Аудан жаңалықтарыҚоғамСпорт

СПОРТШЫЛАРЫМЫЗ «ҚҰРМЕТ» ГРАМОТАСЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан республикасының 30 жылдығына орай әсем Алматы шаһарында мәдениетте және спорт саласында ерекшеленген азаматтар мараппаталды. Соның қатарында ауданымыздың  білекті жасөспірімдері де бар.

ҚР Мәдениет  және  спорт  министрі А.Райымқұлова Джиу-джитсу саласынан бірқатар халықаралық жарыстарда  жетістікке жеткен Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылдық округі, М.Түймебаев ауылындағы №20 орта мектептің оқушылары, жас спортшылары Самат Айтпанбет пен Жібек Құлымбетоваға Құрмет грамотасын табыс етті.

Марапаттау рәсімі Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының ғимаратында өтті.

Салтанатты шараға «Сағадат батыр – QTT» клубының негізін қалаушы, Джиу-джитсудан Халықаралық турнирлардың чемпионы Н.Орынбасаровта қатысты.

«Бұл жас спортшылар – қиындықтарға қарамай, еңбекқорлық пен тәртіптің арқасында осындай үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Еңбегімізді бағалағаны үшін үлкен алғысымды айтамын. Бұл марапат – біз үшін үлкен абырой және жас спортшыларымызды жаңа жетістіктер мен табыстарға жетелейді. Сонымен қатар, бұл, ең алдымен, клуб ұжымының еңбегі екенін атап өткім келеді. Өйткені, үйлесімді ұжымдық жұмыс, бірегей командалық рух және белсенді еңбек қызметі болмаса, жемісті нәтижелерге қол жеткізу қиын. Спортшыларымыз бұдан да үлкен маңызды жарыстарда жеңіспен оралады деп сенемін», — деді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Кеңес Одағының Батыры, әскери қайраткер, армия генералы,   «Халық қаһарманы» Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов атындағы  «Сағадат батыр – QTT» джиу-джитсу Спорт клубы Алматы шаһары және Алматы облысы, Іле ауданы, М. Түймебаев ауылында орналасқан. Спорт клубқа, джиу-джитсу күресіне қызығып келушілер саны жылдан жылға артуда. Еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін қызығушылықтың артуының басты себебі  джиу-джитсу тек қана адамның физикалық жағдайын жақсартып қана қоймайды. Спортшының ой-өірісін кеңейтеді. Салихалықпен салқын қандылықты насихаттайды. Қоғамдық ортада өзін-өзі жақсы ұстауды үйретеді. Қазір клубта  100-ден аса Халықаралық турнирлердің чемпиондары бар, 70 ке жуық спорт шеберіне үміткерлер, 10 спорт шебері және жас өспірімдер арасында 32 әлем чемпионттарының жүлдегерлері бар.

Джиу-джитсудан әлем чемпионы. Грэпплингтен Халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Джиу-джитсу және Грэпплинг күрестерінен ҚР-ның спорт шебері, Самат Айтпанбет: «Спорт – адамның тәні мен рухын емдейтін сала. Қазіргі қоғамда жастарымызға екеуі де өте қажет. Джиу джитсу күресімен айналысуда ең бастысы рухыңды шынықтырасың. Бүгінгі күні осы сала бойынша еліміздің көк туын шет елдерде желбіретіп жүрміз. Алдағы уақытта да жеңісті күндер күтіп тұрғанына нық сенімдімін! Бүгінгі алған марапатым үшін жаттықтырушыма және ел басқарып жүрген азаматтарға  рахметімді айтамын», — деді.

Осы күрес түрінен жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы. Грэпплингтен Халықаралық жарыс-тардың бірнеше дүркін чемпионы, Джиу-джитсу және Грэпплинг күрес түрлерінен ҚР-ның спорт шеберіне үміткер Жібек Құлымбетова: «Джиу-джитсу – қыз баласы үшін таптырмас спорт түрі. Адамның бойына сенімділікті нығайтады. Осы спортта мені баулыған жаттықтырушым Нұрсұлтан Орынбасаровқа және клубтас джитсерлерге рахметімді айтамын! Еліме сыйлаған жеңісімді елеп, ескеріп марапаттап отырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әпкемізге шын жүректен алғысымды білдіремін» — дейді талантты жас спортшы.

#Qazaqstan30

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button