Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамТұлға

Ахмет Байтұрсынұлы – адамдық диқаншысы

Қазақ жазба әдебиетінде Абайдың, қазақ педагогикасы тарихында Ыбырайдың орны қандай ерекше болса, қазақ Тіл білімі және Әдебиеттану ғылымында Ахмет Байтұрсынұлының алатын орны дәл сондай десек, еш қателеспейміз. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы өзінің саналы ғұмырын, тіпті бар ғұмырын десек те болады, қазақ Тіл білімі ғылымының дамуына арнап, оның ғылым ретінде қалыптасуына, ғылыми әрбір терминнің тіл біліміне енуіне айрықша үлес қосты, «Қазақ Тіл білімі ғылымының атасы» атанды. Тарихи деректерге сүйенсек, Ахмет Байтұрсынұлының көптеген жазбалары өткен ғасырдың отызыншы жылдары НКВД тарапынан қолды болып, жойылса да, бізге жеткен мұрасын жай санамалап өткеннің өзінде ғалымның өмірдегі ғажайып ерлігі мен табандылығына, өз еліне деген шексіз сүйіспеншілігіне, білімділігіне еріксіз тәнті боласыз. Ахмет Байтұрсынұлының сан салалы ғылыми мұрасын зерттеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастау алды. Оның ағартушылық қызметі, ғылыми ізденістері, жазушылық таланты, ақындық өнері, аудармашылық қасиеті және қоғам қайраткері ретінде атқарған ісі жан-жақты зерттелуде. Ахмет бір өзі бір университеттің қызметін атқарып, қазақ халқының тілін, әдебиетін, тарихы мен мәдениетін зерттеуіне, өз бетінше өнер-білімді игеруге, толассыз ізденіске бой ұруына не түрткі болды екен? Ол – туған халқым үшін не істей аламын, еліме не беремін, қолымнан не келеді деген ой еді. Осынау арманның жетегінде жүріп, сол замандағы өз елінің мүшкіл халін көріп, халқының дәрменсіздігі мен қараңғылығына күйзелген ғалым қазақ халқын озық ойлы өзге жұрттармен салыстырып, қараңғылықтан, надандықтан құтылып, жарыққа шығудың, ел болып етек жиюдың, ұлт болып ұйысудың бірден-бір жолы – оқу, білім деп ой түйіп, өзінің бар күш-жігерін осы жолға жұмсайды. Ол туралы Ахмет өзінің «Қазақ салты» атты өлеңінде былай толғанады: Қайырсыз неше түрлі байлар да жүр, Қайықтай толқындағы қалтылдаған. Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп, Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған. Солардың қатарында біз де жүрміз, Мәз болып құр түймеге жалтылдаған. Не пайда өнерің мен біліміңнен Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?! Иә, А. Байтұрсынұлы босбелбеу бозбаланы, жақсылығы өзінен артылмаған «жақсыларды», әңгіме мен ет аңдыған шалдарды, қайырсыз байларды сынай келіп, олардың ішіндегі ең қауіптісі тыныш ұйықтап жатқандар екенін баса айтады. Сонымен қатар, «Мәз болып құр түймеге жалтылдағандар» да ақын назарынан тыс қалмайды. Бұл жерде Ахмет шен алып, шекпен кигендер білім алып, оқу оқыса да өз халқының игілігі үшін қызмет етпесе, алған білімін тиісті жеріне сарп етіп жұмсамаса, оның пайдасыз болатынын тілге тиек етеді. Ақын қазақтың «Еспесі жоқ қалтылдақ қайық мініп, кешпесі жоқ теңізде қалқып жүрген» күйіне алаңдап, жел соқса, құйын қуса арқа сүйер тіреуі жоқ болғандықтан қойдай ығып кете беретін, заман ағымына қарсы тұра алмайтын әлжуаздығына налып, осындай әлсіздікке ұрындырған қазақтың «алалық алты бақан дерті» деп, сол дерттен арылудың жолын іздейді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болу үшін жалынды жастарды оқытып, ұлтқа қызмет етуге баулу керектігін түсінеді. Міне, Ахметті ел мұрасын зерттеп, ұрпаққа білім беру жолында аянбай қызмет етуге жетелеген, бар ғұмырын қазақ ғылымын дамытуға, тіл мен әдебиетті көркейтуге, мәдениетіміз бен тарихымызды зерттеуге жұмсаған ұлы күш – өз халқының білімді, білікті, өзге елмен терезесі тең, керегесі кең болып, өмір ағысына қарсы жүзе алатындай болуын қалаған ұлы мұраты еді. Ахмет атамыз еңбек жолын ауыл мектебінің бірінде мұғалім болып бастауында осындай сыр бар еді. Қазақ жастарының көзін ашуды мақсат еткен ол: Адамдық диқаншысы – қырға шықтым, Көлі жоқ, көгалы жоқ, құрға шықтым. Тұқымын адамдықтың шаштым, септім, Көңілін көтеруге құл халықтың, — деп толғанып, өмірлік мұраты байқам жатқан халқын сауаттандырып, өнер-білімге, мәдениетке жетектеу екенін білдіреді. Адамдықтың тұқымын шашып тұрған диқаншы неліктен дән себуге лайықты жер іздемей, көлі жоқ, көгалы жоқ мекенді таңдады? Себебі, ол заманда патша үкіметінің қылышынан қан тамып, жендеттердің әлекедей жалаңдап тұрған шағы еді. Халықтың қиналып, қазақ ауылдарының тұрмысы төмен, рухани-материалдық тұрғыда жүдеу тартқан кезі болатын. Оның үстіне сол заманда қазақ балалары қазақша оқыту жүйесі құрылмаған соң, оқулықтары жоқ болған соң орыс тілінде оқып, орысша тәлім алды. Міне, Ахметтің «Көлі жоқ, көгалы жоқ құр» — деуінде үлкен мән жатыр. ХІХ ғасырдың соңында Семей, Ақмола, Омбы өңірлерінің оқу жүйесін басқарып отырған орыс ғалымы, миссионер А. Алекторов, Н.И. Ильминскийдің жолын жалғап, қазақты орысша оқытып, сол арқылы тілін, ділін жоюды өзіне мақсат еткен. Алекторовтың ниетімен жақын танысқан Ахмет халқының ауыр халін ұғып, ел жайлы түпкі ойы мен мақсаты сол кезде оянады. Бұл туралы Мұхтар Әуезов: «Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы өнер-білім жүзіндегі шала білініп, көмескілеу жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған» — дейді. Мұхтар Әуезовтың сөзін ой таразысына салып, талдаған тілші ғалым, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Бұл жерде Мұхаңның өз кезінде ашып айтуға аузы бармай, астарлап отырған бір жай бар сияқты. Ол – орыс оқымыстыларының миссионерлік мақсатының Ахаң зердесіне жетуі, содан тіксінуі. Олар қазақтарды орысша оқыту арқылы орыстандыруды көздеген ғой. Осыдан секем алған Ахаң, ширыға түседі. Қазақты өнер-білімге жетектеу өзгелердің емес, өзі тектес оқығандардың халық алдындағы парызы деп түйеді» — деп, Мұхтар Әуезовтың астарлап жеткізген ойын әрі қарай дамытып, Ахметтің ғылым-білім жолына ден қойып, бар күш-жігерін қазақ жастарын қазақша оқытуға, ол үшін қазақ Тіл білімі ғылымын қалыптастырып, қазақ тілін ғылым тілі етуге жұмсағанын тәпсірлеп жеткізеді. Ұлтының ертеңі үшін алаңдаған Ахмет Байтұрсынұлы «Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай жүйесіне тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт өз баласын әуелде өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз», — деген екен. Себебі, ғалымның өз сөзімен айтатын болсақ, «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» емес пе? Сондықтан, ұлтына адал қызмет етіп, қазақ халқының тіліне, мәдениетіне, тарихына қаншалықты нұқсан келерін сезіп, күнілгері болжап, ұлт болашағы жас ұрпақты ең алдымен ана тілінде оқытуға кіріседі. Қазақ балаларын өз тілінде оқытуды көздеген Ахмет Байтұрсынұлы оқытудың әдістері, қазақ тілі, әдебиеті, өнері, тарихы, мәдениеті туралы тұщымды пікір айтып, ойын айшықтап қағаз бетіне түсіріп, соның негізінде бастауыш мектептерге арнап оқулықтар мен оқу құралдарын, «Тіл құрал», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш», «Баяншы» секілді ғылыми еңбектерін жазады. Халық мұраларын, ауыз әдебиеті үлгілерін, эпос, ертегі, жұмбақтарды жинақтап, бастырып, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Халықтың көзін ашып, көңіліне білім сәулесін құйып, «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық» — деп, жас ұрпақты білімге жетелеп, ағартушылыққа бет бұрған Адамдық диқаншысының жолына «Жақын жерден жау шығып, Мақұл жерден дау шығып», дұшпаны қолынан ұстап, иттері тонынан тістеп, алға басқан аяғын артқа тартып, кедергі болғандар аз болмады. Сонда да Ахмет жасымайды. Ол өзінің рухани қарындасы Н. Құлжановаға жазған хатында: «Рақатсыз өтсе де өмір-жасым, Бұл жөнімнен құдайым айырмасын. Ұзақ жолға ниет қып шыққаннан соң, Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!» — дей келе, жолында кездесетін ағын судан да, жайған тордан да, қазған ордан да бөгелмей, белді басып, таудан асып, шаршап-шалдықса да, барын салып, қазақ ғылымын дамытып, қазақ баласын қатарға қосып, білім нұрын шашуға, оқытып, адам қылуға серт етеді. Ақын өзі өлсе де, тәнін көмгенмен, тәнмен бірге жоқ болмайтынын, сөзі барда, елге еткен еңбегі, ісі барда өлместің шамын жағып, мәңгі өмір сүретініне сенеді. Ел өзінің атқарып жатқан еңбегінің маңызын түсінбей, қолдау бермей, тіпті аяқтан шалатынын білсе де, сонда да жасымай алға ұмтылып, болашақ үшін қызмет етуді мақсұт еткен Ахмет өлеңін былай түйіндейді: «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін». Ел ертеңі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ұлтының ұлық, халқының көзі ашық, жастарының жалынды, оқығандарының қарымды болуы үшін қызмет еткен Ахмет бабамыз күншілдердің жаласын арқалап, бірнеше мәрте абақтыға қамалып айдауда болса да, алған беттен қайтпай, ұлты жоғалмас үшін оның тілін жоғалтпауды көздеді. Алайда, отарлаушы елдің абақтысынан, өз жақындарынан көрген түртпек, өз қазағының көреалмаушылығы жанына батқан сәтте: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес арға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» — деп аһ ұра толғанады. Рухани ұйқыдағы қазағы білім қуып, алға ұмтылудың орнына бір күнгі өмірді ойлап, артқа тартып жүргенін «Малшы мен маса» атты мысал өлеңінде шебер суреттейді. Өлеңнің қысқаша сюжеті мынадай: «Ұйқыда жатқан малшыны жылан шақпақшы болып ұмтылғанда, шақсам жанына батырып алам-ау деген оймен маса малшының құлағына ызыңдап, оны оятпақшы болады. Малшы болса масаның ызыңдағанына ашуланып, оны ұрып өлтіреді. Мінекей, малшыға жаны ашып, тіктеп келген ажалдан құтқарған масаның өлімі малшыдан келеді. Ақын қазақ халқын ұйқыдағы малшыға, орыс халқын малшыны шақпақ боп ұмтылған жыланға, ал өзін сол халқын оятпақ болып ызың қаққан масаға теңейді». «Ойлаймын осы сөз де жетеді деп, Қатты айтсам, сөзім батып кетеді деп. Ұйқысы ашылмаған жұрт өзімді Қорқамын сарымасадай етеді деп» — деген шумағында Ахмет өз тағдырын өзі болжап, түбі не боларын іштей біліп, көрегендікпен айтып кеткен. Иә, Ұлт ұстазының түбіне жеткен, шынында, өзіміз, өз қазағы емес пе? Патша үкіметі кезінде де, Кеңес үкіметі тұсында да Ахмет өз қазағының домалақ арызы кесірінен ұлтшылдық-буржуазиялық өмірді аңсайтын, билікке қарсы пікірдегі адам ретінде тұтқындалып, айдауда болды. Тіпті өткен ғасырдың отызыншы жылдары бірнеше мәрте қамалып, абақтыда «Халық жауы» ретінде ату жазасына кесіледі. Ахмет айтқан тіл мәселесі арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге өзінің өзектілігін жойған жоқ. Бәлкім, кей кісілер отарда болғанымызды, КСРО-ның кезінде орыс тілінің ықпалды болуын алға тартар-ау! Бір кездері Ресейдің құрамында болсақ, Тәуелсіз ел болғанымызға да биыл ат басындай 30 жылдан асты емес пе? Десек те, тіліміз әлі күнге толық тәуелсіздігін алмаған сыңайлы. Себебі, Қазақстанда орыс тілінің ықпалы мемлекеттік тілмен салыстырғанда әлі де болса күштірек. Ол – мемлекеттік тіл жөнінде саясат жолға қойылса да, тұрғындар арасында мемлекеттік тілді үйренуге талпыныстың төмендігінің нәтижесі. Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, жат тілде сөйлеуге әуес өз қазағымызды қайтеміз? Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы «Ана тілін біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беру зор қата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» — деп, ана тілді білмеудің қаншалықты қасірет екенін айтып өткен. Осы орайда Ахметтің «Біз де тіліміздің сақталуын тілесек, өзге ұлттар секілді ең әуелі өз тілімізде оқытуымыз керек» деген пікірі ойға оралады. Қайран, Алаш арыстары-ай! Ұрпағына келер қасіретті ертерек сезіп, соның алдын алу үшін айтудай-ақ айтып кеткен ғой! Бірақ соны тыңдайтын құлақ, оқыпкөретін көз, миға түйетін сана болса, кәнекей! Қазіргі қоғамдағы тіл мәселесі төңірегіндегі ең үлкен қасіреттің бірі – тіл тазалығының сақталмауы, тілдің шұбарлануы. Тіл тазалығы не дегенге тоқталып өтер болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» — дейді. Демек, тіл тазалығын сақтау үшін өзге тілдегі сөздің қазақша баламасын іздеп, қазақша нұсқасын айтқанымыз ләзім. Ал, ол сөздің қазақшасы болмаған жағдайда ғана өзге тілдің сөзін сол күйінде халыққа түсінікті түрде қолдануымыз керек. Егер өзге тілдің сөздерін ретсіз қолданып, тілімізге тықпалай беретін болсақ, тіліміз шұбарланып, Ахметше айтсақ, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілдің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуымыз мүмкін. Қазіргі ақпараттанған қоғамда тілімізді шұбарлаушылар шаш етектен. Әсіресе, жастар түрлі слэнгтерге (бейәдеби тілдік норма) құмартып, тілімізді қасақана бұрмалап жатыр. Мұндай бассыздық тек ауызекі сөйлеу тілінде ғана емес, баспасөз беттерінде, сайттарда орын алып, тіпті ел айнасы болатын теледидарда да тілбұзарлар көптеп кездеседі. Мәселен, «Болып табылады», «Барады ма?», «Биылғы жылы», «Бүгінгі күні» деген сынды сөздер тілімізді көркейтпейді, керісінше, жұтатады. Баспасөз беттерінде тіл заңдылығы сақталмаған, стилистикалық, грамматикалық қателерге толы, сөйлемдерінің арасында логикалық, синтаксистік байланысы жоқ мәтіндер де кездеседі. Сондай сәтте мұндай мәтінді жазған адам сауатсыз ба, әлде оны баспаға жіберген редактор өз ісін білмей ме деген сауалға жауап таппай қиналамыз. Елімізді сақтау үшін тілімізді сақтайық. Ал, тілді сақтау үшін оны шұбарламай, тіл тазалығына ерекше мән бергеніміз жөн. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатынын» ескеріп, қазақ ұлтының болашаққа қадам басуын ойласақ, жас ұрпақты ұлттық тілде тәрбиелеп, ана тілімізде білім беруіміз керек. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы, ал ХХІ ғасырдың басында Өмірзақ Айтбайұлы шырылдап, тілді сақтау үшін, қазақ тілі өз мәртебесіне лайық қолданыста болуы үшін саналы ғұмырын жұмсап, тер төкті. Ахмет атамыз қазақ Тіл білімін дүниеге әкеліп, оның қалыптасуына жол салды, қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырды, тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін, ұлт өркендеуіндегі орнын айқындап, қазақ руханиятындағы маңызына алғаш рет айрықша баға берді. Ахметтің қазақ тіліне сіңірген еңбегін саралап айта берсек, бұл тізбек әріге жалғасып, бұдан да ұзынырақ болатыны бәрімізге мәлім. Биыл Ұлт ұстазының туғанына – 150 жыл. Мерейтойы қарсаңында біз Ахметтің атқарған еңбегін бағалап, үмітін ақтап, ана тілімізге дақ түсірмей, қызғыштай қорып, келер ұрпаққа насихаттай алсақ, баба рухына арнап орнатқан алып ескерткішіміз сол болар еді. Себебі, тілсіз ұлт, ұлтсыз тіл өсіп-өркендей алмасы анық. Қазақ атты халықты тарих түпкірінен емес, болашақта озық елдердің қатарынан көргіміз келсе, онда қазақ тілінің өркендеуіне бір кісідей атсалысып, үлесімізды қосайық.

Алмат ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button