АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ДАМУЫ – БІЛІМ САПАСЫНЫҢ НЕГІЗІ

Ақсай ауылдық округінің Жауғашты ауылындағы №27 орта мектепте «Әділет» партиясының сайлауалды штабы өкілдері еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында ауыл мектептеріндегі білім сапасы, педагогтерді қолдау және оқушыларға заманауи білім алуға жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Кездесуде «Әділет» партиясының бағдарламасында көрсетілген ауыл мектептерін әдістемелік қолдау бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, білікті мұғалімдерді ауылдық және шалғай елді мекендерге тарту, шағын жинақты мектептерге тұрақты әдістемелік көмек көрсету мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар ауыл оқушыларының ағылшын тілін меңгеру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған «English ауылда» бағдарламасы, математика мен физиканы оқыту сапасын арттыру және оқушылардың инженерлік-техникалық бағыттарға қызығушылығын дамыту ұсыныстары сөз болды.
Мектеп ұжымы ауыл мектебінің білім беру үдерісіне қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Кездесу барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.



