ҰЛТТЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ
Әрбір адамзаттың жүрегінің төрінен орын алып, көңілінде бозторғайдай сайраған бір үн болса, ол – оның ана тілі. Біз тілдің күнделікті тірлікте бір адамның екінші адаммен, бір ұлттың келесі ұлт өкілімен, тіпті мемлекет пен мемлекеттің арасындағы өзара қарым-қатынас құралы екенін білеміз. Алайда, біз осыдан әріге бардық па? Тілдің қадіріне жете алдық па? Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ тіл туралы пікірінде: «Ф. Энгельс «адамды адам еткен – еңбек» десе, осыған орайлас, «адамды адам еткен тіл» деуге де болды. Тіл – адамзат баласының қоғамдық-әлеуметтік дамуының бірден-бір көрсеткіші» — дей келе, тіл мен ұлттың ажырамас бөлік екеніне баса мән береді. Ғалымның бұл пікірі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған ұлттың – өзі жоғалады» деген қанатты сөзімен үндесіп, Ахаңның сөзін тарқата, қарапайым тілмен жіліктеп, айтқандай әсер қалдырады. Иә, тіл – ұлттың ұлттығын айғақтайтын ең асыл қасиеттерінің бірегейі. Тіл жоқ жерде ұлт болмайды, ал, сол тілде сөйлейтін халық жоқ жерде тіл де өз өмірін тоқтатып, өлі тілдер қатарына қосылады.
Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішінде ең кеңінен тараған, сонау көне дәуірден қаймағы бұзылмай келе жатқан тілдердің бірі. 2017 жылы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» атты қабылдаған қаулының негізінде Қазақстан халқының тілдері күні 22 қыркүйектен 5 қыркүйекке ауыстырылған еді. Аталмыш мерекелік күн тектен тек ауыспады. Бұл күн – қазақ тілінің келешегі үшін жан аямай еңбек еткен, тіл ғылымының негізін салушы ғалым, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ахметтің қазақ халқы мен қазақ тілінің өркендеуіне, ғылым тілі болуына үлкен үлес қосқанын ескере келе қабылданған бұл қаулы ұлы ғалымның алдындағы ұрпақтық парызымыздың бір парасы деп білемін. Осыған орай, 2020 жылдың 5-22 қыркүйек аралығында ауданымыздағы барлық білім мекемелерінде Тілдер мерекесіне орай жоспар құрылып, өткізілген іс-шаралар өз кезегінде мек-тептердің және аудандық білім бөлімінің әлеуметтік желі парақшаларына жарияланды. Карантин жағдайына қарамастан, тіл мамандары мен сынып жетекшілері ерекше белсенділік таныта білді.
Өңіріміздегі мемлекеттік тілдің абыройын асқақтататын шаралар тек апталық не айлық шеңберінде ғана қалып қоймай, басқа мезгілдерде де өз жалғасын тауып отырды. Мәселен, ауданымыздағы іргелі білім ордасының бірі Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Тілі бірдің – тілегі бір» атты шаралар кешені өткізілді. Шара барысында пән мұғалімдері тіл туралы толғаныстарын айтып бейнеролик түсірді. Ақынжанды кей ұстазымыз ана тілі туралы ішкі тебіренісін өлең жолдарымен жеткізді. Сондай-ақ, іс-шара аясында оқушылар да өзіндік үлестерін қосып, өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілге деген құрметін қазақ халқының асыл тұлғаларының тіл туралы айтқан даналық сөздерін жатқа оқу арқылы білдірді. Шәкірттер ақындардың тіл туралы өлең-жырларын жатқа оқып, тамылжыта ән шырқады. Білікті мамандардың ұйымдастыруымен өткен тіл туралы мүшәйрада да ақынжанды шәкірттеріміз өздерінің таланттарымен, дарындарымен ерекшелене білді.
Иә, «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын?!» — деп даналар айтқандай, ұстаздарымыз жас ұрпақтың бойына бала кезден мемлекеттік тілге деген махаббат пен сүйіспеншілікті, өр рух пен жалынды жігер, ұлттық намысты сіңіруде. Себебі, ұлттың ұлт болып сақталып қалуының алтын діңгегі тіл болса, сол тілдің келешек ғасырға дейін жетуі бүгінгі жас ұрпақтың қолында екенін ұмытпайық.
А. Ержанов,
№7 орта мектептің мұғалімі