Мамандық таңдау – маңызды шешім

Қазіргі таңда мамандық таңдау – әрбір жастың өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Себебі мамандық адамның болашағына, өмір салтына және қоғамдағы орнына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл шешімді қабылдауда асығыстыққа жол бермей, өз қызығушылығың мен қабілетіңді ескеру қажет.
Көптеген жас мамандық таңдағанда ата-анасының пікіріне, достарының кеңесіне немесе қоғамдағы сұранысқа сүйенеді. Әрине, жақын адамдардың кеңесі маңызды. Алайда адамның өз қалауы мен мақсаты да ескерусіз қалмауы керек. Өзі қызықпайтын мамандықты таңдау болашақта оқуға деген ынтаның төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Мамандық таңдауда ең алдымен адамның қабілеті мен қызығушылығын анықтаған дұрыс. Мысалы, адамдармен сөйлескенді, ақпарат жинап, жаңалық жазғанды ұнататын жастар журналистика саласын таңдай алады. Ал техникаға қызығатындар инженерлік бағытқа, адамдарға көмектесуді қалайтындар медицина саласына бет бұруы мүмкін. Ең бастысы – өзіңе сәйкес келетін бағытты табу.
Сонымен қатар қазіргі заманда еңбек нарығындағы өзгерістерді де ескерген жөн. Жаңа мамандықтар пайда болып, кейбір салаларға сұраныс артып келеді. Сондықтан болашақ маман тек білім алып қана қоймай, үнемі ізденіп, жаңа дағдыларды меңгеруі қажет.
Менің ойымша, мамандық таңдау – тек оқу орнын таңдау емес, ол өз болашағыңа жауапкершілікпен қарау. Жас адам өз мақсатын анықтап, таңдаған саласы туралы көбірек ақпарат жинап, тәжірибелі мамандардың пікірін тыңдауы керек. Қателесуден қорықпай, өз қабілетін дамытуға ұмтылған адам алға қойған мақсатына жете алады.
Мамандықты дұрыс таңдау адамның өзіне деген сенімін арттырып, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір жас өз болашағын саналы түрде жоспарлап, жүрек қалауына және мүмкіндіктеріне сай шешім қабылдауы қажет.
Болашақ бүгінгі таңдаудан басталады!
Абдимажин Динара
ҚазҚЖжӘТУ,1-курс студенті
Журналистика факультеті



