Цифрлық дәуірдегі адам құқығы – Конституциялық қорғаудың маңызды бағыты

Қоғамның цифрлық трансформациясы адам өмірінің жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты тың міндеттерді де алға шығаруда. Бүгінде жеке деректердің қауіпсіздігі, ақпараттық кеңістіктегі жеке өмірге қол сұғылмаушылық және цифрлық ортадағы заңдылық мәселелері ерекше өзектілікке ие.
Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті айқындайтын, әрбір азаматтың құқықтық қорғалуына негіз болатын басты құжат. Оның аясында адамның жеке өміріне қол сұғылмаушылық, хат жазысу құпиясы мен дербес деректерін қорғау құқықтарының маңызы арта түседі.
Әсіресе, интернет кеңістігінде азаматтардың жеке мәліметтерін заңсыз пайдалану, рұқсатсыз тарату және ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру сияқты мәселелер қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттырумен қатар, әр адамның өз құқықтарын білуі және өзгелердің жеке кеңістігіне құрметпен қарауы маңызды.
Менің пайымдауымша, Конституцияның құндылығы – оның тек құқықтарды белгілеуінде емес, сол құқықтарды күнделікті өмірде жүзеге асыруға беретін кепілдігінде. Цифрлық технологиялар қаншалықты дамыса да, адам құқығы мен жеке басының қадір-қасиеті басты орында қалуы қажет.
Құқықтық мәдениеті жоғары қоғам – өз құқығын білетін, заң талаптарын құрметтейтін және ортақ жауапкершілікті сезінетін азаматтардан қалыптасады. Демек, Конституциялық қағидаттарды сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.



