Без рубрики

Конституция – қоғамдық бірліктің және тұрақты дамудың негізі

Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің болашағы ең алдымен ел ішіндегі тұрақтылыққа, азаматтардың өзара түсіністігіне және ортақ құндылықтарға деген құрметіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі рөлі ерекше.

Менің ойымша, ел бірлігі дегеніміз – тек бейбіт өмір сүру ғана емес, сонымен қатар әр азаматтың қоғамдағы орны мен жауапкершілігін сезінуі. Әрбір адамның ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайына және дүниетанымына қарамастан, заң алдында тең болуы – әділетті қоғамның басты шарты. Бұл қағидаттар адамдар арасындағы сенімді нығайтып, ортақ болашаққа деген жауапкершілікті қалыптастырады.

Бүгінде еліміздің басты жетістіктерінің бірі – түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі. Қоғамдағы келісім өздігінен қалыптаспайды. Оның негізінде өзара сыйластық, төзімділік, мәдени құндылықтарды құрметтеу және азаматтық жауапкершілік жатыр. Сондықтан бұл құндылықтарды сақтау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп санаймын.

Әсіресе, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, заңға құрмет және қоғамдық жауапкершілік қасиеттерін сіңіру маңызды. Себебі бүгінгі ұрпақтың көзқарасы мен ұстанымы ертеңгі қоғамның келбетін айқындайды.

Конституцияның мәні оның баптарымен ғана шектелмейді. Оның шынайы құндылығы – заң талаптарының күнделікті өмірде орындалуында, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуында және қоғамда әділдік қағидаттарының орнығуында.

Мен ЛОМ өкілі ретінде елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтауда әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымы маңызды деп есептеймін. Өйткені мемлекет болашағы – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болса, кез келген биік мақсатқа қол жеткізе аламыз. Конституцияға құрмет – ортақ құндылықтарымызға, ел болашағына деген құрмет!

Жабиева Мейрамкуль Туйебаевна
Іле аудандық қоғамдық келісім және даму орталығының жетекшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button