ТАУ ҰЛЫНЫҢ ҚҰС ҚАНАТ ҒҰМЫРЫ
Ынтымақ ауылы №46 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні апталығы аясында, ауданның ардақты азаматы, Чернобыль оқиғасының ардагері, ақын Ерлан Әбдіқаловтың «Құс қанаты – ғұмырым» атты поэзия кеші өтті.
Шығармашылық кештің шымылдығы ақынның туған жерге арнаған өлеңдерін оқуымен түрілді. Торқалы тойды ұйымдастырып, тізгінін ұстаған мектеп директоры — Сұлтан Данашұлы. Ерлан ақынды елеп-ескеріп, қуанышына куә болмақ ниетте ең жақын жанашырлары мен өнердегі өмірдегі аға-бауырлары осы кеште бой көрсетті. Қатарында М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Райымбек ауданының құрметті азаматы Айтақын Әбдіқалұлы, Қазақстан Жазушылар және айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі – Даубай Мамытұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, актер, Іле аудандық мәдениет үйінің режиссері – Қайрат Құдайберген сынды ел ағалары да болды. Өнерсүйер қауымның бас қосуын пайдалана отырып, Қайрат Жолдыбайұлының шәкірті Еркежан Салық «Жетім қыз» монологын оқыды. Айта кетейік, бұл Еркежанның үлкен сахнадағы алғашқы өнер көрсетуі, сәтті шыққан дебют деуге де болады. Орындаушылық шеберлігімен халықты тәнті еткен бойжеткен, ел ағаларының да ақ батасын алып үлгерді.
«Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің отты жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жол-дарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын ояту, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Өлең — сөздің патшасы, ал сөз – ұлттық болмысты айқындайтын көрнекті құрал. Сөзі жойылған елдің, өзі де жойылады деп айтылуы бекер емес. Сондықтан, біз осындай сұлу сөз өнерін кейінгі ұрпаққа бай қалпында жеткізіп беруіміз керек» — деді, Сұлтан Жарқынбеков.
Ерлан ағаның туындыларының басым көпшілігі туған өлкесіне, Отанына, отбасына арналған. Өлеңдерінен туған жеріне деген ыстық махаббаттың лебі есіп тұратынын «Ауылым – алтын бесігім» атты өлеңінен де аңғаруға болады. Ерлан Тоқтасынұлы әдебиетке кеш келсе де, өз өмірінің өткелдерін өміршең өлеңдерімен өрнектеп жүрген дарынды ақын. Қазір оның кей өлеңдеріне ән де жазылып жүр екен. Қайрат Құдайберген ақын інісінің Чернобыль қасіретіне арнаған біршама туындыларының ішінен біреуін таңдап, әуезді ән жазып, композиторлық көмегін көрсетіпті. Нәтижесінде тамаша ырғақты, жалынды ән туған. Тіпті, көпшілік оған Чернобыль оқиғасының әнұраны болуға лайық деген баға берді. Кеш соңында ақынның «Құс қанаты – ғұмырым» деген атпен жарық көрген өлеңдер жинағының тұсауы кесіліп, қонақтарға табыс етілді.
Ерлан Әбдіқалов ақпанның жиырма жетісінде елудің бесеуіне қадам басқалы отыр. Өлеңдерінен байқағаным, «тау» сөзін жиі қолданады екен. Тауды асқақтықтың, даралықтың, әлдебір биіктіктің болмысы деп түсінгенінен шығар…
Ер ақынды елу беске толуымен құттықтай келе мақаламды былай аяқтауды жөн көрдім:
Тағдыры таудай қатпарлы,
Ел-жұртына мақталды.
Жақсының аты аталып,
Ғалымнан бүгін хат қалды.
Батырсың, аға басыңнан
Өткізген зұлмат шақтарды.
«Тау ұлы» деген өзіңсің,
шығармаған басына
Мұз болып қатар ақ қарды.
Қуан.. сен аға, жұбан да,
Төккен тер, еңбек, ақталды!
Айдын ТОҚСАНОВ