Мемлекет басшысы AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында сөз сөйледі
2026 жылғы 01 қазан
Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінде Digital Bridge форумы Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналғанын атап өтті.
Президент қазіргі аса қарқынды, құбылмалы және озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңызына тоқталды.
– Күллі әлем жұртшылығы жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып жатыр. Себебі жасанды интеллектінің ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Оған бәріміз де куә болып отырмыз. Осы орайда, AI & Digital Bridge форумының мазмұны да жыл өткен сайын жаңа сипатқа ие болуда: жаңа өзекті мәселелер пайда болды, қатысушылардың ауқымы да ұлғайды. Форумда цифрландыру тақырыбынан бөлек, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, индустрия саласындағы жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасулар өтуде. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстардың алтын көпірі ретінде табысты қызмет етуде. Форумның түпкі мақсаты да, басты міндеті де, миссиясы да – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



