ДАҢҒАЙЫР ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ
Жолбарыс би Жылқайдарұлы – би, батыр. Ұлы жүз құрамындағы жалайыр тайпасының күшік тармағынан шыққан. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары Іле мен Қаратал өзендерінің аралығындағы жоңғарлармен болған шайқастарға қатысқан. Кейін қазақ жері жаудан тазартылған соң, босқын елді атамекеніне қайтаруға да үлес қосқан. Ел аузындағы аңыздарда, Жолбарыс би денесіне жау қаруын дарытпаған батыр, әрі ертеңгі күнді болжай алатын сәуегей, қара қылды қақ жарған би ретінде сипатталады. Бейіті Алматы облысы Үштөбе қаласына жақын Қәлпе ауылының күншығыс жағындағы үлкен қорымда. 1996 жылы бидің ұрпақтары онда үлкен кесене тұрғызып, құлпытас орнатты. Бүгінде батыр бабаның атынан ашылған қор бөлген қаржыға сол кесене қайта жаңғыртылуда Журналист-жазушы О.Исмайылұлының «Шұбар ата», «Жолбарыс» атты кітаптарында, Қ.Қарамановтың «Қаратал – күндіз күміс, түнде алтын» кітабында Жолбарыс би туралы деректер бар.
Жалпы Жолбарыс батыр хақында ел аузында жүрген аңыз әңгімелер көп. Соларға тоқталсақ, батырды бала күнінде анасы, құрбы-құрдас, ауылдастары «Әй,бала!» деп шақырған екен. Әкесі түсінде берілген аянға байланысты құлынына он жастан асқанша ат қоймапты. Түсіне бір әулие еніп: «Айналайын, бес балалы боласың. Солардың үшіншісіне өзің ат қойма, күт, күндердің күнінде үйіңе алыс жолдан арып, ашып, мүсәпір адам келеді. Аты-жөнін сұрамастан үш тәулік күт, ұлыңның атын сол кісі қояды», Аян береді.
Айтқандай-ақ, күндердің бір күнінде аса таяғын ұстап, алыс жолдан арып-талған бір мүсәпір адам екі кештің арасында үйіне келеді. Құрақ ұшып қарсы алған Жылқайдар түсінде айтылған сөздерді мүлтіксіз орындайды. Ақсарбас шалып, баласына бата сұратады. Арада үш күн өткен соң, әлгі адам:
– Бұдан былай мына баланың аты: «Жолбарыс, Жолбарыс, Жолбарыс» деп азан шақырып, ат қойып, жөніне кетеді. Аңызға сүйенсек, мүсәпір Алланың аманатын орындаған арғын ата елінен шыққан әйгілі абыздардың бірі екен.
Жолбарыс бидің әулиелік қасиеті хақында әңгімелер өте көп. Жаңадан би атанған тұсында ауылына Сәти деген баукеспе жандайшаптарын ертіпкеп, өрістегі жылқысын айдап әкетеді. Артынша ауыл жігіттері атқа қонып, алысып жүріп, ұрыны қолға түсіреді. Әйтсе де қулығымен аты шыққан Сәти бет бақтырмайды. «Жоқ іздеп жүріп, жолығып қалдым. Ұрыларға қатысым жоқ. Ұрлаған – Керала», деп мәселені ушықтырады. Әбден амалы таусылған ауыл адамдары ұрыны Жолбарыс бидің алдына апарады. Айлакердің құрығы ұзын екенін байқаған бабамыз: «Шеңгелдің шыбығын кес» ,- деп бұйырады. «Мұнда тұрған не бар дейсің» деп ойлаған Сәти шыбықты сындырғанда, қан тәрізді қоймалжың зат бұрқ ете қалады.
– Сен қарау екенсің! Мынаны ауылына апарып, айтқан ұрысымен беттестіріндер. Алла есебін сол жерде береді, – дейді Жолбарыс әулие түнеріп.
Жылқысы айдауда кеткен Жолымбет жолға шығады. Жанында – Сәти. Сұрастыра келіп, матай елінің мақтанышы болып жүрген аузы дуалы, сөзі уәлі бір бидің үйіне түседі. Төскейде малдары, төсекте бастары қосылған іргелес екі елдің телағалары теріс кетпейді. Баукеспені Кераламен беттестіріп, кінәсін мойындатады. Сол мезетте Сәтидің жаны көк шыбын болып ұшып шықса керек, бірден қор ете қалады. Бұдан кейін «Жолбарыстың шыбығын қию» дәстүрі күллі үйсін-найманға таралып, әулиенің алдын ешкім кеспейді.
Бірде Жолбарыс батыр бір топ нөкерімен жортып келе жатып, қоныс аударып жатқан ауылдың үстінен шығады. Нөкер болған соң, оның ішінде де небір тұзы жеңілдері болады емес пе, жеңілтектеу біреуі:
– Қонақпыз! – деп қоқаң етеді. Сонда жаңа көтерілген шаңыраққа уық шаншып жатқан екіқабат жас келіншек:
– Жәкелер-ау, көріп тұрған жоқсыздар ма, қонақ күтерліктей жайымыз қайсы? – дейді налып.
Салт-дәстүрге сыйыспайтын қылық танытып, жақтырмай сөйлеп тұрған келіншекке табан астында жазалы сөз айтпаққа ыңғайлана берген жігіттерді Жолбарыс батыр ишарамен тыйып тастайды.
– Жанағы сөзді әйел айтып тұрғанымен, айтқызған ішіндегі Балпық деген би ғой, – деп бетін бір сипап, алға қарай жөнеле берген екен.
Мұндай оқиғалар жиі қайталанған соң, қараша батырдың әулиелігіне шүбә келтірмейді. Десе де Ескелді би мен Балпық би Жолбарыс батырдың әулиелік қасиетін сынап көрмек болады. Сөйтіп жүргенде Андас елінің дүниеден өткен бір жақсысының асы хабарланады. Діттеген ойларын сол асқа баратын сапарлары үстінде жүзеге асыруға ынтыққан елдің сыйлы екі ағасы біраз жайттар бойынша уағдаласып алады. Асқа барғанда:
– Алдымен үйге мен кірейін, сендердің ойларыңды ұғып отырмын, – дейді Жолбарыс батыр ойларын сезіп.
Екі би таңырқап қалады. Үй иесі дастарқанға төрлетіңіздер, деп бәйек қағады. Амал тауып, аз-кем уақыт есік алдында кідірістеген екеуі «Біссіміллә» деп табалдырықтан аттай бергенде, алдарындағы гүр ете түскен алыптығы атан түйедей үлкен, ақжал арыстанды көреді.
Қапелімде қалт тұра қалған Балпық би:– Жөке, айбатыңыз арыстан болса, ақылыңыз көл-дария емес пе еді, артымызда адамдар келеді. Жаныңызға шақырсаңызшы, мына кереметіңізді, – деп жедел тіл қатады.
Жолбарыстың да шарапат шалған адам екенін сол арада аңғарған Ескелді би де бір жөткірініп, кебісін шеше берген екен. Сол сәтте алдарындағы арыстан маң-маң басып, Жолбарыстың ту сыртына өтіп кетіпті. Ел арасында «егіз би» атанып жүрген екі арыс сол күннен бастап Жолбарыс батырдың әулиелігін мойындап, оның екі жағынан орын алатын болыпты.
Балпық би жас кезінде Жолбарыс бабамызға келіп, жетелеп келген көк дөненін көлденең тартып, бата сұрапты. Сонда бабамыз бір қырындай отырып, бар болғаны: – Еліне елеулі, БАҚЫТ болсын! Әумин! – деп батасын келте қайырыпты. Жанындағы жолсеріктері ауылдан ұзай бере:
– Ағамыз сені баласынды-ау осы. Батасын тым қысқа берді ғой, – деп тиісіп қоймапты. Сонда Балпық би: Байыбына бара алмаған екенсіңдер-ау, ағамыз әрбір дыбысқа екпін түсіріп, мән беріп айтты емес пе?
Б – береке, бірлігің мықты болсын,
А – ақыл мен абыройың артсын,
Қ – қыдыр қонып, қасиет дарысын,
Ы – ырысың мол, ынтымағың зор болсын,
Т – татулыққа әрдайым мұрындық бол! – дегенді аңғартты ғой, достарым-ау! Бұл әрі бата, әрі өсиет сөз ғой! – деп аға ықыласын тарқатып беріпті.
М. Мақсым