдайы, педагогтердің қоғамдағы рөлі және мектеп оқушыларына практикалық дағдылар мен кәсіптік бағдар беру мәселелері талқыланды.

Кездесуді «Әділет» партиясы Іле аудандық филиалы аудандық сайлауалды штабының төрағасы Алмасбек Сатибаев ашып, жүргізді. Жиын барысында партияның алдағы бес жылға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы білім беру және адами капиталды дамытуға қатысты бағыттар таныстырылды.

Штаб мүшесі Баян Топарқызы сапалы білім беру мен педагогтерге қолайлы еңбек жағдайын қалыптастырудың өзара байланысты мәселелер екенін атап өтті.

– Біз бүгінгі баланың қандай мектепте білім алып жатқанын ғана емес, ертең қандай қоғамда өмір сүретінін де ойлауымыз керек. Ұстаздың алдындағы міндет – балаға білім беру. Ал мемлекеттің міндеті – ұстазға өз жұмысын лайықты атқаруға жағдай жасау. Білім мен адами капиталды дамыту елдің экономикалық және технологиялық дамуына тікелей әсер етеді, – деді Баян Топарқызы.

Кездесуде штаб мүшесі Рауан Бұғыбаев қоғамдағы өзгерістер мен азаматтардың қоғамдық үдерістерге қатысуы жөнінде пікір білдірді. Кәсіпкерлік және өндіріс саласының өкілі Гульжан Байкан білім беру мен экономиканың өзара байланысына тоқталды. Гамзе Гейдаров адам капиталын дамыту, білім мен тәрбие мәселелері және педагогтердің қоғамдағы жауапкершілігі туралы ой бөлісті.

Ашық пікір алмасу барысында мектеп педагогтері білім беру саласына қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Соның ішінде оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап практикалық дағдылар мен кәсіптік бағдар беру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Ұстаздар бұрын жұмыс істеген оқу-өндірістік комбинаттардың тәжірибесін қазіргі талаптарға бейімдеп қайта қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді. Қазіргі таңда робототехника және басқа да технологиялық бағыттардың мектеп бағдарламасына енуімен қатар, оқушылардың күнделікті өмірде және болашақ мамандығында қажет болатын қолданбалы дағдыларын дамыту маңызды екені айтылды.

Осыған байланысты оқу-өндірістік бағытты заманауи форматта дамыту, оқушыларға аспаздық, дәнекерлеу, тігін, техникалық және өзге де қолданбалы бағыттар бойынша бастапқы дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру мәселелері талқыланды.

Кездесу соңында педагогтер білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты пікірлері мен ұсыныстарын жеткізіп, қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button