Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты «Алтын қыран» орденімен марапаттады

Президент Оман Сұлтанының сапары тарихи сипатқа ие екенін тілге тиек етіп, оның екіжақты байланыстарға шын мәнінде серпін беретінін айтты.
– Оман – Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі. Ынтымақтастығымыз отыз жылдан бері өзара сенім, түсіністік пен қолдау рухында өрбіп келеді. Бүгін Сізбен Астана төрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды елеулі тарихи деңгейге көтергелі жатырмыз. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Сондықтан мұны елімізге көрсеткен ерекше сый-құрметіңіз, сондай-ақ қос тараптың сауда-саттық пен өзара мүддеге сай келетін барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдіретін нышан деп білемін. Дәстүрлі мұнай мен газ секторын немесе көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды, сонымен қатар сауда байланыстары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жолға қою мүмкіндіктері жөнінде өзара ақпарат алмасуды осындай маңызды салалардың қатарына жатқызуға болады. Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз. Біз де еліңіздің сенімді әріптесі болуға барынша күш саламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



