Без рубрики

ЖӘПЕК БАТЫР АУЫЛЫНДА БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Әділет» партиясының Іле аудандық сайлауалды штабының өкілдері Жәпек батыр ауылындағы №51 жалпы орта мектебінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуге штаб өкілдері Баян Топарқызы, Алмасбек Сатибаев, Байкан Гульжан, Гамзе Гейдаров және Рауан Бұғыбаев қатысты. Жиын барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, мектеп ұжымымен ашық пікір алмасу өтті.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – білім беру сапасын арттыру және педагогтерге қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыру болды. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби дамуы, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, заманауи цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Штаб өкілдері «Әділет» партиясының бағдарламасында білім беру саласына қатысты қарастырылған бағыттар туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, азаматтардың сапалы білім алуына жағдай жасау, еңбек нарығына қажетті жаңа дағдыларды меңгеру мүмкіндіктерін кеңейту, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту және білім беру ортасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бастамалар таныстырылды.

Сондай-ақ кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, жұмыспен қамту, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект технологияларын меңгеру мәселелері жөнінде пікір алмасылды.

Еңбек адамының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне де назар аударылды.

Кездесу соңында №51 жалпы орта мектебінің педагогтері білім беру сапасы, мұғалім еңбегінің бағалануы және саладағы өзекті мәселелер жөнінде өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар қойылған сұрақтарды талқылап, пікір алмасты.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button