Без рубрики

Іле ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

19 тамыз күні Өтеген батыр ауылында аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, Алматы облысы еңбек мобильділігі орталығының Іле ауданы бойынша Мансап орталығы, Жастар ресурстық орталығы және пробация қызметінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Алматы облысының еңбек мобильділігі орталығы филиалының Іле ауданы бойынша Мансап орталығының директоры Галия Есенгелдінің айтуынша, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыс іздеушілерді тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту және азаматтарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы кеңес беру.

«Бүгінгі жәрмеңке жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңда кездестіруге мүмкіндік беріп отыр. Біз азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасу, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу және кәсіптік бағдар алу бойынша кеңес беріп жатырмыз. Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалардың да жұмыспен қамтылуына жәрдемдесіп, жұмыс берушілерге өздеріне қажетті мамандарды тікелей іріктеуіне мүмкіндік жасауды көздедік», – деді Галия Есенгелді.

Жәрмеңкеге білім беру, денсаулық сақтау, сауда, өндіріс және қызмет көрсету салаларынан 30-дан астам жұмыс беруші қатысып, 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында «Волковгеология» АҚ, «Абди Ибрагим Глобал Фарм», «Ордабасы-Сарбаз-А», «Тангенс», «Raimbek Agro», «Медиатекс-Н», «Gold Service» компаниялары мен аудан мектептері бар.

Жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары азаматтардың түрлі санаттарын еңбекке тартуға мүмкіндік берсе, жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілер өздеріне қолайлы ұсыныстармен танысып, жұмысқа орналасу мәселесі бойынша тікелей кеңес алды.

Жәрмеңкеге 150-ден астам азамат қатысты. Олардың арасында пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар, NEET санатындағы жастар, сондай-ақ алимент бойынша берешегі бар тұлғалар болды. Қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, түйіндемелерін ұсынып, бос жұмыс орындары мен еңбек жағдайлары туралы ақпарат алды.Іле аудандық прокуратурасының прокуроры Алихан Елеуовтің айтуынша, пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту – қылмыстың қайталануының алдын алудағы маңызды бағыттардың бірі.

«Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – пробация қызметінде тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасау. Осы жәрмеңкені пробация қызметімен және Мансап орталығымен бірлесіп өткізіп отырмыз. Азаматтарды жұмыспен қамту арқылы олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау маңызды», – деді Алихан Елеуов.

Оның айтуынша, алдын алу жұмыстары тек жұмыспен қамтумен шектелмейді. Пробация есебіндегі азаматтар спорттық шараларға тартылып, футбол, волейбол, баскетбол сияқты түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жобасы аясында абаттандыру және тазалық жұмыстарына қатысады. Заң талаптарын сақтау және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында кездесулер мен ашық сот процестері де өткізіледі.

Ал Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің Іле аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Данияр Ахметов жәрмеңкеге пробация есебінде тұрған 50-ге жуық азамат келгенін атап өтті.

«Есепте тұрған сотталған азаматтардың жұмыспен қамтылуы өте маңызды. Адам жұмыс істеп, тұрақты табыс тапса, оның өмірін қалыпқа келтіруге, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік артады. Сондықтан осындай шараларға азаматтарды өзіміз шақырып, қатысуына жағдай жасап отырмыз», – деді Данияр Ахметов.

Жәрмеңкеге қатысқан пробация есебіндегі азаматтардың бірі Назым Жанбосынова пробация қызметі мен Мансап орталығының көмегімен жұмысқа орналасуға мүмкіндік алғанын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін жұмыссыз жүрген, ал жәрмеңке барысында Алматы облысы бойынша жұмысқа орналасуға жолдама алған. Ол көрсетілген қолдау үшін пробация қызметкерлеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта тұрақты еңбек етуге ниетті екенін жеткізді.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша 25 азамат тұрақты жұмысқа және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолдама алды. Оның ішінде 2 адам жастар практикасына, 5 адам қоғамдық жұмысқа бағытталды.

Сонымен қатар Мансап орталығының мамандары жұмыссыз азаматтарға білім беру бағдарламалары, кәсіптік оқыту, жалақы деңгейі және мансаптық мүмкіндіктер жөнінде ақпарат беріп, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы да кеңес берілді.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір алаңда тоғыстырып, азаматтардың еңбек нарығына шығуына нақты мүмкіндік берді. Әсіресе пробация есебіндегі тұлғалар үшін тұрақты жұмысқа орналасу – қоғамға бейімделу мен құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.

 

Диана Бақытқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button