ІЛЕ АУДАНЫНДА «QASYNDAMYN» ФОРУМЫ ӨТТІ

Баланы тыңдау – түсінудің, ал түсіну – сенімнің бастауы.
2 қарашада Іле ауданының Өтеген батыр ауылында «Бала жүрегіне жол: түсіну, сенім, қолдау» тақырыбында «QASYNDAMYN» форумы өтті.
Н. Тілендиев атындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шарада жасөспірімдер психологиясы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас және отбасындағы эмоционалдық қолдау мәселелері талқыланды.
Форумның басты спикері, 12 жылдан астам тәжірибесі бар гештальт-психолог Лейла Мирас жасөспірімдердің ішкі жан дүниесін түсіну, олардың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқау және сенімді қарым-қатынас орнату жөнінде тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға маманнан жауап алды.
Іс-шара барысында Лейла Мирасқа Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің атынан алғыс хат табысталды.
Форум ата-аналарға бала тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауға, өзара түсіністік пен сенімнің маңызын тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.
Өйткені балаға ең алдымен ақыл айтатын емес, оны тыңдайтын, түсінетін және жанынан табылатын ата-ана қажет.



