Серік Мақұлбекұлы шығармашылығындағы имандылық, дін мәселесі
Қазіргі қазақ поэзиясында дін тақырыбына қалам тартып жүрген ақындардың бірі – Серік Мақұлбекұлы Қалиев. Серік Мақұлбекұлы өзінің әдеби өмірін айтыстан бастап, Алланың дәргейіне бас иген соң илләһи өлеңдер жазып, осы арнаға бірыңғай бет бұрған. Ол өзінің жыр жинақтарында жалпы адамзат баласын, оның ішінде өз замандастарын имандылыққа үндеген ақын. Нағыз жанашырлықты білместен қасарысқандарға: «Тазамын» дейсің «кінәрат, дақтан»,
Алмадың әсте түсіне.
Ғибадат деген күнәға батқан,
Қылмыскерлердің ісі ме?» [1. 138 б],– дейді. Мұндай қарымды ойлар ақын шығармашылығында жетерлік. Ақынның «Ассалаумағалейкүм» деген өлеңін оқып қарасаңыз жай сәлемдесу ғана. Сөйтсек, мағына тым тереңде екен.
«Ассалаумағалейкүм, мұсылмандар,
Сәлем бердім сауаптан қысылғаннан.
Артығырақ сауаптан алады екен,
Алғашқы боп сәлемін ұсынғандар» [1, 134 б], – дейді ақын адамдар қарым-қатынасындағы осынау ілкі сөзге екі дүниенің мағынасын сыйғыза. Демек, мынау фәни жалғанда айналаңыздағылармен ықыласты түрде сәлемдесіп жүрер болсаңыз, мәңгілік әрі шынайы өміріңізге зор сауаптар жинайды екенсіз. «Сауаптан қысылғаннан» деуі ақынның өзінен-өзі қатал түрде есеп алып жүретінінің айғағы болса керек. Қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 86-аятында: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар. Шексіз Алла әр нәрседен есеп алушы» [2, 121б],– деп, тайға таңба басқандай ескертілген. «Бір күні Мұхаммед салаллаһу аләйһи уәссәләмнан: «Я, Расулаллаһ (с.а.у.), екі адам кездессе, қайсысы бұрын сәлем береді?» – деп, сахабалары сұрағанда: «Аллаға жақын болғаны»,– деп жауап берген екен» [3, 350 б]. Ақын өзі үшін ғана емес, сондай замандастарының осынша «олжадан» қаперсіз қалмауын ойлап, шарқ ұрады:
«Әрбір сәтін өмірдің қаза қылмай,
Періштелер сөзімді жазады ыңғай.
Мұқтаж болып қалатын күнді ойлаймын,
Сауаптарға шаңның әр тозаңындай» [1, 134 б].
Оқырмандар көкейінде туындауы мүмкін: «Әлгі айтқан сауапты істеріңіз қалай есептеледі?» – деген сауалға Серік Мақұлбекұлы осылайша жауап береді. Яғни өміріміздің әрбір сәтін, іс-әрекет, амалдарымызды қос иығымыздағы қос періште «қаза қылмай, …жазады ыңғай». Сондықтан ақын оң жақтағы періштенің қаламына тыным болмауына, сол жақ-тағысының «жұмыссыз қалуына» шақырып отыр бұл жырында. Аталған жағдай Құран-Кәрімнің «Қамар» сүресі 52-аятында: «Олар істеген әр нәрсе амал дәптерінде жазылған» [2, 96 б],– деп нақты ескертілген. Сондықтан да ақын бәріміз үшін де жан жүрегімен шырылдайды.
«Әр түйірін терейін азырқанбай,
Ертең қандай жағдайым, қазір қандай.
Күнәлармен күрессем, халім нешік,
Күшім тасып тұрған жоқ Қажымұқандай» [1, 134 б].
Ғұламалардың түсіндірмелеріне қара-ғанда, әдетте, сауапшылыққа ұмтылып жүрген, иман келтірген пенделердің өзі үлкен сауаптар жинауға жанталасып жүріп, кіші сауаптарды естен шығарып алатын көрінеді. Сөйтіп жүріп кіші-гірім күнәларды да байқамайтын деңгейге түсіп кетуі мүмкін екен. Ал, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айту-ынша, әлгі болар-болмас күнәлар жиыла келе иесін бақытсыздыққа душар етуі ықтимал. Сондықтан Серік ақын сәлем беру сияқты сауаптың да «Әр түйірін терейін, азырқанбай», – дейді өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін де ой тастай. «Ертең қандай жағдайым?» –деген ақынның риторикалық сауалына жауап қасиетті Құранның «әл-Хаққа» сүресі 19-22-аяттарында: «(Амал) дәптері оң жағынан берілген (жан) айтады: «Міне, менің кітабымды оқыңдар! Расында, мен осы есепке кездесетініме сенгенмін». Сонда ол қуанышты өмірде, көтеріңкі Жәннатта болады» [2, 73 б]. Содан кейінгі 23-24-аяттарда Жәннаттағы мәңгі бақыттың жайы сипатталған екен.
«Құдай сүйер құлының төзімдісін,
Оқып аят-хадисті езілді ішім.
Мұсылманның сәлемі – дұға екен ғой,
Дұға етейін сендерге, өзім де үшін…
Ассалаумағалейкүм!» [1, 134 б].
Негізінде, «Дұға деген – тілек!» [4, 169 б] – дейді шынайы хадистер. Иманды пенделердің бір-біріне амандық-есендік және Алланың рақымы мен берекетін тілеуі деген, мазмұнына бойлай ойлансаңыз, расында, қос дүниенің де бақытына жетелейтін, тұнып тұрған дұғалар ғой! Екіншіден, шынайы хадисте айтылғанындай, осы үш тілегіңіздің әрқайсысына 10 сауаптан жазылар болса, есептей беріңіз күніне қаншама бауырыңызбен ұшырасып, қаншалаған сауап жинауыңыз мүмкін екендігін. «Сәлем – сөздің анасы!» – дейді атам Қазақ. Ең бастысы, бір-біріне амандық-есендік тілеп, сәлемдесу дегеніңіз мынау жұмыр Жер бетіндегі адамдар қарым-қатынасының басы ғана емес, ең бастысы, Жәннатқа ену бақытына ие болғандардың айтатын дұғасы да, еститін құрметі де екен. Түсіне білген адамға ақынның бір ғана жыры сіз бен бізді, осылайша көл-көсір сауапшылықтар жинауға шақыруда.
С.Мақұлбекұлының «Надандық» деп ата-латын өлеңіне назар салып көрелік:
«Әлі күнге артық дұшпан көрмедім,
Ата жауым Ібіліс пен нәпсіден» [5, 43 б],– дейді ақын.
Расында, көзге көрініп тұрған қас дұшпаныңызды ақылмен, қара күшпен, тіпті айламен жеңу мүмкін болса да, өз нәпсіңіз бен Ібілістен әлгі аталған қаруларды қолдана отырып, үстем шығу мүмкін емес. Олардан тек бір Аллаға шынайы иманмен тәуекел еткенде ғана пенденің күші үстем болатын көрінеді. Олар тек бір Жаратушының панасында болғандарға ғана ешнәрсе істей алмайды екен. Енді бұл орайда, қасиетті Құрандағы «Сәбә» сүресінің 20-21-аяттарындағы Қорғаушы Иеміздің тұжырымдарына жүгінсек: «Олар туралы Ібілістің болжамы расқа айналып, иман келтіргендер тобынан басқалар оның (Ібілістің) соңынан ерді. Негізінде Ібілістің оларға ешбір ықпалы жоқ еді. Бірақ Ақырет күніне сенетіндерді анықтап, оларды (Ақыретке) күмән келтіретіндерден Біздің ажыратуымыз үшін ол (Ібіліс) адамдарды азғырды. Раббың – әр нәрсені қорғаушы» [2, 216 б]. Енді ақын сөзіне кезек берсек:
«Ер десе де елге тұтқа боларлық,
Көз жұмылса, баса алмайсың қадам нық.
Қарап тұрсам, қарулары олардың –
Адамдардың бойындағы надандық» [5, 43 б].
Демек, мұсылманның екі бірдей қас дұшпаны, ата жауы белгілі болды. Олардың қарулары – «адамдардың бойындағы надандық» екенін де Серік ақын Қалиев дөп баса жырлап отыр. Яғни, қас дұшпандарымыздың қарулары қайдағы бір үңгір немесе жеті қат Жер астында емес, мына сіз бен біздің бойымызда жасырынған екен. Аты – надандық! Ал, енді сол қарғыс атқыр Ібіліс пен нәпсіні қарусыздандыру үшін, яғни надандықты жою үшін не істемек керек?! Жақсылық Жасаушы Иеміз бізге бұл жерде де айырықша жаны ашып, сара жол көрсетіп отыр: «(Мұхаммед с.а.у.), оларға: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» — де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады», [2, 136 б] – дейді «Зүмәр» сүресінің 9-аятында өте Мейірімді Иеміз.
Ата жауларымызды жеңудің, надандық-тан құтылудың бір-ақ жолы – бір Алланың нұсқауларын басшылыққа ала отырып, пайдалы білім жинау. Ендеше:
«Жеңу үшін Ібіліс пен нәпсіні,
Надандықты жою керек алдымен» [5, 43 б],– деп жан дүниесі шырқыраған ақынның айтпағына дәлел белгілі хадисте бар: «Расулалла (с.а.у): «Ғұламаның қарапайым мұсылманнан айырмашылығы – толық Айдың жұлдыздардан айырмашылығындай» [4, 87 б], – деді. Аталған хадисте, байқап отырғанымыздай, екі мұсылманның бірінен екіншісінің дәрежесінің артықтығы – олардың біліміне қарай анықталуда. Және шынайы хадисте әрбір мұсылман ер мен әйелдің тал бесіктен жер бесікке дейін білім алуға міндетті екендігі шегелене айтылады. Оның үстіне, түрлі ғылым тармақтарының ірі мамандары Қасиетті Құранда ғылымның барлық салаларына қатысты ақпараттардың жинақталғанына соңғы 50-60 жылда ғана көздері жаңадан жетіп, өз ғылыми жаңалықтарын қасиетті аяттармен тұжырымдай бастады.
Серік ақынның «Үрей мен Үміт» атты өлеңі де оқырмандарын бей-жай қалдырмасы анық.
«Қап-қара жалын тозақтан қорқам, тозақтан.
Сұп-суық хабар кеп жете ме деп со жақтан.
Шыжылдап майлар, шатырлап сүйек жанғанда,
Лағнет айтып бес күндік сынақ жалғанға,
Ібілісті қарғап түзу бір жолдан тайдырған,
Азапқа лайық, мазаққа ғана сай қылған,
Мың шақты емес, миллион жылға айдалып,
Қор болар ма екем қып-қызыл шоққа айналып» [5, 38 б] — дейді ақын жүрегін жаулаған үрейді баса алмай. Алла Тағаланың ерекше мейірімінен жаралған Адам (а.с.) ұрпағы екенін есіне ала отырып ақын:
«Адамның ұлы ем дүниеге мынау таралған,
Дәрежемді айтсам, періштеден артық жаралған,
Бүгінде бірақ періште қайда, мен қайда,
Кім созар қолын мүшкілдеу біздің жағдайға,
Бауырларым да, бала-шағам, дос-жекжатым,
Шайқаспай беріліп, шайтанға әскер боп жатыр,
Бәрі де «дана», бәрі де «көсем» шетінен,
Дәуірлеп дәурен сүруге мықтап бекіген,
Ақырет қамын жасамай жүріп әлекпен,
Алланың ұлы мейірімінен дәметкен» [5, 38 б] — деп, қазіргі кезде көп адамдардың Алланың әміріне бойұсынбай, пенделік қалыптан арыла алмай жүріп Алланың мейіріміне бөленіп, жұмақты аңсайтынын ашына жыр қылады. «Шайқаспай беріліп, шайтанға әскер боп жатқан» ағайын-туыстары үшін күйінген ақын жаны шырыл қағып, заманының заңғар тұлғаларының өзі Ібілістің құрығынан босай алмай жүргенін тілге тиек етіп, көкірегі соқыр, дипломы бар қараңғы халқы үшін қам жейді.
«Сол оттан қорқам, тозақтан қорқам. Тозақтан.
Көрмейді соны қазақтар біздің көзі аққан.
Ағылған солай парақорлардың парады,
Маскүнемің, әне, қолтығына қысқан арағы». [5, 38 б]
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) хадисінде: «Пара берген де күнәһар, пара алған да күнәһар» [4, 184 Б] — дейді. Қазіргі қоғамның ауыр дертінің бірі — парақорлық екенін ақын дөп басып айтып отыр. Тағы бір хадисте: «Денсаулыққа зиян нәрсенің бәрі харам» [4, 205 б] – делінгенін ескерсек, адам баласы өз ағзасын өзі улап, харамға бой ұрып, Алланың құзырынан алыстап бара жатқанына налыған ақын зинақордың да әрекетін назардан тыс қалдырмайды.
Әбу Һурайрадан (р.а.) Имам Ибн Мажәһ риуаят еткен Құдси хадисте: «Хақ Тағала айтады: «Мен Өзіме серік қосуын қаламаймын. Кім менің разылығым үшін бір амал істеп, маған серік қосса, мен одан бас тартамын. Оның істеген амалы маған серік қосқаны үшін істелген болады» [4, 35 б] делінген. Яғни Алла өзіне серікке, демеушіге не жәрдемшіге мұқтаж емес. Адамның жасаған амалында көзбояушылық болса, (араб тілінде көзбояушылық «рия» деп аталады.) ол адам екіжүзді болып табылады. Рияның тағы бір баламасы — ықылассыздық. Аллаға құлшылық етуге ықыласы жоқ адамның ниеті де түзу болмайды. Шын ниетпен жасалмаған амалдың барлығы «ширк» боп табылады. Исламда Аллаһ Тағаланың алдында пенденің ең үлкен әрі кешірілмейтін күнәсі ол — Аллаға серік (ширк) қосу. Ширкке не жатады дегенге келсек, ширкке:
- Алладан басқа тәңірге (пұтқа, тасқа, күнге, аруақтарға т.б.) табыну;
- Бақсы-балгерлерге сену;
- Адамдар мені көрсін деп жалған намаз оқу;
- Алла тыйған басқа да наным-сенім иелеріне сену, т.б.
Мұндай амалдар дінді толық түсінбеген, мұсылмандықты жамылған адамда болады. Сондықтан да Серік Мақұлбекұлы:
«Мүридтер кетті Аллаға пірін серік қып,
Зіркілдеп зікір салғандарынан зеріктік.
Дымыңды білмес дүмшелер кетті молда боп,
«Құдайым оңда, әруағым, өзің қолда!» деп.
Сәуегей, балгер, тәуіптер кетті дес бермей,
Құранның қатал ескертпелерінен сескенбей,
Әр төмпешіктің әулие санап, асыға,
Мәрмәрдан өріп, кесене салдық басына» [5, 39 б].
Қарап тұрсаңыз, қазіргі кезде ата-бабасын әулие санап, олардың басына түнеп, тәу етіп, солардан тілек тілегендер мен көше кезіп бал ашқан сәуегейлер көбейіп кеткені ақиқат. Оған қоса, үй салу былай тұрсын мола салудан жарысып, бабаларының күмбезін бір-бірінен асқақтатып, қорған тұрғызғанын мақтаныш көретіндер қаншама. Мейірімді Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Ақырет күні жақындаған сәтте адамдар мазар салып жарысатын болады» [2, 49 б] – деп ескерткен болатын. Ақынның ұшқыр қиялы қалталы азаматтар осыншама ысырап еткенше мешіт тұрғызып, Алланың үйін салып, мол сауапқа кенелсе екен дейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде: «Ең сауапты істің бірі — мешіт тұрғызу. Себебі, Аллаға құлшылық еткен әрбір мұсылманның дұғасы мешітті салдырған адамды айналып өтпейді» [4, 234 б] – дейді.
Серік ақын серілік құрып жүрген жандарды да, «шырылдауық шегірткенің» күйін кешіп жүрген өнердегі кей азаматтарды да өткір тілімен түйреп өтіп, ғибадатсыз «Ниетім түзу, жүрек таза» деу – далбаса» деп, кесіп айтқан.
Раббына құл боп өмір сүргісі келмеген,
Түсінбей жүрмін тәкәппарсыған елге мен [5, 39 б] – деп, шайтанның арбауына түскен иманы әлсіз солқылдақ шыбық секілді діні бір бауырларына аянышпен қарайды. Сондай-ақ, «Егер Алланы ертерек танысам он жастан намаз оқып, амал қылар едім» деп, өкінішін де білдіріп қалады. Бірақ, Серіктің дінге кештеу келуіне оның заманы себепкер болды. Кеңестік кер заманда «Дін – апиын, миды улайды, құдай жоқ» деп ұран тастап, халықты соған сендіріп қойғаны тарихтан белгілі. С.Мақұлбекұлы кейінгі толқын жас буынды өзі секілді өкініп бармақ тістемес үшін имандылық жолына шақырады. Адамдар Алланы сүйе тұра оның қаһарынан қорқу үшін тозақтағы азапты былай суреттейді:
«Қимастай қызық, хараммен жиған мал-мүлік
Сорлатар ма екен төзгісіз отта жандырып?
Өртеніп жатып өлейін десем өле алмай,
Өкірер ме екем өмірге екі келе алмай» [5, 39 б]. Қазақта «Көріңде өкіргір» деген қарғыс бар. Оған қоса, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадисінде: «Қиямет қайым орнаған сәтте адамдар амалына қарай жұмақтық және тозақи болып екіге бөлінеді. Жер бетінде намаз оқымағандар тозаққа бара жатып Алла Тағаладан қайтадан жерге жіберуін, жасамаған амалдарын жасауға тағы да бір мүмкіндік беруін сұрайды. Менен тозақты харам ете көрші деп тілейді» [4, 114 б] — дейді. Алайда, өмірге екі айналып келген адамды көрмек түгіл естіген жан болған емес. Серік Қалиев қазақылық пен шариғат заңдылықтарын қатар қолдана отырып насихат өлеңін түсінікті тілмен көркем жырлай білген. Түннің соңғы бөлігінде періштелер жерге түсіп, адамдардың амалын бақылайды екен. Алла Тағала олардан: Менің құлдарым не істеп жатыр екен? – деп сұрайды. Сонда періштелері: Олар мейірімді Алладан өздерін тозақтан аулақ етіп, жұмақтықтардың қатарынан етуін сұрап, дұға қылып жатыр — деп жауап береді. Сонда Алла: Олар тозақ пен жұмақтың қандай екенін көріп пе? – деп сұрайды. Періштелері: Жоқ – деп жауап береді. Сол кезде Алла Тағала: Егер менің құлдарым тозақ пен жәннатты көрсе, олар тозақтан бұрынғыдан да қорқып, жұмаққа баруға асығар еді – деп жауап беріпті. [4, 116 б]. Тозақты өз көзімен көрмесе де, ақын Серік Қалиев жаһаннамның оты қандай болатынын жүрегімен сезініп, Алладан өзіне де, сүйікті жамағатына да жұмақты сұрап, дұға қылады:
«Шын мұсылман боп өте алмау – сұмдық қасірет.
Жәрдем бер, Алла, жәннатты бізге нәсіп ет.
Әмин!» [5, 39 б].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Серік Мақұлбекұлы Қалиев. Болашаққа хат. Алматы. «Таугуль-Принт». 2014 ж.168 б.
- Құран-Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. 1991 ж.
- Хадистер жинағы (Имам Нәуәи риуаят еткен).
- Құдси хадистер. Алматы: «Мұсылман» баспа үйі, 2008 ж. – 256 б.
- Серік Қалиев. «Иманым – менің жиғаным». Алматы. Нұрлы әлем. 2007 ж. 72 б.
Алмат ЕРЖАНОВ