2023 жылғы 3 наурыздан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы рәсіміне өтінімдер қабылдана бастады. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) рәсімдердің үш түрін – соттан тыс банкроттықты, сот банкроттығын және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді көздейді. Бұл рәсімге қарыз алушының өзі ғана бастама жасай алады.
Азаматтар eGov.kz порталында «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бөлімінде және eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшасында не жақын жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесі арқылы қағаз жеткізгіште соттан тыс банкроттықты қолдануға өтініш бере алады. Сот банкроттығын қолдану қажет болған жағдайда борышкер тұрғылықты жері бойынша сотқа өтінішпен жүгінеді. Жеке тұлғаның банкроттығы тәртібі туралы толығырақ ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурстарында жарияланған.