Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБілім және ғылымДін және қоғамҚоғамТұлға

Ұлы Абай идеялары мен ислам діні арасындағы үйлестік

Абай Құнанбайұлы 10 жасынан бастап, он үш жасқа шыққанша әкесі Құнанбай қажы салдырған Ескітамда дәріс алады. Одан кейін Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесінде оқуын жалғастырған. Тума талант Абай медреседе шариғат заңдылықтарымен қатар түрік, парсы, араб, өзбек тілдерін жетік меңгеріп, шығыстың ғұлама-ғалымдарының, шығыстың шоқжұлдызы атанған Фирдоуси, Сағди, Физули, Низамилердің шығармашылығымен де танысты. Жүрегіне дін кіріп, Ислам дінін «дүмше молда құсап» шала түсінбей, діннің тереңіне бойлап, Алланы, ақиқатты тануға әрекет етеді. Ислам діні Абайдың өміріне көп өзгеріс әкелді. 18 мың ғаламды жаратушы бір Алла екеніне, оның  жалғыз екеніне иман келтірді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Әр қазақ баласы Абайды оқып, білуі тиіс. Абай – ғұлама, Абай – данышпан. Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдызы. Жастарға айтарым: Абаймен ұйықтаңыз, Абаймен ояныңыз, Абаймен ойланыңыз. Сонда Абай сияқты ғұлама болмасаңыз да білімді парасатты, зерделі, елін, жерін сүйетін, ұлтжанды, терең ойлы азамат болатыныңызға сеніңіз» — деп жастарға үлкен сенім білдірген екен.

Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын, Абай өмір сүрген қоғамның бет-бейнесін суреттеп, болмысын танытуда Мұхтар Омарханұлы Әуезов көп еңбек сіңірді. М. Әуезовтің «Абайтану» ғылымының негізін қалап, Абай шығармашылығын ғылымға енгізгенін айтпағанның өзінде Абай туралы жазған 4 томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы ұлы ақынның азаматтық, ақындық болмысын танытып тұр емес пе? Қазіргі таңда «Абай жолы» романы 72 мемлекеттің 42 тіліне аударылған. Заңғар жазушы  Мұхтар Әуезовтың арқасында, Абай арқылы күллі әлем қазақты біледі десек, артық емес. Абайдың 45 қара сөзін түсіну үшін бірнеше рет оқуға тура келеді. Бірнеше рет оқығанда да түсіне алмасаңыз, авторға өкпеңіз жоқ, онда кінәні өзіңіздің біліміңізден, ой-өрісіңізден іздеңіз деп оқырмандарға ой салған. Зиялы қауым Абайдың данышпандығын ғұлама, философтар Аристотель мен Конфуцийге,  ақындығын Гете, Байрон, Фирдоуси, Пушкинге теңеген. Немере інісі Шәкәрім Құдарбердіұлы Абай туралы «Ол қараңғылық, надандық, әділетсіздік жайлаған қор заманда өмір сүріп, қор болып өлді» — деп күйінген екен.

Кім жалғыз бұл жалғанда – есті жалғыз,

Мұңдасар болмаған соң бір сыңары…

Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,

Қазақтан табылды ма соның пары?

Өлеңімен жұбатты өзін-өзі,

Еңбегі – еш, іші – беріш, жүзі – сары.

Не қылса да шыдады, білдірмеді,

Сол десеңші сабырлы қазақ нары, — деп сыр шертеді.

Дананың жалғыздық қайғысын бұдан асырып айту қиын. Енді Абайдың айтып кеткен философиялық ойлары мен идеялары Ислам дінімен үйлесіп жатқаны туралы бірнеше мысал айтайын. Мәселен, «Адамдық қарызың үшін еңбек етсең, Алланың сүйікті құлы боласың» — деп дөп айтқан. Заңғар ақын Абай Алланы жан-тәнімен сүйді. Оның хақ жолымен ғұмыр кешті.

 «Алланың сөзі де рас, өзі де рас»,

 «Алланың, пайғамбардың жолындамыз»…

«Ынтамызды бұзбасын иманымыз»

 «Мұсылман болсаң әуелі иманды бол» — деп Алланың сөзін де, өзін де растап, куәлік етеді.

Хакім Абайдың сөздері отты да ойлы. Әр сөзінде даналық бар. Келесі жыр толғауында:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сенде сүй ол Алланы жаннан тәтті

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы деп әділетті, — десе, адам баласын Алланың шынайы махаббатпен жаратқаны анық, Бүкіл халықтың атасы бір, ол Адам пайғамбар, сондықтан ешкімді де алаламай, бүкіл елді жақсы көру керек. Осы себепті ақын «адамзаттың  бәрін сүй «бауырым» деп» — деп жырлаған. Хакім Абай өзіне тән сезімталдықпен, көрегендікпен Алланың бар екенін, жалғыз екенін растаса, күллі адамзаттың бір адамның баласы екенін, бір-біріне бауыр екенін әлемге жар салып, паш еткен ғұлама ақын. Данышпан Абай атамыз өлеңдерінің бірінде «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа» — деп толғаған. Байқасақ, заңғар ойшыл атап отырған бұл түсініктің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан адамды, ең алдымен, Алланың мың сан хикметінің айқын айғағы болғаны үшін жақсы көруіміз керек. Кемеңгер атамыздың өлеңіндегі «Махабаттпен жаратқан адамзатты» деген жолдар адам  баласының тұла бойы хикметке толы дегенді білдірмей ме?

Жаратушы иеміз қасиетті  Құранда «Анығында адам баласын ардақты еттік» (Исра сүресі» 70 аят) деген. Ендеше ұлы Алла Тағала осыншалықты әспеттеп жаратқан адамды сүюдің өзі ғанибет емес пе? Осының шүкіршілігі ретінде Аллаға бас иіп, құлшылық ету қаншалықты маңызды екенін топшылай беріңіз. Адамды былай қойғанда, жердегі, көктегі, теңіздегі  он сегіз мың ғаламның  ризық-несібесі жайлы ойлап көріңіз? Мұның бәрі де Алланың ұлылығының белгісі емес пе? Абай атамыздың «Алланың хикметін  сез» деп жырлауының бір себебі болса, осыны сезген Абайдың даналығы да осында. Абай «Биссимилла» сөзін Аллаға жалбарыну арқылы жемісін беретінін былай жырлаған:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес!

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес, — десе, шариғатта «Адам баласы үшін осы дүниедегі негізгі   мақсаты – Алла разылығына лайық өмір сүру  арқылы ақирет бақытына қол жеткізу» — деп айтылған. Мына өлеңінде:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сияма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, — деп ғұлама тұлғаларды үлгі етеді.

Абайдың мұра етіп қалдырған қағидалары білім, ғылым, адамдық, дін хақында, мақсат-мұрат тұрғысынан болсын күллі  қазақ халқына рухани азық, ұрпақ тәрбиесінде  құнды нұсқаулық  болары сөзсіз. Ұлы дана Абай философиялық тұрғыдан жан, тән, рух арасындағы байланысқа анықтама берген әлемдік деңгейдегі ақын. Жан құмары мен тән құмары және рух атты еңбегінде  «Бұлар  тәннің құмары, бұлар болмаса, тән, жан адамға қонақ үй бола алмайды» — дейді. Тән құмарлығы –ұйқы мен тамақ және нәпсі. Бұл бүкіл хайуанат әлеміне ортақ. Жан құмарлығы – білім. Рухани жаңғыру үшін  адам тән құмарлығын жеңіп, жан құмарлығына берілу керек. Жан құмарына берілгенде жүректің көзі ашылып, адам жетілудің жаңа деңгейіне көтіріледі. Абай осындай рухани жаңғырудың негізін қалады. Рух – адамның кеудесіндегі Алланың нұры. Абайдың бұл ашқан жаңалығы әлемдік деңгейде жазылған, қанша  уақыт өтсе де құндылығын жойма,ан шығарма. Ғұлама Абай бүкіл халқымыздың жанашыры, елін, жерін сүйген ғажайып тұлға. Бес күндік өмірдің алдамшы екенін ұғынды, көп ізденді, талмай оқып, Алланың хикметін толғады. Абай – заманынан озық туған адам. Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Парасат — ақыл мен ой үндестігі, мінез жарастығы. Парасатты адам істейтін ісі мен сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін, әуелі ақыл таразысынан өткізіп алады. Әділетті ту еткен, жалғандыққа қаны қас адам. Дін деген – ғылым мен білімнің анасы. Дін жолы – иман жолы, имандылық жолы. Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай.

Енді ақынның адал еңбек туралы өлең жолдарына ой жіберсек:

«Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей».

«Адал бол, бай бол,

Адам бол, мал тап».

«Өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді құр тастамайды»

Еңбек – адамды қоршаған ортамен байланыстыратын дәнекер. Барлық құндылық адам қолымен жасалады. Абай адам тек адал еңбекпен ғана ел құрметіне бөленеді десе,  Ислам діні де еңбекке аса зор мән береді, ол таза еңбекпен табылған табысқа үндейді. Еңбек ету – әр адамның міндеті. Ислам  діні соның ішінде адал еңбек етуді, жасаған құлшылығы мен еңбегіне қарай әр адамға тиесілі несібені ризықты уағыздайды. Яғни адамның қадірі еңбекпен келеді. Алайда еңбектің де жүзеге асуының шарттары бар. Ол шарттар – тәуекел мен талап. Хакім Абай:

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есек көтін жусаң да мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, — дейді.

Тәуекел мен талап – іскерліктің, бизнестің шарты. Бұл ұғым қазақ мәдениетінде Алла ұғымымен байланысты. Байлық – Аллаға тәуекел етумен табылады. Шариғат  ұғымында не нәрсе Алланың қалауымен болады. Абайша айтқанда, адам Алланы сүюмен нағыз адам бола алады. Өзін ғана емес, қара бұқараның қамын жеген дана Абай әділдіктің жақтаушысы бола білді. Ұлы ақын адам бойындағы жақсы жаман қасиеттерді саралай келе, адамгершілік пен әділеттілікті ең негізгі ұстаным ретінде ұсынады. Өткен тарихтан сабақ алып, тәжірбие жинақтау арқылы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды дамыта аламыз. Міне, бұл да XIX ғасырдағы Абай пәлсапасы мен бүгінгі заман сабақтастығы мен үйлестігі.

Ұлы Абай «ТОЛЫҚ АДАМ» туралы шығармасында былай дейді: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер орта жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын». Мұны Абай жалықтық дейді… — Адамның өмірлік бағыты, басты жолы Кемел адам (толық адам) «ғылым таппай, мақтанба» деп өмір сүрмек. Ақиқатында «жан тамағына жетерлік» — өмір барда, тіршілік барда, тоқтамақ  емес. Ендеше, адам жаны кемелденген сайын өмір жұмбағы көбеймесе, азаймайды. Ал, бұл жұмбақты шешудің жалғыз жолы – өмір сүру! Яғни, бір күндік жарық дүние – адам үшін ең басты құндылық. Абай сияқты ойлайтын адамдар «Өлім өмірдің соңы деп емес, өлім – өмірдің қорытындысы» — деп өмір сүреді. Мәңгілік сапарға «Мен саған ризамын» — деп, қанағат сезіммен аттанады. Ал, Шариғатта жақсы адам о дүниеге Алланың разылығын алып аттанады. Міне, осындай адам – Абайдың толық адамы. Абайдың толық адамын, Алланың сүйікті құлдарының прототипі десек те болады.

Рахман сүресінің 26 аятында «Жер бетіндегі барлық нәрсе пәни, яғни өткінші. Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады» — деп анық айтылған.   Адамның басы Алланың добы, Құдайсыз қурай сынбайды. Алланың қалауымен адамзат өмірге келеді, Алланың қалауымен өмірден озады. Яғни, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайды. Осы қағидаларды берік ұстанған хакім Абай «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма?» — деген өлеңінде өзіне тән даналықпен, діни тұрғыдан нақты жауап берген. Мәселен:

Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма,

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат ғадауатпен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?..

…Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмірі жарқылдап алдар бірақ.

Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ.

Қорыта айтқанда, өлең жолдары Шариғат  қағидаларымен  үйлестік тапқан. Ғұлама Абай «Махаббат, ғаделет иесі – он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла тағала» дейді. Махаббат, ғаделеттің негізгі қайнар көзі, бастау бұлағы – Құдай тағала. Яғни, он сегіз мың ғаламның, оның ішінде, біз өмір сүріп отырған ғалам Алла тағалаға лайықты махаббатпен, ғаделетпен жаратылған деген ойды аңғарамыз. Абай махаббат пен ғаделетті «Алланың хикметі» дейді. Хикмет – даналық, терең сыр, құпия әлем деген сөз! Абайдың философиясында Алла ақылға сыймайды. Өйткені, «Алла өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді тануға болмайды» — дейді хакім Абай. Сондай шетсіз, шексіз, тумаған, туылмаған Алла тағаланы сезетін тек жүрек екен. Абайдағы адам таңғаларлық білім қоры, дүниенің сыры, тіршіліктің мәні мен мағынасы туралы ғажайып ойлар мен ілім осы жүрек арқылы келгені анық…

Алла тағаланың құдіретімен жаралған он сегіз мың ғаламның құпия сырлары мен  хикметтерін жүрекпен сезінетін болайық. Алланың сүйген құлы болуды Алла нәсіп етсін… Алланың разылығына лайық өмір сүрейік.

Қабылан  КӨРПЕБАЕВ,

еңбек ардагері,

Мойынқұм ауданының

Құрметті азаматы

Жетінші қара сөз

Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр- жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге- ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» — дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.

Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер — тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button