Без рубрики

Жеңісті жақындатқан майдангер

Сол бір алапат соғыс басталғанда кейіпкеріміз Құрманәлі Дағылов өз еркімен қан майданға аттанған еді. Ол кісімен бірге Алматы облысы Нарынқол ауданы Сүмбе, Қызылшекара селоларынан (бұрынғы «Большевик», «Үлгілі», «Ынтымақ», «Қызылшекара» ауылдары) 202 азамат Отан қорғауға аттанды. Осы шайқаста жерлестерімізден 106 адам қаза тауып, қаралы үшбұрыш қағаз келді. Осы соғысқа қатысқан аталарымыздың ерлік істерін ешқашан ұмытпай, олардың рухы алдында бас иіп, әрқашан еске аламыз.

Сүмбе, Қызылшекара селоларынан аттанған қазақ, ұйғыр жігіттері Ленинград, Сталинград, Балтық майдандарында, Калинин майданында және Москва түбінде ерлікпен шайқасты.

Олардың арасында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған, Фин соғысына, Ұлы Отан Соғысына, Жапон соғысына қатысқан Құрманәлі Дағылов, Есентай Бодауов, Анарбек Байтуов, Бейсен Сәркеев, Байтас Молдабаев, Қәдірахман Бестібаев, Әкімбай Мекебаев, Заманбек Мамаев, Көшкінбай Ботаев, Мырқияс Имамзаров, Дүйсенбек Әміреев, Бейсенқожа Сүлейменов, Сұлтанбек Шыныкеев, Рысқұлбек Әміров, Нұрмұқан Тәнікбаев, Өмірқұл Темірбаев, тағы сол сияқты көптеген аталарымыздың ерліктері ешқашан  ұмытылмас.

Ал бір отбасынан екі, үш-төрт бірдей жігіттердің соғысқа барғандары да бар. Олар соғыс басталғанда аттанған алты ағайынды Биғабыловтар – Жапар, Сейділда, Байділда, Сейілхан, Сейіт, Рақыш ағалар еді. Солардан Сейіт пен Рақыш қана аман-есен елге оралды. Ал Әбітаев Қожаш, Әбітаев Садуақас аталарымыз да соғысқа қатысқан. Садуақас соғыстан жараланып келе жатқанда бір станцияға тоқтағанда әкесі Әбітаймен кездесіп қалыпты. Ол кісі соғысқа бара жатқан екен, сол кеткеннен Әбітай атамыз соғыстан оралмады.

Соғыс кезінде тылда аянбай еңбек еткен еңбек ардагерлерін айтпай кетуге болмайды. Олар Мырзабаев Бизақ, Өміржанов Мұсабай, Ақыбаева Рысжан, Нұрғазиева Зейнеп, Тәліпбаева Әшихан, Рғынбаева Нұрғалиша, Шілдебаева Мария, Күшігенова Тынымжан, Сатылғанова Күлән, Низамова Гауһар, Балапанова Нәсілхан, Мұқажанова Көкен, Әшиманова Әйімхан және кейіпкеріміздің жан жары  Дағылова Зағира апаларымыз бен аталарымызды бүгінгі ұрпақтары  құрметпен еске алады.

Ұлы Отан Соғысына Қайырұлы Дағылдың отбасынан екі ұлы және 1 күйеу баласы аттанып кете барды. 1920 жылы туылған Дағылұлы Сұлтанәлі 1941 жылы соғысқа аттанып, соғыс зардабынан ауыр науқасқа шалынып, 1942 жылы елге қайтып оралып, бір жылдан кейін 1943 жылы қайтыс болды. Ал Дағылұлы Құрманәлі мен күйеу баласы Қиялов Мұқан аман есен жеңіспен елге оралып, соғыс кезіндегі құлдырап кеткен ауыл шаруашылығын көтеруге атсалысып, еңбекке араласып кетті.

Құрманәлі атамыздың  ерлігі мен еңбектерін қысқаша айтып өтсек, Дағылов Құрманәлі 1915 жылы Нарынқол селосында өмірге келді. 1936 жылы Красноводопольскідегі ауыл шаруашылық техникумын ойдағыдай бітіріп, «Агроном» мамандығын алып шықты. 1937 жылы Советтік армия қатарына шақырылып, Сибирск ВО-на солдаттық борышын өтеуге барады. 1940 жылы 3 айлық офицерлік оқуға қабылданып, оны ойдағыдай бітіріп, кіші лейтенант шенін алады. Содан 1941 жылы Ұлы Отан Соғысы басталып, бірден соғысқа кетеді. Алматыда жасақталған 101-ші дербес атқыштар бригадасымен Калинин фронтында 4-рота командирі болады. Ерлік ісі бағаланып, аға лейтенант шенін алады. 1942 жылы партия қатарына қабылданады.

1942 жылы 16 желтоқсанда Мишукова – Зайцева селолары ауданында оқыс қоршауда қалған 175-ші полкты қыспақтан босатуға қатысып аға лейтенант Дағылов Құрманәлі айтулы ерлігіне лайық «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды. Ал 1943 жылы 13 желтоқсанда көрсеткен ерліктері жоғары бағаланып «Александр Невский» орденімен марапатталды. Фин соғысынан бастап, Жапон соғысымен аяқтап, 1946 жылы елге оралады. Бір жыл Шонжаның Қырғызсай елдімекеніндегі Военный комендатурада қызмет істеп, әкесінің шақыртуымен 1947 жылы елге оралады.

Құрманәлі  Алматыдағы МТС-тың жолдамасымен Кеген ауданының Үлкен Жалаңаш селосындағы МТС-қа аграном болып келеді. 1952 жылы Көлбастау колхозында колхоз бастығының орынбасары болады. 1956 жылы бұрынғы «Сталин» қазіргі «Тоғызбұлақ» колхозында өндіріс бригадирі болып сайланады. 1957 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде 1 гектардан 45 центнерден астық алғаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен наградталады.

1958 жылы өзінің туып-өскен жері Нарынқол ауданы Сүмбе селосына көшіп келеді. Жұмысын жары  Дағылова Зағира Шортанқызымен бірге істеді.  Кейін бірнеше жыл сауыншы болды, 5 бала тәрбиелеп өсірді.  «Абай» атындағы колхозға өндіріс бригадирі болып тағайындалады. 1960 жылдан сиыр фермаға меңгеруші болды. Колхоздың 1000 бас сиырын 3000 басқа өсуіне өз үлесін қосады. Жеті жыл сиыр фермасын басқарған Дағылов Құрманәлі қалған жылдары экономист, кадр бөлімі болып қызмет істеп 1971 жылы 55 жасында дүние салды.     

      Бағдат ЧОЙБАСОВ,

Мәлімет

Ғалымжан Дағыловтан алынды

Басқа жаңалықтар

Back to top button