Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғам

ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!

Ащыбұлақ ауылдық округі, М.Түймебаев ауылындағы №19 орта мектепте карантиндік режимді сақтай отырып,  соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы өтті.  Салтанатты жиын «Жарқын елдің жастары» тақырыбымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Дәстүрлі түрде еліміздің әнұранынан кейін мектеп директоры Маржан Жұмабекқызы оқушылар мен ұстаздары мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін ақтарды.

«Аяқталғалы отырған оқу жылы біздің мектебіміз үшін де жемісті жыл болды. Біздің оқушыларымыз биылғы жылы 70 пайыз білім сапасын көрсетті. Яғни, 2020-2021 оқу жылын да мектепте 1379 оқушы білім алса, мектеп бітіруші түлектердің ішінде 7 түлек алтын белгі, 17 бітіруші үздік аттестат иесі атанды. Бұл – біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың талмай еткен еңбектерінің жемісі. Еліміздің болашағы мына сіздердің қолдарыңызда. Сіздер де бір кірпіш дүниеге, тетігін тауып қаланыңыздар! Әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызды тілеймін!» — деді мектеп басшысы түлектерге.

Шара барысында түлектер өздеріне 11 жыл бойы білім берген ұстаздарына гүл шоқтарын тарту етті. Жиында түлектер ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдап, естелік суретке түсті. Ал, мектеп бітірушілер атынан осы мектептің «Алтын белгі» иегері Сәбина Құрбанова сөз сөйлеп: «Менің 11 жыл бойы білім алуыма толық жағдай жасаған ел басқарып отырған азаматтарға және осы мектепте қызмет етіп жүрген ұстаздар қауымына шексіз разылығымды білдіремін! Сынып жетекшіміз Салтанат Жолмұрзақызына ерекше алғысымды айтамын! Сіздердің ағарту жолыңыздағы бізге сіңірген еңбектеріңізді ақтауға тырысамыз» — деді дарынды шәкірт.

Соңғы қоңырауды 11 сынып оқушылары Кірқабақ Рамазан, Бикен Алда, Жамалханова Гүлназ,1 а сынып оқушылары Сапаралы Айзере мен 1 б сынып шәкірті Досбол Нұрмұхан соқты.

Биыл Іле ауданы бойынша 48 орта мектепті 2330 түлек сәтті аяқтады. Оның ішінде 266 түлек «Алтын белгі», ол 179 бітіруші үздік аттестатқа үміткерлер. Биылғы қысылтаяң пандемия уақытына қарамастан аудан көлемінде үздік шығып, ұстаздардың үмітін ақтаған шәкірттерміз де аз емес. Киелі ауданымыз тағы да облыс бойынша білім көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарда.

#Qazaqstan30

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button