«Қасірет тартқан күндерім әлі көз алдымда»
Тәуелсіздік – әр халықтың асыл арманы, асқақ мұраты. Қазақ халқы да өзінің азаттығы үшін ғасырлар бойы күресіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен байтақ жерін қызғыштай қорыған. 300 жылдай Ресейдің боданында болып, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан секілді аяулы ұлдары ұлт қамын жеп, елдің санасын оятпақ болып талпынса да, қалың ұйқыға кеткен ұлттың рухы мен намысы бірден бас көтере қоймады. Тәуелсіздік атты қасиетті сөзді естіп, бостандықтың таңы ату үшін қанша арыстарымыз бен боздақтарымыз жан алысып, жан берісті.
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғанына биыл аттай отыз бір жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан әлем танымастай өзгеріп, қарыштап дамып, әлемдік аренада өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Біздің осындай іргелі елге айналып, азаттықтың бесігінде тербелуімізге 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері бейбіт шеруге шыққан жастардың еңбегі орасан зор. Олар елімізді қазақ басқарсын, өзге ұлт қазақ халқын басынбасын, еліміз теңдік алып, өз алдына мемлекет болсын деген арманның жетегінде мұз құрсанған желтоқсанда шаршы алаңнан табылды. Жүрегі «Елім» деп соққан сол кездегі жалынды жастың бірі Байбусинова Сауле Жанахметовна. Атаулы күннің қарсаңында біз Сауле Жанахметқызын әңгімеге тартқан едік…
– Сауле Жанахметовна, газетімізге сұқбат беруге келіскеніңізге алғысымыз шексіз. Әңгіменің басын өзіңізді оқырмандарымызға таныстырудан бастасақ…
– Мен 1964 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келдім. 1981 жылы онжылдық мектепті аяқтап, Алматы қаласына арман қуып, оқуға тапсырдым. Алайда, сол жылы жолым болмай, оқуға түсе алмадым. Алматыда қайткенде де жоғары білім алып, маман болып елге оралуым керек деп, Алматы қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Бір жағы жұмыс істеп жүріп, әрі дайындалып, 1982 жылы сол кездегі Қыздар педагогикалық институтына (қазіргі ҚызМПУ) филология факультетіне оқуға қабылдандым. Жоғары оқу орнын сәтті тәмәмдап, Талғар ауданында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп қызмет еттім. 2017 жылы Іле ауданы КазЦИК ауылында ашылған №42 орта мектепке орналасып, қазіргі уақытқа дейін сол мектепте ұстаздық қызмет етіп келемін.
– Демек, сіз Желтоқсан оқиғасы кезінде әлі де студент болдыңыз ғой?!
– Иә, 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасы» орын алған кезде мен бесінші курста білім алып жүрген болатынмын. 16 желтоқсан күні радиодан Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына Ресейден Колбин деген кісіні бірінші хатшы етіп тағайындағанын естідік. Ол кезде жаспыз, қазіргі жастар секілді ғаламтордан, басқа да дереккөзден жан-жақты ақпарат алып, саясатпен айналысып жүрген жоқпыз. Десек те, «Неге өз Қазақстанымызды қазақ басқармайды? Неге айдаладағы ресейлік басқаруы керек?» деген ой мазалады. Түн ішінде есігімізді арасында студенттер бар бейтаныс жандар қағып, «Біз Димаш ағамызды қолдап, ертең алаңға шығамыз. Қонаевтың өз аузынан өз еркімен кеткендігі жайлы ақпаратты естуіміз керек. не үшін бізді басқа ұлт билеуі керек?! Өз қалауымызды айтамыз. Сендер де бізбен алаңға жүріңдер. Ертең құр қол бармай, транспаранттарыңды алып шығыңдар» — деді. Сол кезде бізде «Ленинская комната» болатын. Біз сол комнатадағы транспаранттарды алып, ондағы жазуларды жуып, кептіріп, түндегі кісілердің айтқан сөздерін жазып, таңертең оқу корпусына бардық. Мен студент кезде комсорг болатынмын. Корпусқа бара жатқан кезде ішім әлденені сезгендей, жүрегім атқақтап қоя берді. Бірақ корпусқа кірген кезде ондағы жайбарақаттықты көріп, көңілім сабасына түсіп, сабақ енді бастала бергенде КГБ адамдары ма, кім екенін білмедім, бір кіслер келіп, әр курстың, әр топтың старосталарын, комсорг, профкомдарды мәжіліс залына жинады. Содан партия қызметкерлері (аты-жөнін ұмыттым) бізге алаңда тәртіпсіздік орын алатынын, жастар басбұзарлыққа баруы мүмкін екенін айтып, бізге қойындәптер мен қалам таратып, тобымыздағы, оқу корпусындағы танитын адамдардан алаңға шығып, шеруге қатысқандар болса, соларды қойындәптерге жазуымыз керектігін түсіндірді. Қызыл шүберектен жасалған таңғышты қолымызға тағып, қалам-дәптерімізді алып, сыртқа шықтық.
– Желтоқсан оқиғасына қатысушылар жайлы мәлімет жазғызып, сіздердің қолдарыңызбен от көсемек болған екен ғой. Сіздер не істедіңіздер?
– Сыртқа шығып бара жатқанымызда алдымыздан филология ғылымдарының докторы, профессор Джуанышбеков Нурболат ағай жолығып, «Олар сендерді қолжаулықтай пайдаланып, ертең бастарына күн туса, сендерге ысыра салудан тайынбайды. Сондықтан, ойланыңдар! Алаңдағы жастарды жазып, олардың тағдырымен ойнау сендерге тиімді ме? Одан да жеңдеріңдегі қызыл таңғышты шешіп, қалам-дәптерлеріңді қалталарыңа салып, алаңда 2-3 сағаттай жүріп қайтыңдар. Ешкімді жазбаңдар. Біреудің обалына қалуларың мүмкін» — деп ағалық ақылын айтты. Біздің оқу корпусымыз Сейфуллин-Гоголь көшесінің қиылысында болатын. Сол жерден автобусқа отырдық. Төле би көшесінен асқан кезде автобус тоқтап, әрі қарай жүрмеген соң, алаңға қарай жаяу жүріп кеттік. Жол-жөнекей жастардың «Менің Қазақстаным», «Қара бауыр қасқалдақ» әндерін шырқап алаңға бара жатқанын көрдік. Алаңда парад өтіп жатқандай, адамдар қаптап кеткен. Біз таңғалдық. Парад деген себебім, адамдар белгілі бір топпен өтіп жатты. Студенттер, басқа да құрылымдардың қызметкерлері, атап айтқанда, ауыр механизация зауытының, АХБК жұмыскерлері топталып, қолдарында «Голощекин тауқыметі қайталанбасын», «Колбин кетсін» деген сынды жазуы бар әр түрлі лозунгтер, Қонаев атамыз бен Лениннің суреттерін көтеріп алып өтіп жатты. Трибунада (кім екені алыстан көрінбеді) адамдар тұрды. Олар алаңға жиналушыларға түсініспеушілікке бой алдырмай, үйлеріне қайтулары керектігін айқайлап айтып жатты. Біз де осы көріністі көріп, жатақханаға қайтамыз деп ойлағанбыз. Трибунаға әртістер, ақын-жазушылар кезекпен шығып, сөз сөйлеп, дауысзорайтқышпен жиналғандарды үйлеріне қайтуға шақырды. Трибунаға АХБК-ның бір жұмысшысы шығып, «Менің қызым асфальтқа бейбітшілік жайлы сурет салады. Неліктен Қазақстанды қазақ басқармайды? Елімізде тағы да Голощекин кезіндегідей нәубет болмасына кім кепіл? Өзге ұлт қазақтың болмысын түсініп, жанын ұға ала ма?» — деді. Бір кезде екі милиционер әлгі кісіні екі жағынан ұстап, автозакқа тиеп алып кетті.
– Алаңға шыққан кісілер қарсылық білдірмеді ме сонда?
– Меніңше, сол кезде алаңда бір дүмпу болып, жағдай өзгере бастады. Адамдар қозғалысы мен қарсылық сөздері көбейіп, милиционерлер алаңда қаптап, алаңға шыққандарды ұрып, шетінен ұстап жатты. Қазір ойлап отырсам, үкіметтегілер милиция қызметкерлері арқылы алаңдағыларды әдейі арандатқан секілді. Алаңдағылар да милицияларға қарсылық білдіріп, олардың өздерін ұрып жіберіп, қол көтерді. Милицияларға да керегі сол секілді, сәт сайын өршеленіп барады. Алаңда тұрсақ та біз Ресейден әскер алдырыпты, әуежайда ұшақтан әскерилер түсіп жатыр екен, пойыздармен де әскери қызметшілер келіпті деген ақпараттарды естідік. Күн суық. Сақылдаған сары аяз. Бірақ шерушілер тарамады. Тіпті, аяғымыз-дың тоңғанын да сезбедік. Сонда да алаңнан кетпей Дінмұхаммед Ахметұлы келіп өзі халыққа бір ауыз сөз сөйлей ме екен деген үмітпен тұрдық. Ол кісіні қамауда ұстап отырғаны жайлы естіп, көңіліміз түсіп кетті. Түстен кейінгі уақытта сағат шамамен төрттен өте өрт сөндіруші көліктері колонна боп сап түзеп келе бастады. Олар келе салып су шашып, жақын маңда тұрғандар судың ағысына шыдамай құлап жатты. Біз алысырақ тұрсақ та, бізге де су тиіп, үстіміз малмандай су боп, мұз болып қата бастады. Бірақ, алаңға әу баста қызығушылықпен шығып, кейін намысы қызып, ұлттық мүддені көздеп отырған жастар қанша тоңса да, ешқайда кетпей, алаңда бір-бірімізді ұстап, тайғақта жығылып қалмау үшін қолтықтасып тұрдық. Су шашып, мұз қатып жатқан соң алаңнан кетудің жолын іздеп, адамдар алға-артқа, оңға-солға толқыды. Жан-жақта мұздай қаруланып, қалқа ұстап алған әскерилер. Түрлеріне қарасақ орыс тектес. Бізді жібермей, кеудемізден итеріп, алаң ортасына қарай қуды. Арттан қуалап келе жатқан соң адамдар құлап, аяқтың астына тапталып, жаншылып жатқандар да болды. әскерилер күректерімен, шоқпарларымен (дубинка) ұрып, қыздарды шашынан тартып құлатып жатты. Бір кезде менің басымнан бір орыс әскери сапер күрегімен ұрғанын білем, бірақ ештеңені сезбей оңға-солға жүгіре бердік. Сол кезде бір жасы үлкендеу орыс кісі бізді шақырып, әскерилерге «мына жастар шығатын жер таппай жүр. Өткізіп жіберіңдер» деді. Олар бізге жол ашып, арамызда ұлдар да бар, бір-бірімізді танымасақ та қолымыздан ұстап, жүгіре басып алаңнан шығып кеттік. Көшеде де адамдар көп. Милиция да, әскери көліктер де көп. Олардан тығылу үшін арықтарға ұзыннан жата қалып, жасырынып, бұға жүріп, қаштық. Балконнан қарап тұрған орыстар «Вон они бегут» деп айқайлап, милицияларға бізді нұсқады. Әупірімдеп жүріп қашып шығып, бұқпантайлап жүріп жатақханаға келдік. Вахтершы үлкен кісі «Қыздар, бөлмелеріңнің шамын жақпаңдар. Аңдып жүргендер бар. Сендері қайта ұстап алып алаңға қарай қуады» — деп жанашырлық таныта сөйледі. Бөлмеге келіп, басымды ұстасам, қалпағым алмаспен тілгендей тілініп қалыпты. Анам бас киімімді өзі тоқып, ішіне астар салған еді. Сол менің өмірімді сақтап қалды десем де болады. Басым жарылып, қанаған екен. Қанын тоқтатып, басымды таңып, демалдым. Мұз үстінде тұрғанымыз бар, өрт сөндіру көлігінен шашылған су бар, мұз кесек боп тоңғанның салдарынан көп жылдар бойы емделіп, денсаулығымды түзеумен жарты өмірім өтті. Қатты суық өткеннен бала көтере алмай, он жылдай арнайы емделдім. Өткенді еске алсам, жүрегім ауырады. Себебі, біз сол бір күннің ішінде адамның қандай жыртқыш айуан екенін көрдік. Бейбіт шеруге шыққан жастарды аямай соққыға жығып, ұрып, тепкілеп, аяқтың астында тапталып жатқан өлі денелер – әлі күнге дейін көз алдымда.
– Алаңға шыққаныңыз оқуыңызға кедергі болмады ма?
– Мен тобымда белсенді болған соң, әрі жоғарыда комсорг болдым деп едім ғой, соның көмегі тиіп, оқуымды аяқтап, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын иелендім. Алғашында жұмысқа орналасу қиындау болды. Бірақ, менің мінездемем жақсы болғандықтан, сол кездегі Талғар ауданы Білім бөлімінің басшысы Д.Р. Битулова маған «Қайсар қыз екенсің» деп қолдау көрсетіп, жұмысқа тұруыма көмектесті. Талғар қаласындағы №6 орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еттім. 5-6 жылдай орыстардан түртпек көріп, «Хулиганы», «Бандиты» деген секілді сөздерін естіп, бас көтере алмай, «Мен – қазақпын» деп мақтанышпен айта алмай жүрдік. Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктегенде біз де бойымызды тіктеп, қазақ екендігімізге мақтанып, кеудемізді бір рухты сезім кернеді.
– Жоғарыда сол бір оқиғаның салдарынан бірнеше жыл емделгеніңізді айтып өттіңіз. Сізге желтоқсаншы ретінде жеңілдіктер қарастырылған ба? Үкіметтен көмек аласыз ба?
– Желтоқсаншы ретінде бұрын қоғамдық көліктерде тегін жүретін едік. Оңай қойғалы ол жеңілдіктен де қағылдық. Қазір «Желтоқсан оқиғасының қатысушысы» куәлігімен қоғамдық көліктерде тегін жүре алмаймыз. Үкімет тарапынан еш көмек көрсетілмейді. Мен жалғызбасты ана ретінде, 35 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз ретінде сенімді түрде үкіметтен ешқандай қолдау болмағанын ашық айта аламын.
– Жас ұрпаққа айтар аналық кеңесіңіз?
– Өсіп келе жатқан жастар алдыңғы буын аға-әпкелерінен үлгі алып, елін, Отанын жанымен сүйетін патриот болып өссе екен деймін. Себебі, мынау жаһандану дәуірінде тек патриоттар ғана өз елін жұтылып кетуден аман сақтап қалады. Ғаламторға тәуелді қоғамда жас ұрпақтың елжанды болып өсуі, теріс әрекеттерге бой ұрмай, өзін тәртіпті, дұрыс ұстай алуы – өте өзекті мәселе. Өскелең ұрпақ өзінің қазақтығынан жерімей, ана тілін біліп, өз елін құрмет тұтып, қазақтығымен мақтана алса, еліміздің ертеңіне үмітпен қарауға болады. Сондықтан, қоғамда патриоттық тәрбиені жолға қойып, иедология ұлтқа қызмет етсе екен деймін.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында елімізге айтар тілегіңіз қандай?
– Азаттық – қазақтың қастерлі мерекелерінің бірі. Биыл еліміз ел болып еңсе тіктеп, жеке отау тіккелі 31 жыл толып отыр. Елдігіміз бекем, ел іргесі берік болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, Жаратқан Иеміз қазақ халқының «Мәңгі ел» болуын нәсіп етсін. Бабаның қанымен, ананың көз жасымен келген азаттықтың қадірін білейік!!! Кейінгі жас ұрпақ біз көрген тауқымет пен қасіретті көрмесін. Ауданымыз гүлденіп, тұрғындардың әлеуеттік жағдайы жылдан-жылға жақсара беруіне тілектеспін.
– Әңгімеңізге рахмет.
А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ