ЕҢБЕГІМ ЕЛ ИГІІЛІГІНЕ ЖАРАСА БАҚЫТ ДЕГЕН СОЛ
Мына жалпақ жалғанда сәулет айнасы – тарих, тарих айнасы – сәулет деген қағида бар. Бұл қатып қалған қағида тек сәулет өнерінің сахнасында жүрген майталман мамандарға ғана арналған баға деп білеміз. Немістің компазиторы Гете «Сәулет – таспен жазылған құдіретті музыка» депті. Осыдан-ақ, сәулет өнерінің адам һәм қоғам өмірінде алатын маңызды орны көрініп-ақ тұр ғой.
Ежелден әр халықтың өз дүниетанымына, өз болмысына сай, оның ұлттық ерекше-ліктерін айшықтайтын сәулет өнері болған. Қазақ халқы да Ұлы Дала төсінде қаншама ойып тұрып орда салған болатын. Сәулет өнері барлық елде өз ерекшеліктерімен «мен мұндалап» айшықталып көрініп тұрады. Қоғамның кез келген сәттегі әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуы немесе құл-дырауының да айқын айғағы.
Біз тұратын халқы тығыз орналасқан Алматы облысы, Іле ауданында да дәл қазіргі кезде сәулет өнері қарқынды дамып келеді. Экономикалық жағынан тиімсіздігіне қарамастан жаңа ғимараттар салып қана қоймай, оны заманауи жаңа дизайнда баршаға ұсынып отыр.
Көше бойында көрінген сәулеті жарасқан ғимараттарды көргенде «Мынандай әсем ғимараттардың артында кімдер тұр екен?» деген заңды сұрақ туындайды. Аудандық газетіміз арқылы сіз бүгінгі заманауи сәу-летшімен етене таныса аласыз.
Біз сіздерге талдырмаш денелі, нәзік жанды, қарапайым қазақтың қызы, сәулет өнерінің иесі талантты Динара Батырханқызы жайлы сыр шертпекпіз.
– Динара Сарқытбекқызы, өзіңіз жайлы оқырмандарымызға айта кетсеңіз? Қай өлкенің тумасысыз? Сәулет өнеріне қалай келдіңіз?
– Мен, шыңылтыр аязы қатты қаңтар айының дәл орта шенінде, Алматы облысы Райымбек ауданы Қақпақ ауылында Батырхановтар отбасында дүниеге келген екенмін. Әкем Батырханов Сарқытбек, ауылымызда жылдар бойы спорт жатықтырушы болып қызымет атқарды. Әкемнің маған қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен соң, әке аманатына қиянат жасамауға тырысып келемін. Анам Тойымбаева Нұрбала ауыл бала-бақшасында көп жылдар бойы медбике болып жұмыс істеді. Анамың ақ сүтімен бойыма адамгершілікті, адалдықты, төзімділікті, кішіпейілділікті кұйып қойған секілді. 2001 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Құрылыс Меха-никаландыру және автоматтандыру» факультеті бойынша күндізгі оқу бөлімінде оқып, 2006 жылы сәтті аяқтадым. Содан бері сәулет саласында еңбек етіп келемін.
– Қыз бала үшін құрылыс саласы ауыр емес пе? Сәулетші болу өз таңдауыңыз ба?
– Әрине, өзім осы салаға бейім болып өстім. Жалпы, біз отбасымызбен бірге құрылыс саласында қызмет етеміз. Атам Батырхан Мәнекеев – жылдар бойы колхоз басқарып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып бұзылған, көпірлер мен жолдардың сызбасын сызып, қайта қалпына кетірген құрылыс отрядында болған екен. Қазақтың «Ата көрген оқ жонар» — деген нақылы бар ғой. Біз де сол атамыздың ақ таяғын арқалап, жоғары оқуда да еңбек жолымызда қала құрылысы мен сәулетіне арнап келеміз. Кейін өзім тұрмысқа шыққанда да жолдасым Айбар Оспанов марқұм да суретші еді. Жанұямда үш баламмен қалдым. Үлкен ұлымыз да қазір құрылысшы, сәулетші болып жұмыс істейді. Жастың аты жас қой. Заманауи жобаларды жасауда іске асыратын тың идеяларды алға тартып отырады. Қолғанатыма айналды.
– Алға қойған арман-мақсаттарыңызбен де бөлісе отырыңызшы…
– Жалпы қазақты типтік жобамен көзіміз үйреніп кеткен жеке тұрғын салудың ес-кі жолын бұзып жаңа дизайнға көшуді дәріптеп жүрмін десемде болады. Ескіліктен арылуымыз керек. Заман сұранысына сай ғимараттар салуымыз керек. Шығынына келсек сол төртбұрышты үйге кететін қаржымен бірдей-ақ. Арманымның бір ұшы осы. Тағы да алдымда үлкен арманым бар. Менің алдымда Алаш жұртыма арналған үлкен жоба тұр. Менің салған ғимаратым ұлтыма қызмет етсе екен деймін. Адамзаттың пайдасына шешілетін жайлы әдемі, жап-жарық, замануи үлгідегі, қазақи нақыштағы алып нысанды салсам деген арманым бар. Оған уақыт керек, үлкен қаржыны талап етеді. Асыл арманымды түбінде халықтың игілігіне пайдаланатын нысанға айналдырамын.
– Сәулет саласында кімдердің жұмысына көңіл бөлесіз?
– Өзім үлгі тұтатын сәулетшілер – Рем Колхас, Норман Фостер, Монфреди Николетти, Шефик Беркие. Осы сәулетшілер бас қаламыз Астана ғимараттарына да үлкен үлес қосқан адамдар. Отандық сәулетшілер Ақмұрза Рүстембеков, Шоқан Матайбеков, Тоқтар Ералиев секілді нар тұлғалы ағаларымызды да тілімізге тиек еткеніміз жөн. Бірінен бірі өтетін майталмандар, өз саласының хас шеберлері. Ең алғашқы жобалау жұмыстарын үйреткен ұстазым, бауырым, өзінен кіші бауырларына мейірін төгіп, мерейін өсіруге барын салған, қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын үздік бітірген Сәулет Батырханды айтамын. Біздің әулеттің сүйікті кәсібіне айналған «НҰРСАТ» жеке кәсіпкерлік компаниясының негізін қалаушысы осы – Сәулет Батырхан. Талғар ауданындағы бас кеңсесінен Іле ауданына бөлімше етіп шығарып, бізді киелі Іле ауданына Өтеген батыр ауылына орыналастырды. 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз.
– Әдемі ғимартты дүниеге әкелу үшін адамда қандай қасиет болу керек?
– Сәулет саласында жақсы маман болу үшін бір ғана талант жеткіліксіз. Мамандықты игеру үшін көп еңбекқорлық қажет. Қазір технологияның қарқынды дамыған дәуірінде сәулетші мамандығы одан да күрделі, бірақ өте перспективті болып табылады. Ғимараттар тек тәжірибиелік қана емес, сонымен қатар эстетикалық, экологиялық таза, көп функциялы болып салынуы керек. Маман ең күрделі компьютерлік бағдарламаларда жұмыс істей білуі керек, үнемі жаңарып, өзгеріп келе жатқан материалдарды дұрыс таңдай білуі, трендтерді сезінуі және болашақта оның жұмысының нәтижелерімен не болатынын көре білетін көреген болуы тиіс. Қазір біздің компанияның мамандары Сатылған Ернар, Қалибек Азиза, Маулетказы Рахат секілді болашағы зор, мықты мамандар жобаларды тамаша қорғауда. Алғашқы шәкірттерім Әбен Дарын, Лесходжа Рамазан, Мұрат Ақмарал сынды жастар өздерін жақсы жағынан көрсетіп, еліміздің әр түкпірінде өз идеяларын ортаға салып таныстыруда.
– «Қазақтың әлемдік өркениетке қосқан үш нәрсесі бар. Соның бірі – киіз үй» дейтін Ғабит Мүсірепов. Сіз ұсынып отырған киіз үйге ұқсас этно-стильдегі мейрамхана сынды жаңа заман талабына сай жобаңызды таныстырыңызшы?
– Бұл жоба болашақта жүзеге асырғымыз келетін қиялымыздың жемісі. Жоба үйлесімді пішінді қалыптастыру үшін əртүрлі ғасырлардың бірігуін білдіреді. Киіз үй түріндегі ғасырлар бойғы мəдени мұра жəне жаңа буынның əйнектелген қасбеті. Ғимаратта 3 негізгі блок бар:
1) əйгілі Нұрлы Тау бизнес орталығынан шабыттанған əйнектелген қасбет 2 қабаттан тұрады, онда қонақтарға арналған бөлек залдар, балаларға арналған ойын бөлмелері, дəстүрлі музыка əншілеріне арналған сахна жəне көптеген техникалық бөлмелер бар.
2) екінші блок орталық киіз үйдің екі жағынан екі бөліктен тұрады. Бірінші қабатты кең ауқымды іс-шараларға арналған үлкен залдар алып жатыр, олардың интерьері де ұлттық стильде жасалған. Екінші деңгейде ашық терраса бар, оның ішінде Алматы тауларына керемет панорама ашылады.
3) осы архитектуралық ансамбльдің Орталық қайраткері-жаңашылдықтың халқы-мыздың сан ғасырлық жəне қайталанбас мəдениетімен бірігуін бейнелейтін Алтын шаңырағы бар киіз үйі. Бірақ бұл жобалар да қатып қалған дүние емес, оған өмір өз керегін енгізіп, түзетулер мен толықтырулар жасалып отырады. Ең бастысы – бұл жұмыстарға дер кезінде мамандардың қатысуын, жобалардың кәсіби біліктілік пен жоғары дәрежеде жасалуын қамтамасыз ету. Жақсы туындылар жасау үшін конкурстар өткізу қажет. Біз егемен елміз, өркениеттің қазіргіден де биіктеріне шығамыз деген ойдамыз. Жақсы үйлер өркениет деңгейінің тағы бір айқын айғағы, ел тұрмысының дәрежесін де көрсететін осылар. Сондықтан істеген істеріміздің сапасы жоғары болуы керек. Салынған ғимараттар, тұрғызылған қалалар жылылығымен ғана емес, сұлулығымен де қуантып жүруі керек. Өйткені, біздің өмірімізді қоршаған орта болғандықтан, олар да жанға жайлы болуы керек. Біздің заманымыздан келесі ұрпақтың еншісіне көшетін жәдігерлер сымбат-сұлулығымен оларды да өскен ортаның одан әрі көркеюіне шақырып тұруы керек.
– Жалпы қанша жобаны дүниеге әкелдіңіздер? Біздің ауданға тікелей қатысы бар нысандарды атаңызшы?
– Біз осы киелі Іле ауданына табан тірегелі 10 жылға жуық уақыт өтті. Соның ішінде 5000-ға жуық жаңа жобаларды, ғимараттың ішкі дизайндары, сыртқы ішкі бояуларын, ны-санның алғаш салудағы фундаментінен бастап барлық жұмыстарына тікелей атсалысамыз. Атап өтсек, Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесінде «Әсем» дәріханасының сырт келбеті, Боралдай кенті, «Водник» ықшам ауданындағы орта-лық мешіттің қорытынды жұмысы, Өтеген батыр ауылы Ілияс Жансүгіров көшесіндегі «Лента» сауда кешенінің қорытынды жұмыстары, «Дана» жеке мектебі, «Болашақ кемеңгер» жекеменшік мектептерінің толық жобалау жұмыстары, Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Монтессори жеке меншік мектептің қорытынды жұмыстары, З. Батталханов көшесіндегі, ГЕО Сәулет архитектура ғимаратының қорытынды жұмыстары, Байсерке ауылы Арқабай көшесіндегі спорт кешенінің толық жобалау жұмыстары, балабақша, көлік жуу, техника жөндеу орталықтары, тағы да басқа кәсіпорындар жобасы, мейрамханалар, тәжірибемізде мол. Одан бөлек бізде жеке тұрғын үйлер мен жеке шаруа қожалықтардың тың замануи жоба-лары көп.
– Бақыт деген сіз үшін не?
– Еңбегім ел игіліне жараса – бақыт деген сол.
– Күнделікті алдыңыздан шығатын кедергілерден қалай өтесіз?
– Өмір – сынақ. Мен өз басыма келген сынақты көбіне елемеймін. Қуанышты көңіл- күймен қарсы аламын. Қайратты болу керек.
– Өмірдің бір қызығы бала деген.
– Иә, менің үш балапаным аман болса. әлі-ақ елдің туын көкке көтерер азаматтар болатынына нық сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Б. ЧОЙБАСОВ