ІЛЕ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

3 қараша күні ауданымызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Өтеген батыр ауылында ұйымдастырылған жиынға республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, ауданның әлеуметтік қорғау және білім беру салаларының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттердің мән-маңызын кеңінен түсіндіру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды талқылау және тұрғындармен ашық пікір алмасу.
Жиынға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов модераторлық етіп, Президент Жолдауында белгіленген басым бағыттардың өңір дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекет басшысының Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Онда көтерілген бастамалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы нығайтуға және өңірлердің әлеуетін дамытуға бағытталған. Біздің басты міндетіміз – осы бастамаларды нақты істермен жүзеге асыруға атсалысу. Бұл ретте қоғаммен ашық диалог орнатудың маңызы зор», – деді аудан әкімі.

Кездесуде алғашқы болып сөз алған ақын, журналист, публицист, қоғам қайраткері, Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты Жанарбек Әшімжанов Жолдаудың тарихи және қоғамдық маңызына тоқталды. Ол ел дамуының жаңа кезеңінде ұлттық құндылықтарды сақтау, қоғамның бірлігін нығайту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекет дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Қоғамның рухани жаңғыруы, білімді ұрпақ тәрбиелеу және әр азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарауы да маңызды. Сондай-ақ ол Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда қоғамдық келісім мен ортақ мақсат жолындағы бірліктің ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Келесі сөз кезегін алған Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты Мейраш Шынасылова адами капиталды дамыту, білім беру сапасын арттыру және жастардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне назар аударды.
«Еліміздің тұрақты дамуының негізгі тірегі – білімді, білікті және еңбекқор азаматтар. Бүгінде ғылым мен технология қарқынды дамып, еңбек нарығына жаңа талаптар қойылып отыр. Сондықтан жастардың сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және өз қабілеттерін жүзеге асыруына жағдай жасауымыз қажет. Бұл – еліміздің болашағына салынған маңызды инвестиция», – деді Мейраш Шынасылова.
Сонымен қатар ол қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастар мен қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік бастамаларды іске асырудағы рөліне тоқталып, ел дамуына әрбір азаматтың үлес қосуы маңызды екенін атап өтті.
Жиында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев әлеуметтік саясаттың басым бағыттары туралы баяндады.
Ол халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Вице-министрдің айтуынша, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыруға және әлеуметтік осал санаттарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге басымдық берілуі тиіс.
Кездесуде Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.
«Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы халықтың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Инфрақұрылымды дамыту, жолдардың сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті қолдау – тұрғындар үшін өзекті бағыттар. Сондықтан бұл міндеттердің орындалуы нақты нәтижелермен өлшенуі тиіс. Осы ретте қоғам мен биліктің бірлескен жұмысы аса маңызды», – деді Мәден Мұсаев.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған инфрақұрылым мен құрылыс саласын дамыту, салық жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, адами капиталды нығайту, ғылым мен технологияны ілгерілету және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағыттары жан-жақты талқыланды.
Әсіресе Іле ауданы үшін инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, қатысушыларға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Мұндай кездесулер мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тұрғындарға түсіндірумен қатар, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Жиын соңында Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне ауданға арнайы келіп, маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және тұрғындардың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.
Өз тілшіміз



