ІЛЕ АУДАНЫНДА БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БОЙЫНША 68 ОТБАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Іле ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның 21 отырысы өткізіліп, 68 отбасының мәселесі қаралды. Сонымен қатар, комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес 42 мәселе талқыланды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, 12 ата-ана мен өзге де заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 кәмелетке толмаған бала уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ, 5 ата-анаға қатысты ата-ана құқықтарын шектеу, 4 ата-анаға қатысты ата-ана құқықтарынан айыру бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Білім беру бағытында 11 бала кешкі мектепке, 5 бала басқа білім беру ұйымдарына ауыстырылса, 6 бала арнайы мектепке оқуға жіберілді.
Әлеуметтік қолдау аясында 12 отбасы «Жанұя» отбасын қолдау орталығына жолданып, 2 отбасыға демеушілік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 3 ата-ана нарколог дәрігердің есебіне алынып, емделуге жолданды.
17 отбасыға отбасындағы жағдайды түзету үшін уақыт беріліп, олар бақылауға алынды.
Іле ауданы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Асқар Садықов өз сөзінде профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
«Әрбір баланың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Сондықтан туындаған мәселелерді шешумен қатар, олардың алдын алуға, отбасыларға уақытылы қолдау көрсетуге және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейтуге басымдық беруіміз керек», – деді Асқар Садықов.
Қазіргі таңда комиссия тарапынан қабылданған шешімдердің орындалуына бақылау жүргізіліп, отбасылармен профилактикалық жұмыстар жалғасуда.



