МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ «ТҮРКІСТАН» ӨЛЕҢІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ РУХ
Елдана БОЛАТХАН,
№7 орта мектептің 6 «Б» сынып оқушысы
Жетекшісі: Ержанов Алмат Ергешбаевич,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қазақ поэзиясына Абайдан кейін жаңалық болып келген, қазақтың өлең өрнегін мың құбылта жырлаған ақын – Мағжан Жұмабаев. Мағжанның шығармашылығы тек қана формасының жаңашылдығымен емес, әр өлеңі үлкен бір ұғымға ие болуымен, ой өрісі мен тіркестерінің ұтымдылығымен ерекшеленеді. Мағжан – қазақ халқының ұлттық ұлы ақыны. В.Г.Белинский «ұлттық» деген мағынаны «халықтық» деген ұғымнан әлдеқайда кең түсіндірген. Оның айтуы бойынша, «халық деген мемлекеттің барлық өмір сүретін адамдарының басым көпшілігі, оның төменгі негізгі бөлігі, ал, «ұлт» дегенге бүкіл халық, оның мемлекеттік денені құрайтын жоғарыдан төменіне дейінгі барлық саны кіреді. Ұлттық ақын өз шығармаларында халықтың басым көпшілігіне тән құбылыс арқылы бүкіл ұлттық тұтас дененің қозғалысын бейнелейтін өмір шындығын ашады, оның ұлттың саналы, білімді бөлігінің ой-жүйесіндегі көрінісін суреттейді. «Ұлттық ақын болу – ұлы іс» [1. 398].
Мағжан Жұмабаевты «ұлт ақыны» дейтініміз, оның шығармашылығында ұлттық рух, қазақылық болмыс мен мұндалап тұрады. Себебі, ақынның қай өлеңін алып қарасақ та, өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігін, өз ұлтын мақтанышпен, ерекше құрметпен жақсы көретінін байқау қиын емес. Мағжан күллі түркі әлемінің озық ойлы ұланы. Оның «Түркістан» атты өлеңіне назар аударайықшы:
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой [2. 174]– деп, Түркістан деп қазіргі еліміздің оңтүстігінде орналасқан қаланы емес, күллі Дешті Қыпшақ даласын, қазіргі Қазақстан территориясын айтып отырғаны белгілі. Ғасырлар қойнауына көз жүгіртсек, Азия мен Еуропаға ашылатын қақпа, кезіндегі Ұлы Жібек жолында Қытай мен Византияны, Үндістан мен Ағылшын, француз елдерін бір-бірімен байланыстырып, Шығыс пен батысқа алтын көпір болған ұлан-байтақ қазақ жері – Екі дүниенің есігі емей не? Қазір ғылым дамып, Қазақстанда Д.Менделеев кестесіндегі 108 элементтің жүзден аса түрі кездесетіні дәлелденді. Еліміз кей пайдалы қазба жөнінен әлем халықтарынан көш ілгері тұр. Бұл – бізге берген Тәңірдің сыйы емес пе? Осынау әр жолына терең мағына сыйдырған, өз елін, өз жерін мақтанышпен жырға қосқан ақынды ұлтын сүйген ақын емес деп кім айта алар?
Әрі қарай оқысақ:
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей [2. 174].
Ақынның осы шумақтарынан сонау сақ, ғұн дәуірінен, кешегі Түрік қағанаттарынан, Мөде, Күлтегіндердің заңды жалғасы Шыңғыс хан құрған алып империяның, кешегі Алтын Орданың мұрагері Қазақ хандығының басынан кешкен жаугершілік заманды көз алдымызға елестетуге болады. Толқымалы тағдырда қуанышты да, қайғыны да, жаулауды да, дұшпанның қапыда бас салуын да көп көрген, отты желдей лаулаған дәуір өртінің арасынан аман шыққан халықтың тарихы теңізден терең ойға жетелейтінін дөп басып айтқан.
Мағжан тарихты әріден тартып, Алып ер Тұңға (Афрасияб) дәуірінен бері жарты Азия, күллі түркі дүниесін билеген ұлы хандардың қысқаша шежіресін жасап кеткен ақын. Қазақ хандығының бастауында Шыңғысхан тұрғанын шежіреден білетін ақын былай дейді:
Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер.
Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле
Атаға тартып туған бәрі бөрі.
Шыңғыстың қол бастаған екі көзі —
Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе [2. 175].
Кей кісілер секілді Мағжан Шыңғысханнан жеріп отырған жоқ. Керісінше, ала көшпенділерінің басын қосқан алып тұғаға теңеп, адамзат баласында екінші Шыңғысхан тумайтынын айта келіп, «түркі дүниесі Шыңғыстың атымен рухтанып, жүрегіне жігер алады» — дейді. Түркі дүниесінің бөлінуін Мағжан Шыңғыстың төрт ұлы төрт империя құрып, жеке дара ел болуымен байланыстырады. Әрісі орыс патшалығы, берісі Кеңес үкіметі кезінде Шыңғысханды моңғол деп, оны қазақ халқы үшін жауыз деп санаға сіңірген. Қазіргі күннің өзінде сол кеңестік саясаттың салқыны әсер етіп, Шыңғысханды қанішер көретіндер, тарихи деректерде Отырардың Шыңғысхан жорығында емес, 16-17 ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде жер бетінен жойылғаны дәлелденсе де, орыстың тыңшы-ғалымдарының Отырарды жойған Шыңғысхан, ол жауыз, Шыңғысхан моңғол» деген пікірін құрандай көкейінде сақтап алғандар арамызда бар.
Сонымен бірге, ақын түркі дүниесінен шыққан астрономияның негізін қалаушылардың бірі – Ұлықбек, медицинаның атасы – Әбу-Ғали ибн Синаны, Аристотелді әлемге мәшһүр етіп, оның ғылымы қазіргі дәуірге жетуіне себепкер болған ғалым, жетпіс тіл білсе де, ана тілін ұмытпаған ұлы ойшыл әл-Фараби секілді ғұламалар туралы толғанып, Еуропа әлемі ұйқыда жатқанда түрік жұрты ғылымның шыңына шыққанын, ғылым шығыстан шығып, батыста дамығанын сөз етеді. Осы орайда, әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев: «Мағжан көтерген проблемалар совет өкіметі жүргізген саясаттан әлдеқайда биік еді. Ақын тап көлемімен шектелмей, жалпы адамзатқа, қалса түркі тектес ұлттарға ортақ ойлар айтады. Ел жай, оның болашағы, ағарту, өнер іздеу жайларына да ол осы жалпыхалықтық тұрғыдан қарады» [3. 97] – деп, Мағжан поэзиясына оң баға берген болатын.
Мағжан «Түркістан» өлеңінде тек түркілердің тарихын ғана сөз етіп қоймайды. Көне түркі мемлекетінің, Алтын орданың заңды мұрагері боп қазақ халқы кң жерге ие болып қалғанын да батыл айтады.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деп, өзгелер енші бөлісіп кеткенде, баба мұратын болашаққа жеткізген қазақ халқының ұлы тұлғаларын санамалап шығады. Мағжан қазақтың дана туған хандары туралы айтқанда білмей сөйлеп тұрған жоқ. Ол «Сендерді ел қылған біз» деп кеуде соғып жүрген Кеңес үкіметінің, оның ішінде өздерін ұлы санайтын орыс халқына «Саған дейін де ел болғам, іргелі мемлекет болғанбыз» дегенді айтып:
Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерін билеп тұрған [2. 175] – деп, солтүстігінде Сібірден оңтүстігі Үндістанға дейін, шығысында Алтайдан, батысында Кавказға дейінгі кең байтақ жерді билеген, өз дәуірінде халық саны миллионнан асқан, әскері жүз мыңнан асқан қазақтың ұлы ханы Қасымханды мақтанышпен жырға қосқан Мағжан ақын тарихты терең зерттегенін байқаймыз. Одан кейін «Есімханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан» сөз тартқан Мағжан алты Алаштың басын қоса білген Абылайды «Алаштың арыстанына» теңейді.
Одан кейінгі шумақта:
Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,
Түркістан алты алашқа болған Кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр
Кешегі ердің ері көкжал Кене [2. 175] – дейді. Кеңес үкіметінің күшіне мініп, қылышынан қан тамып тұрған кезде Кеңес түгіл, кезіндегі патша үкіметінің қас жауы болған, қазақты ел қылуға талпынып, ұлт-азаттық көтерілісті бастап, он жылдай азаттық үшін кең далада жортқан қазақтың соңғы ханы Кенесарыны дала көкжалына теңеп, «Ердің ері» деуі – Мағжанның азаматтық болмысын танытады. Үкіметтің жауын мақтап сөз айту да үлкен ерлік. Мағжан өз басына қауіп төнерін білсе де, ұлт тәуелсіздігі үшін ұрпаққа былай үн қатады:
Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алтай,
Күтеді көптен сені қарай-қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?! [2. 175].
Мағжан өткен ғасырдың дарынды тұлғаларымен мақтанып қана қоймайды. Солардың жолын қуып азаттық үшін ұмтылмай, ұраныңды айтып, тұраныңды қайтармай жатуыңның, өзгенің езгісіне көнуіңнің мәні не? – деп риторикалық сұрақ қоя отырып, атақонысың екеніне күмәнің болса, іздеп барсаң баба бейітін табасың дейді. Жас ұрпақты басын көтеріп, тарихына терең үңілуге шақырады. Ақын бір ғана өлеңі арқылы қазақтың ғасырлар бойғы тарихын сөз етіп, қазақ даласының географиялық орналасуы жайлы да батыл айта білген. Мағжанның бұл тақырыпқа жазған өлеңдерінде заман шындығын тарихи дамудың сырлары арқылы түсінуге ұмтылыс болған күйін суреттей отырып, оның арғы тарихына көз жібереді, іргелі елдің бір кездегі тұтастығын еске алады. Олардың атал-мекенін, көшіп-қонып жүрген жерлерін – Орал мен Алтау таулары аралығын, Жейхун, Сейхун дариялары бойын, Түркістан, Тұран аймағын, олардың бүгінгі күйін көз алдына елестетеді. Қазақты сол жерде қалған үлкен халықтың мұрагері санайды.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? [2. 175-б].
Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болып, бір кездегі іргесі бөлініп қалған түркі халықтарымен қайта табысып жатқан кезде, осы сөздердің маңызы өте зор. Кешегі түрік республикасының президенті Тұрғұт Озал марқұмның, сол елдегі тағы басқа басшыларының Қазақстанға сапары тұсында қазақ жерін көне атамекеніміз деп, Түркістанды ескі астанамыз деп тануы, осы тұрғыда айтқан сөздері де Мағжан өлеңін еске түсірмей ме? Қазақтың жоғалтып алған үмітін қайта оятып, болашаққа-туысқан халықтардың бірлігіне, ынтымағына сенім артарлықтай ойлар айтқан ақын сөзі бүгін кім-кімге болса да жаңаша, жаңғырып естіледі.
Қазақтың ұлттық ақыны есебінде Мағжан сезімі туған халқының тағдырымен, елінің, жерінің, табиғатының сырымен өзектесіп жатқанын көреміз. Оның патриоттығында титтей де ұраншылдық, көрсеқызарлық жоқ. Мысалға, «Сүйемін» өлеңін алып көрейікші. Осында суреттелетін оның анасын, жарын, елін, жерін сүюінде әдемілікке, қызыққа, тағы басқа сезім қозғайтын көріністерге құмарту байқалмайды – анасы таспиқ санап, жерге қарап отырған көріксіз кемпір, жары – құшағы жалынсыз, қазан-ошақ маңындағы әйел, елі- жалқаулық билеген, ұйқы басқан, малымен бірге жусап, бірге өрген халық, жері – қысы ақ кебін, жазы сары сағым, орманы, тауы, суы жоқ өлік дала – алайда, ақын соның бәрін неге екенін өзі де білмейді, сүйеді. Яғни, оның сүюі табиғатынан, қанынан, бар болмысынан туады. Бұл ақынның туған топырағымен тұтастығын танытады.
Қазақ даласының табиғатын Мағжан таза, пәк күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даланы кебін оранған өлікке теңейді. Кейде орман ішінде өзі де орман боп ұйықтап түс көргенін жырласа, енді бірде дірілдеп еңкейіп қалған қайғылы қайыңмен, көзі жас мең-зең Көкшетауымен сырласады. Оларда ой да, сезім де еркін, сыршыл нәзік мұңды көңіл күйі аралас жүреді. Ақын көлгірсімейді, ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер Мағжанда мол.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Белинский В.Г. Собрание сочинений в трех томах. М. 1948. т. 3.
- Жұмабаев М. Шығармалары. А. Жазушы. 1989.
- Қирабаев С. Шындық және шығарма. Мақалалар мен зерттеулер. А., «Жалын» 1981