Аудан жаңалықтарыЗнай нашихҚоғамТұлға

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ – АУЫР

Қай деңгейде болмасын депутаттан үлкен жауапкершілік талап етіледі. Оған артылатын аманаттың, жүктелетін міндеттің салмағы қашан да ауыр. Әсіресе, халықпен біте қайнасып, күнделікті арасында жүретін аудандық мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы делдалдың рөлін атқарады. Өйткені, халықты қолдау, оның мәселесін шешу мәслихат депутаттарының басты міндеті десек, мұны аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Лесұлы Түймелиев жақсы түсінеді. Жалпы Іле ауданының «Құрметті азаматы», Ауған соғысының ардагері, кәсіпкер Нұрлан Лесұлы Түймелиевті осы өңірде білмейтіндер жоқ десем, қателесе қоймаспын. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы өзінің кәсібін дөңгелентіп, тіршілігін алға жылжытып отырған Нұрлан бауырымыз ең алдымен жүрегінің кеңдігімен, қолының ашықтығымен, қайырымдылығымен көзге түскен жан. Реті келгенде біз аудандық мәслихат депутаты, мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлерінің аудандық қорының төрағасы Нұрлан Лесұлын кездесуге шақырып, әңгімеге тартқан едік.

– Нұрлан Лесұлы сіз үшін депутат болу дегеніміз не?

– Депутат болу маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ол жай ғана нәрсе емес. Депутаттық мінберге шын ықыласыңмен келу керек. Ең алдымен Отансүйгіш, халықшыл болу керек. Қай кезде болмасын халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, құқығын қорғай білген жөн. Өйткені, сені сол халық сайлады, саған сеніп аманатын артады. Ал, аманатқа адалдық таныту депутаттың басты міндеті. Адалдық – адам бағасының өлшемі болып табылады. «Адалдық» деген сөз шыншылдық, айнымастық, турашылдық,  мәрттік сияқты асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады.Кезінде Абай атамыз «Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге», – деп айтқанындай ең алдымен халықтың алдында адал болу керек.

– Депутат ретінде ең алғаш атқарған жұмысыңыз туралы айтып кетсеңіз?

– Кейбіреулердің депутатты тек қайырымдылық жасаушы адам деп түсінуі мүлде дұрыс емес. Мен өзім депутат болмай тұрып-ақ бұрыннан қайырымдылық шараларына белсене қатысып келемін. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру менің азаматтық ұстанымым. Дей тұрғанмен депутат болғалы тіптен жағдайы жақсы адамдардың менен қаржылай көмек алғысы келетіндігі басында таңқалдырды. Олармен әңгімелесіп депутаттың қайырымдылық қор емес, оның бұқара мен биліктің арасындағы көпір, халықтың жанайқайын жеткізуші дәнекерші адам екендігін түсіндіргеннен кейін көзқарастары өзгерді. Ал, енді ең алғашқы атқарған жұмысыма келетін болсам, туған немересін қамқоршылыққа алуда көп қиындық көріп, талай есікті тоздырған Өтеген батыр ауылының тұрғыны Ибрагимов Мирсадыққа көмектесіп, аудандық білім бөлімінің қамқоршылық кеңесімен бірлесе отырып құжаттарын реттестіріп, мәселесін шешіп бердім. Сонымен бірге екі жылдан бері үйіне көгілдір отын кіргізе алмай жүрген Ауған соғысының ардагері Нұрдәулетов Есенгелді деген азаматқа құжаттарын жөнге келтіріп, үйін газға қостырдым. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Наурыз мерекесіне орайластырып оқушылар арасында «Елім, деп соғар жүрегім» атты патриоттық әндер байқауын өткіздім. Оқушыларға патриоттық тәрбие беріп, олардың Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, өнерге қанаттандыру мақсатындағы байқауға 45 оқушы қатысып, оның 15-і финалға шықты. Жеңімпаздарды ынталандыру үшін 500 мың теңге көлемінде өз атымнан жүлде қорын тағайындадым. Финалға өткен 15 бала жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлініп ән шырқады. Олар 6-10, 10-13, 13-16 жас аралығындағы оқушылар. Депутат болғалы бері 30 адамға нақты қаржылай көмектестім. Ұлыстың ұлы күнінде 8 отбасына әрқайсысы 20 мың теңгені құрайтын азық-түлік себетін апарып бердім. Қаржылай көмектен басқа бірқатар көпбалалалы аналарға үй құрылысына қажетті заттарды түсіріп бердім.

– Жаңа бір сөзіңізде қайырымдылық шараларына белсене қатысамын деп айтып қалдыңыз. Бұл сіздің дәулетіңіздің тасығанынан елдің көзіне түсу ме, жоқ әлде жомарттығыңыздан ба?

– Мен көп балалы отбасында тәрбиелендім. Біз үйде 11 ағайынды болдық. Әкем ауылдың шағын дүкенінде сатушы болды. Сонда әкем Лес жағдайы төмен отбасыларының балаларына шамасы келгенше көмектесіп тұратын. Анам Захира да қолындағысын ешкімнен аямайтын жомарт жан болды. Бізді де соған үйретті. Мен кәсіпкерлікпен айналысқалы мүгедектерге, жалғызбасты қарттар мен аналарға, ардагерлерге, тұрмысы төмен жандарға қайырымдылық көмегін жасап келемін. Мүгедектер мен ауған соғысы ардагерлерінің жеке қайырымдылық қоры осы мақсатта құрылған. Мұның сыртында аптасына жоқ дегенде 7-8 адамды жеке дәмханамызда тегін тамақтандырамын. Тіптен адасып жүріп дәмханаға кіріп кеткен адамдарды да сыйлап жібереміз. Жақында ғана жасы егде тартқан, аяғы ауыратын анамыз «Казтелекомның» ораналасқан жерінің қайда екендігін сұрап, дәмханаға кіріпті. Көшеде жөн сұраған адамдар білмейміз деп айтқан соң амалсыз дәмханаға кірдім, – дейді. Өзінің шаршап тұрғандығы білініп тұр. Денсаулығы да мәз емес сияқты.  «Апа, асықпай дем алыңыз», — деп, дастарханға шақырып, тамақ, шәй бердік. Содан соң көлігіммен апаны іздеген жеріне апарып салдым. Мұндай жағдайлар менде жиі болып тұрады. Халыққа жақсылық жасағаннан табысым азайып қалмайды ғой, керісінше алғыс арқалап, көңілім көтеріледі емес пе.

– Депутат атқарушы органмен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шешуге бірлесе атсалысатын тұлға.

– Дұрыс айтасыз. Мен ең алдымен «Nur Otan» партиясы атынан сайланғандықтан да ең алдымен партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруға күш салмақпын. Өйткені, бұл бағдарламада халықтың әлауқатын арттыруға бағытындағы шаралар тегіс қамтылған. Округ тұрғындарының аманатын арқалаған соң оларды мазалап жүрген мәселелерді билік алдында көтеріп, сайлаушылардан түскен ұсыныстарды партияның сайлауалды бағдарламасы аясында шешілуіне ықпал етемін. Маған келетін адамдардың көбі округтағы жол, жарық, су мәселесін көтереді. Жер ала алмай жүрміз дейтіндер де көп. Шамамен күніне 3-4 адам қабылдауымда болады. Олардың әрқайсысына заң шеңберінде жауап беріп, атқарушы органдарға көтерген мәселелерін хабарлап отырамын. Өкілетті органдардың берген жауабына байланысты істің шешілетінін немесе шешілмейтінін нақты айтамын. Бұл жерде менің мамандығымның заңгер болғандығының да пайдасы тиіп жатыр.

Мамандығым заңгер деп айтып қалдыңыз. Ал, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

Мен жоғары білімді заңгермін. Институт бітірген соң 10 жыл ішкі істер саласында қызмет атқардым. Алайда, нарықтық экономика алғаш төрімізге шыққан жылы, айлап жалақы алмай, қиналдық. Бала-шағаны асырау керек болды. Содан сауда саласына кеттім.Басында азық-түлікті базарда сатып жүріп, тамшыдан теңіз дегендей, шағын дүкен аштым. Сөйтіп, ақырындап, табысты молайтып, дәмхана ашуға мүмкіндік туды. Жұбайым Гүлмира екеуміздің кәсіпкерлікпен айналысқанымызға 30 жыл болды.Яғни, біз еліміз тәуелсіздік алған жылдары кәсіпкерлікті бастадық. Шүкіршілік, үш баламызды оқытып, қатарға қостық. Ұлымыз Арман мен қызымыз Ақбота өз мамандықтары бойынша еңбек етеді. Барлығы жоғары білімді. Кенже ұлымыз Жандос «Гүлдер» дәмханасының жұмысын жүргізеді. Құдай берген 7 немереміз бар. Осылайша кәсібімізді дөңгелетіп, өзімізге тиісті нәсібімізді теріп жеп жүрген жайымыз бар. Өзіміздің қажетімізден артылған табысымызды ретіне қарай қайырымдылық шарасына жұмсаймыз. «Қайырымдылық – сауапты іс», — деп атам қазақ бекер айтпаған ғой.

– Уақытыңызды бөліп, бізбен сыр бөліскеніңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін.

Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button