Вакцина салдыру қалыпты өмірге көшу
Әлемдік пандемияның салдарынан еліміздің білім беру жүйесі қашықтан оқыту режиміне өткеніне жылдан асты. Әрине, бұл алдымен ұстаздарға, одан кейін ата-аналар мен оқушыларға оңай түскен жоқ.
Баланың толыққанды қашықтықтан білім алуына интернеттің қолжетімсіздігі, компьютерлер мен басқа да құрылғылардың жоқтығы әсерін тигізді. Осы ретте, тағы бір айта кетерлік жайт, білім алушылардың қашықтан үйде оқуы үшін мүмкіндіктің болу-болмауы.
Міне, бұл айтылғандардың бәрі баланың білім алуына кері әсер ететін факторлар. Ал, оқушыларға келетін болсақ, олардың жағдайында қашықтан оқу аяқ астынан пайда болған, жаңадан жүктелген міндет іспетті. Менің ойымша, бастауыш сынып оқушылары үшін мұндай оқу жүйесі (қашықтықтан оқу) жеңіл тиген жоқ.
Өйткені, мектеп табалдырығын енді аттаған балдырғандарда орындау сияқты мәдениет қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан қашықтан оқыту мәселесі бастауыш сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына ауыр соқты.
Осы ретте қалыпты жағдайда өмір сүру, оқушылар дәстүрлі білім алудың бірден бір жолы — індеттен құтылу. Ал індеттен құтылудың бір ғана жолы бар, ол — вакцина салдыру. Қазіргі індеттің өршіп тұрған кезеңінде екпе алудың пайдасы зор екенін түсінген №33 бастауыш мектеп ұжымы қызметкерлері де өз еріктерімен екпе салдырды.
Менде ерікті түрде вакцина салдыруға бел будым. Екпенің алдында терапевт дәрігер дене температурасын және қан қысымымызды өлшеп, бірнеше сауалнама жүргізді.
Ал жиырма бір күннен кейін екінші рет емханаға барып Спутник-V вакцинасының екінші компонентін алдым. Дәрігерлер вакцина алғанмен де көпшілік орынға бармай, бетперде тағып, барлық қорғану шараларын жалғастыру керек екенін ескертті. Қазір жағдайым жақсы.
Еңбек ауылының тұрғындары да күніне 15 адамнан вакцина салып жатыр. Құрметті әріптестер, қалыпты жағдайға көшіп, өз білімімізді кейінгі ұрпаққа береміз десек, ертеңгі болашақ алдындағы зор міндетімізді атқарамыз десек, вакцина салдырайық!!!
Еліміз аман, болашағымыз жарқын болсын, ағайын!
И. ТЛЕУМУРАТОВА,
№33 бастауыш мектеп мұғалімі