Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

От пен судан тайынбас қайсар жандар

Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғау органдарының халыққа қызмет еткеніне 26 жыл толып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді.

Бұл қызметтің бір бөлігі полицияға (сол кезде милиция деп аталған) жүктелді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Сол кезден бері Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдардың өмірін құтқару. Бұл жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азамттарға бірінші болып көмекке ұмтылатындар – төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Әр өңірдегі департтаментте де жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді.

Біздің аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде ер азаматтардың арасында гүлдей нәзік болса да, темірдей тегеурінді Зухра Сайдуллаевна атты азаматтық қорғау подполковнигі шеніндегі батыр қыз бар. Ауданымыздың құтқарушы жігіттері де, Зухра да өзіндік ерекшелігі бар, арыстан жүректі, нағыз қайтпас қайсар жандар десек, артық айтқандық болмас. Себебі, қаншама өрт пен судан тайынбай, өз бастарын қатерге тігіп, өзгенің жанын арашалау, әрбір қадам жердің өртенбей аман қалуы үшін еңбек ету – көзге көрінбейтін ерлік, екінің бірінің қолынан келмейтін батырлық. Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын  үнемі жетілдіріп отырады.

Өртті бір кесе сумен өшірген абзал. Әйтпесе, оған жұмсалатын күш те, ресурс та көп болады. Ал, материалдық, адами шығын болса, тіптен ауыр. Сондықтан, төтенше жағдайды болдырмай, оның алдын алу қажет. Өртті алдын алу және санын азайту мақсатында жұмыстарды сапалы түрде жүргізу үшін аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы атқарылған жұмыстар және тұрғындар арасында өртке қарсы насихаттау  жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Кейде халықпен кездесулер ұйымдастырылса, кей кезде үгіт-насихат ескертпелері жазылған парақшаларды таратып, дауыс зорайтқышпен халыққа үндеу жариялайды.

Төтенше жағдайлар бөлімі тек өртті сөндіріп, әлдекімді қауіптен құтқарып қана қоймай, жас ұрпақты ерлікке, қайсарлыққа, өжет болып өсуіне өз ықпалын тигізуге тырысып жүр. Сөзімізге тұздық ретінде Қазақстан Республикасы бойынша тұңғыш «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбы Іле ауданында, Туреходжаева Зохида Тұрсынбекқызы басқарып отырған №7 орта мектепте ашылғанын мақтанышпен айта аламыз. 2019-2020 оқу жылында тұңғыш рет «Жас өрт сөндіруші» smartsarbaz кадет сыныбы ашылып, оның әскери жетекшісі кіші сержант А. Ержанов болса, Кадирбаева Алма сыныпжетекшілік етеді. Мұның барлығы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен білім саласында жүрген азаматтар, олардың басшылары жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуге деген құштарлығынан туындап отыр деп білеміз. Қазіргі таңда ауданымыздың өрт сөндірушілері кадет сыныбымен тығыз байланыс жасап, аптасына бір рет әскери-патриоттық сабақ өтеді. Өрт қауіпсіздігі жайлы дәрістер оқылып, оқушыларға тапсырмалар беріледі. Оқушылар да өз кезегінде қатарластарына өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезіндегі әрекет жайлы айтып, насихат жүргізеді. Арасында бөлімшеге келіп, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің құрал-жабдықтарымен танысып, олармен бірге үгіт-насихат шараларына қатысады. Себебі, жас ұрпаққа, оқушыларға үлкен адамнан гөрі қатарластары айтқан сөз өтімдірек келеді.

Құтқарушылар кадет сыныбымен жұмыс жасауымен қатар, кестеге сәйкес әр мектепке барып, тілсіз жаумен күрес жайлы, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары туралы түрлі дәрістер оқып, сақтық шараларын насихаттайды. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау подполковнигі Зухра Сайдуллаевна: «Кейде өртпен, сумен алысып жүрген құтқарушылардың ерліктері ескеріле бермейді. Бізге арнайы марапаттың да қажеті шамалы. Себебі, еліміз тыныш, ауыл-аймағымыз қауіп-қатерден, зілзаладан, өрттен аман болса, төтенше жағдай орын алмай, мамыражай заман болса, әр күні бір тұрғынның өмірін сақтап, не болмаса кәсіби көмегіміз тиіп, жүзіне қуаныш ұялата алсақ, елдің алғысын алсақ, біз үшін үлкен марапат сол» — деп, құтқарушы-өрт сөндірушілердің марапат үшін емес, елге шарапат төгу үшін қызмет етіп жүрген жандар екенін атап айтты.

Әрине, еңбегің еленіп, ел алдында сый-құрметке ие болсаң, көңілің өсіп, жаның жадырап қалмай ма? Бейбіт күннің батырлары, әр күнін адам өмірін қорғауға арнап жүрген кең жүректі, құрыш білекті азаматтар қандай құрметке болса да лайық. Сол себепті ауданымыздың тыныштығын күзеткен, тілсіз жаумен күресіп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген әрбір құтқарушы, өрт сөндіруші азаматтарды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, қызметте табыс тілмейміз. Халқымызды апат пен зілзаладан сақтап, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button