Талдықорғанның коттедж қалашығында 56,6 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады
Жетісулықтардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен Талдықорғанда 620 Үйге арналған коттедж қалашығының құрылысы жүргізілуде. Соңғы екі жылда коттедж қалашығында 35 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, 386 отбасы баспаналы болды.
Басым үлесі тұратын — көп балалы отбасы. Сондай-ақ жалғызбасты аналар, жетімдер мен мүгедектер. Ал өткен жылы тұрғын үй беру кезінде медицина қызметкерлеріне үлкен көңіл бөлінді. «Тәуелсіздікке тарту: 30 күнде 30 нысан» акциясы аясында 120 үйдің 30 – ы денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне берілді.
2021 жылдың соңына дейін жаңа тұрғын ауданда 900 орындық жаңа мектеп пен 300 орындық балабақша өз есігін айқара ашады. Сондай-ақ, ауданы 312 шаршы метр болатын спорт стадионының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, жақын арада жас жетісулықтарды жалпы ауданы 3500 шаршы метр футбол, баскетбол, волейбол алаңдары қуантады. Кішкентайлар үшін балалар ойын алаңы ашылды.
Бұдан басқа, жақын арада мұнда саябақтар және тұрғын үй кешенін дамытуға қажетті басқа да маңызды инфрақұрылымдық нысандар пайда болады.