Алматы облысының жаңалықтарыҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

ҚАЙСАР ҚАЙРАТКЕР

ХХ – ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған, миллиондаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасы төгіліп, өмірлеріне балта шауып талайды тағдыр тәлкегіне ұшыратқан тарихымыздағы шерлі беттердің бірі. Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» атты өлеңінде:

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген

– деп жырлағандай халқымыздың басынан өткізбеген қасіреті кемде-кем.

1937-1938 жылдары қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Осы жылдардың жазықсыз құрбанының бірі, бүгінгі таңда тарихта аты қалған Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Ұзақбай Құлымбетов аңсаған аяғынан нық тұрған тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздің ел болуындағы тарихында ерекше орны бар тұлғаның елеулі еңбегі бізге де бізден кейінгі ұрпаққа да үлгі болады деген сенімдеміз. Ұ. Құлымбетов 1891 жылы 18 наурызда Ақтөбе губерниясы, Ырғыз уезі, Аманкөл болысында туған. Білімге құштар, көзі ашық саналы азамат Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы өзінің еңбек жолын 1912 жылы ауылдық қазақ-орыс мектебінің мұғалімі болудан бастайды. 1919-25 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында облыстық, губерниялық партия комитеттері мен атқару комитеттерінің төрағасы болған. 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы, Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметтерінде болған. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетов КСР одағының Жоғарғы сотының Әскери Алқасының 1938 жылдың 25 ақпанындағы үкімімен 21 наурызда жазықсыз атылады. Қазақ халқының саяси және әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, оқу ағарту ісін көтеру үшін аянбай қызмет еткен жанның есімін ұмытпай ақиқатқа тереңірек мән беріп зерттеп, зерделеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Елін сүйіп, оның тұтас мүддесіне қызмет етіп, халқының болашағы үшін жанын берген тұлға туралы қанша айтылып, жазылса да артық етпейді.

Р. АБДИКАИМОВА

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары»
музейінің қор сақтаушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button