Әр азамат мемлекеттен 10 сотық жер ала алады
Қазақстандықтарды мазалаған сұрақтардың жауабы айтылды
Тегін 10 сотық жер туралы ақпарат барлық азаматтарды дүрліктіргені рас. Бір күннің ішінде 100 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Алайда тұрғындарда сан түрлі сауалдың туындайтыны сөзсіз. Назарларыңызға тегін жер телімін алу шарттары мен кезектің жылжуы туралы маңызды сұрақтардың жауабын ұсынамыз, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Krisha.kz басылымына сілтеме жасап.
10 сотық жер мемлекеттің жаңа бағдарламасы ма?
Жоқ. Жер алу құқығы туралы «Жер қатынастары» заңының 50-бабында көрсетілген.
Жерді кім ала алады?
Тегін жер алу үшін өтінішті кез келген кәмелеттік жасқа толған азамат бере алады. Сонымен қатар өзге де жер телімі, пәтер мен үйдің болуы маңызды емес.
Алдын ала есеп бойынша қазір кезекте 1,5 миллион адам тұр. Мұнда бірнеше жыл бұрын әкімдік арқылы өтініш бергендер де бар.
Тұрғылықты тіркелудің болуы маңызды ма?
Жоқ. Өтінішті кез келген қала және аймақта орналасқан жерге беруге болады. Әрі тұрғылықты мекенжай мен тіркелудің болуы маңызды емес.
Бірнеше аймақта кезекте тұруға бола ма?
Иә. Бірақ жер телімі тек бір рет, кезек тезірек келген аймақта беріледі. Өзге аймақтағы кезек автоматты түрде алынып тасталады.
Кезекке қалай тұру керек және қандай құжаттар қажет?
Өтініш eGov.kz порталы арқылы онлайн беріледі. Тек электронды сандық қолтаңба қажет.
Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларынан жер алуға бола ма?
Мегаполистерде бос жерлер жоқ. Мысалы, астанада жер кезегіне тұру 2007 жылдан бастап мүмкін емес. Ал Алматыда 2006 жылдан бастап. 2022 жылғы жағдай бойынша Шымкент қаласында да бос жерлер жоқ.
Алматы маңынан жер беріле ме?
Қалаға Іле, Қарасай, Талғар аудандары іргелес орналасқан. Жер қатынастары басшылығының ақпаратына сүйенсек, 2021 жылы бұл аудандарда 616 жер телімі берілген. Алайда кезекте тұрғандар санының 70 мыңға жуық екенін ұмытпаған жөн. 2022-2023 жылдары 1 070 жер телімі беріледі деп жоспарланған. Мұндай жылдамдықпен жер кезегін 70 жыл күтуге тура келеді.
Жерді біржола бере ме?
Үй салынып, қолданысқа берілгенге дейін жер телімі уақытша өтеулі пайдалану құқығымен беріледі. Келісімшартта жерге иелік ету мерзімі көрсетіледі (көп жағдайда 3 жыл). Оны әкімдік бекітеді. Тұрғын үйді қолданысқа беру туралы актке қол қойылған соң ғана азамат жердің иесі атанады.
Жерді алып, бірден сатуға бола ма?
Жоқ. Жерді уақытша өтеулі пайдалану құқығы жылжымайтын мүлікке иелік етуге мүмкіндік бермейді. Нысанды сату үшін алдымен меншік құқығын рәсімдеу керек. Мұны тек үй салған соң ғана жасай аласыз.
Жерді алып ештеңе салмауға бола ма?
Заң бойынша, келісімшартта көрсетілген мерзімде жер мақсаты бойынша қолданылмаса, мемлекет қорына қайтарылады. Ал жерді алған азаматқа айыппұл салынады.
Игеру дегеніміз не?
Заңда мұның нақты анықтамасы жоқ. Негізінен мұнда тек құрылыс қана емес, мұның алдында болатын процесстер, яғни геодезиялық жұмыстар мен жоспарды дайындау және т.б. жатады.
Жерді қандай мақсатта пайдалануға болады?
Негізгі мақсаты екеу: жеке тұрғын үй құрылысы мен жеке қосалқы шаруашылық. Бірінші жағдайда қолданысқа берілген үйдің болуы міндетті екенін білдіреді. Егер жеке қосалқы шаруашылық болса, шаруашылықты жүргізуге арналған нысан салынуы қажет.
Тұрғын үй орнына уақытша үй (времянка) салуға бола ма?
Жоқ. Жерді жергілікті әкімдік жанындағы архитектура органдары мақұлдаған эскиздік жоба негізінде ғана салуға болады. Өзге жағдайда (сейсмика аймағындағы 2 қабаттан жоғары үй) сараптама қорытындысы керек.
Кезектің келгенін қалай білеміз?
Кезектің қалай жылжып жатқанын eGov.kz порталы арқылы көруге болады.
Қанша уақыт күту керек?
Барлығы өтініш берілген аймақта дайындалған жер санына және қордың жылдам толықтырылуына байланысты. Жер телімі сумен және электр желісімен қамтамасыз етілуі керек, бірақ мұндай жерлер аз. Сонымен қатар кезекке де байланысты. Егер аймақ сұранысқа ие болса, ұзағырақ күту керек.
Мысалы ретінде Алматы облысын қарастыруға болады. Мұнда 160 мың адам өз кезегін күтуде. 2021 жылы барлығы 2,5 мың жер берілген. Мұндай жылдамдықпен кезекті 64 жыл күту керек.