Тұлға

Он рет сатылса да, қарызы өтелмес еді…

Біздің аудан ел басқаруда өзіндік мол тәжірбиесі бар мамандардан кенде аймақ емес екені баршаға мәлім. Ел тізгінін ұстаған кіл мықтылардан тұрады десек, артық айтқандық болмас. Ол кісілердің атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Ауданымыздың дамуына үлес қосқан нар тұлғалар мен өз елінде сұлтан болғандар баршылық. Соның бірі – асыл азаматымыз, заманының заңғары бола білген Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысы Іле, Талғар, Ұйғыр аудандарының және Қонаев (Қапшағай) қаласының «Құрметті азаматы» Заманбек Батталханов атамыздың ұлы Ерқанат Батталхановтың Қараой ауылдық округі Іле совхозындағы тарихи оқиғаларымен бөліседі.

СОВХОЗ ЗООТЕХНИГІ

Мен 1978 жылы 21 тамызда Іле совзозының сиыр фермасына зооинженер қызметіне жас маман болып орыналастым. Мен еңбек жолымды бастаған уақытта селекция бас маманы деген жаңа мамандық пайда болып, сол салада еңбек еттім. Менің қол астымда 2100 ірі қара (800-і сауынды), 34 мың қой (16 мыңы сауынды), 30 мың шошқа (оның 1200-і аналық) болатын. Міне, осынша малды асылдандыру менің жаңадан ашылған мамандығымның құзырына кірді. Сол кезде совхоз директоры ұлты мордва Пашкин Николай Яковлевич атты өте ақылды, еңбекқор, инабатты адам еді. Менің жанымда қарапайым жұмысшылар қатарынан шыққан, сырттай оқу бітіріп келген бас зоотехник Әбікен Отарбаев болды. Ол ұйымдастыру жағынан өте шебер еді. Мал шаруашылық саласы осындай тамаша адамдардың араласуымен жақсы дамыды. Мамандығым зоотехник болғаннан кейін шошқаға да қатысты болды. Шошқаны бағудағы тәжірбиемді ғылым кандидаты, шошқа жануарын өсіруші Николай Василевич Палуев деген азамат шыңдады. Көп нәрсені үйретті. Мәскеуде республикалық мал шаруашылық өнеркәсібі совхоздар арасында шошқа жануарын өсіру баптау бойынша жарыс ұйымдастырғанда бірінші орынды жеңіп алған кезім де болды.

1984 жылдың қысы қатты болды. 120 күнге созылған қалың қар, көк мұз, сықырлаған суықта совхоздың малдарын шығын шығармай алып қалуға атсалыстым. Өте қиын болды. Қараойдан бастап 100 шақырым К-700 көлігімен жол ашып жүріп отырдық. Трактордың шамасы келмейді. Трактор күреген жерді ақ қар әп-сәтте басып қалады. Әр қойшыға барып көк шөпті бөліп беруге тура келді. Көп совхоздардың малы қырылып қалды. Ал, бізде, керісінше, төрт түлігіміз күйлі шықты. Сақманның тұсында қозымызды жоспар бойынша тоқсаннан бердік. Аудандарды аралап жүрген облыс председателінің орынбасары Ө.Өзбеков біздің совхоздың жұмысына оң бағасын берген еді. Шығынның аз болғаны – Іле совхозының техникалық жағынан өте мықты болғаны еді. Ауа-райының кез келген жағдайында төтеп бере алатынбыз.

ТОҚЫРАУ ТОЛҒАУЫ

1994 жылы да дәл осындай жағдай қайталанды. Совхозды басқарып тұрған Амангелді Қосшығұлов деген кісі алты ай бойы ауырып қалып, малды көктемге дейін әрең алып шықтық. Төрт түлік қыстан көтерем шығып, жайлауға көшкенде көк шөпті жолдың бойында берген кездеріміз болды. Талай қойшыларымыз куә болды. Ол кезде 30-40 қойшы, жалпы 2500 адам жұмысшы болды. Олардың құрамында сиыршы, трактористер, комбайнерлер – қысқасы дала еңбеккерлері болды. 1996-97 жылдары көрші совхоздар егістік жерін қысқартып, егінді азайтқанда біздің совхоз 15-20 мың гектар астық егетінбіз. Дәл сол жылдары құрғақшылық болғанымен, гектарына 2 центнерден алып, совхозымыз 1200-2000 тонна астық жинады. Келесі жылы жерді ауыстырып, жоңышқа орнына 700 гектарға егін егіп, 12-15 ценнерден астық алып, қарыздардан емін-еркін құтылдық. Алматы облысын З. Нұрқаділов басқарған уақытта 30-35 центнер астық алып, айды аспанға бір-ақ шығардық. Ондай ешкімде болған жоқ.

Тарихқа көз жүгіртсем, 1994 жылы Амангелді Қосшығұловтан кейін совхозды мен басқардым. Совхоздың 130 млн. қарызы бар еді. Яғни, совхозды алты рет сатсақ та, қарыздан құтылай алмайды екенбіз. Өйткені, совхоздың нарықтық бағасы өте төмен еді. Жұмысшылардың жалақысы төленбеген. Тоқырау кезінде Қараой ауылдық мәдениет үйін сақтап қалу мақсатында жекешелендіріп, 2002-2003 жылдары үкіметке қайта тапсырдым. Су каналдарын да үкімет тарапына өткіздік. Арнайы Шала, Құралас су арналарын комуналдық шаруашылық құрып, үкіметтің қарамағына қалдырдық. Әйтпесе, талан-таражға түсетін еді. Осылай су арналарын аман алып қалдық. 1997 жылы сол каналды облыстан қаржы бөлгізіп тазалап, 300 адамға жұмыс орнын аштық. Ол кезде жұмыс жоқ еді. Әр адамның айлығы  әрі кеткенде 8000 теңге шамасында еді. Олар егін екті, жеміс-жидек дақылдарын егіп, күн көрістерін арттырды. Заман талабына сай жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін құрып, су каналдарын аман алып қалдық. Әлі күнге дейін су жағынан тапшылық көріп отырған жоқпыз.

2002-2003 жылы Қараой окргуіне «Ривероз» деген шошқа бағатын фирма келді. Біз оларға ешкімге керегі жоқ ескі сиыр фермасын бердік. 300-ге жуық адамға жұмыс тауып бердік. Осылай 2008 жылға таман бүкіл совхоздың қарызынан құтылдым. Ал, 2003 жылы менің конторымды жалғыз өзіме көп болады деп, қазіргі әкімшілікке бердім. Н.Тілендиев ауылындағы №26 мектептің орны да менің иелігімдегі жер болатын. Халықтың қажетіне керек болған соң, үкіметке қайтардым. Өйткені, ауыл балаларына ескі мектепте білім алу қиындай бастады. Бала саны артып, жылда күрделі жөндеуге бөлінетін қаржы желге ұшқандай көрінеді. Ескіні жамап болмайсың ғой. Н.Тілендиев ауылының тумасы, ауылға мешіт салдырған ҚР тұңғыш Құрылыс министрі Оңалбаев Сұлтан Сұмағұлұлын облыс әкімшілігіне жіберіп, 12 жыл салынбаған мектепті бір жылда салып бітірдік. Жерінің құжатын кейінгі жылдары рәсімдедік. 2003 жылдан бері мен үй салуға 360 гектар ұжымның жерін үкіметке бергіздім.  

ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА…

1. Жетіген ауылдық округіне қатысты аумақтық-территориялық жерлерді Іле ауданының қарамағына өткізу. Оған Алматы-Жетіген бағытындағы Жаңалық, Еркін ауылдары кіреді. Өйткені, Жаңалық, Еркін ауылының тұрғындары бір құжат үшін сонау Талғарға барады. Бұл таза адамды қанау ғой. Алысқа барғанда сол құжатына байланысты мәселе бір күнде бітсе жақсы ғой. Екі-үш күн сандалады. Міне, осы мәселені шешсек деген арманымыз бар.

2. Ауылшаруашылыққа арналған үкімет тарапынан бөлінетін субсидияның мәселесін оң шешім шығаруға үлесімді қосуға дайынмын. Менің ауыл шаруашылық саласы бойынша тәжірбием мол. Қарапайым елге субсидияны бөліп берудің тетіктерін жақсарта аламын. Кооператив құрудағы кейбір әдіс, жобалардың дұрыс жолын көрсетуге де шамам толық жетеді.

3. Аудан көлеміндегі саяжайларға мектеп салу мәселесі бойынша жоспарларым бар. Біз кішкентай бүлдіршінді тасымалдау арқылы мектептерге апарамыз. Бұл ата-анаға да, мектеп ұжымына да тиімсіз. Екі тарап та қиындық көріп отыр. Сондықтан, саяжай тарапынан жер бөлініп, бастауыш сынып оқушыларын саяжайдың өзінде оқытса деген ойдамын.

4. Жергілікті әкімдерді сайлау жүйесі дұрыс емес. Олар бір партияның атынан сайлана салады. Кандидаттың қолынан не келетіні екінші орында қалады? Ол кандидат қайдан шықты? Мамандығы кім? Осы уақытқа дейін немен айналысты? Ауыл әкімі болудағы алға қойған жұмыс жоспарларын тексеріп барып ғана сайлау керек. Біз көбінесе ауыл әкімшілігін жылы жерде отырған адам ретінде ғана көріп жүрміз.  

Бағдат ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button