ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ТАЗА ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ

Іле ауданында «Жас прокурорлар көмекшілері» байқауы өтті
2026 жылғы 10 қарашада Іле ауданы, Екпінді ауылындағы №2 орта мектепте «Заң мен тәртіп – таза қоғамның негізі» тақырыбында «Жас прокурорлар көмекшілері» аудандық байқауы өтті.
Іс-шараның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.
Байқаудың құрметті қонағы – Алматы облысы білім басқармасының Облыстық әдістемелік орталығының әдіскері Исатай Сатаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде командаларын таныстырса, екінші кезеңде құқықтық жағдаяттарды шешіп, тергеу және талдау тапсырмаларын орындады. Ал соңғы кезеңде әлеуметтік жобаларын қорғап, азаматтық ұстанымдарын ортаға салды.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды №2 орта мектептің «Әділет сақшылары» командасы иеленді. ІІ орын №55 мектепке, ІІІ орын №27 орта мектеп командасына бұйырды. Сондай-ақ үздік командалық жұмыс, үздік таныстырылым және үздік әлеуметтік жоба номинациялары бойынша қатысушылар марапатталды.
Тағылымы мол шара оқушылардың құқықтық білімін жетілдіріп, заң мен тәртіпті құрметтеуге, әділетті қоғам қалыптастыруға деген жауапкершілігін арттырды.
Заңды құрметтеген ұрпақ – әділетті қоғамның кепілі!



