Велошеру елордаға бет алды
Мереке алдындағы шара
Ағымдағы жылдың 13 шілдесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толады. Осынау айтулы мерекеге орай, ауқымды шаралар қолға алынды. Солардың бірі, ҰҚК Авиациялық қызмет басқармасының салауатты өмір салтын ұстанатын әскери қызметшілері өз бастамаларымен Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша велошеру ұйымдастырды.
Аталған мерекелік марафонға ҰҚК Авиациялық басқармасының подполковник Талғат Халитов бастаған бірнеше әскери қызметші қатысуда. Қуанарлығы сол, олардың қатарында шекарашы офицер де бар. Велошабандоздар елордаға дейінгі 1200-ден астам шақырымды басып өтуге тиіс. Бұл үшін марафоншылар Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарының елдімекендерінен өтетін болады.
— Жасырмаймын, он бір күнге созылатын сапарымызды жеңіл деп айта алмаймын, — дейді топ басшысы подполковник Т.Халитов бізге берген сұхбатында. Дегенмен, біз алдан кездескен кез келген қиындықты еңсереміз деп ойлаймыз. Өйткені, ең алдымен біз еліміздің тыныштығына жауап беретін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдық төл мерекесін ұлықтауды мақсат тұттық. Сондай-ақ, еліміздің ертеңі саналатын өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
1-11 шілде аралығында өтетін веломарафонға Талғат Болатұлымен бірге қатысуға тілек бірдірген подполковник Дәурен Бұхаров, капитандар Дәулет Мәмбеталиев, Қанат Қайрат және ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаментінің бөлімше бастығы майор Абай Сапаровтар бүгінгі маңызды сапарға мұқият дайындалыпты.
Бұл туралы офицер Т.Халитов былай дейді:
— Мұндай велошеруге 2015 жылдан бері үзбей қатысып келемін. Алайда, алыс сапарға тұңғыш рет шығуым. Алдымен өзім секілді велоспортпен үзбей айналысып келе жатқан әріптестеріммен ақылдасып алған соң жоғары басшылыққа ұсыныспен шықтық. Басшыларымыз біздің ойымызды құптаған соң, бірге жолға дайындығымызды бастап кеттік. Қатарымызда шекарашы офицер бар. Негізінен мен Абайдың велоспортпен ғана емес, 40 шақырымдық қашықтыққа арналған марафонға да үзбей қатысып келе жатқанын білемін. Сондықтан, шекарашы әріптесіміздің қатарымызға қосылғанына өте қуаныштымын.
…Маңызды миссия арқалаған велошабандоздарды алыс жолға аталған басқарма басшысы полковник А.Кузнецов бастаған жеке құрам ақ жол тілеп, шығарып салды. Бұдан әрі марафоншылар Боралдай-Комсомол елдімекендерінің арасындағы 15 шақырымдық жерді ҰҚК Әскери полициясы қызметкерлерімен бірге басып өтті.
Алда спортшыларды Жамбыл ауданының Қаншеңгел ауылына дейінгі 160 шақырым күтіп тұр. Мұнан кейін Ақсүйек, Үлкен, Сарышаған, Гүлшат, Балқаш, Ақшатау, Ақсу-Аюлы секілді елдімекендерден өткен марафоншыларымыз 9 шілде күні кешкі сағат 19.00-де Қарағанды қаласына жетіп тоқтайды. Әрі қарай Қарағанды мен Ақмола облыстарының шекарасында тұрған Вишневканы кесіп өткен соң, ҰҚК Туын желбіретіп, Нұр-Сұлтан қаласына жетеді. Мұнда арасында ҰҚК Шекара қызметінің офицері бар әскери қызметшілерді елорданың төрінде өтетін мерекелік рәсім күтіп тұр.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі