Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғам

МӘДЕНИЕТ — ЕЛ АЙНАСЫ

Жыл өткен сайын мәдениет саласының жағдайы жақсарып келеді. Бұл – жақсылықтың нышаны. Өркендер елді өнері мен спортына қарап бағалайды десек, бұл жақсы құбылыс. Осыған орай аудандық мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі күміс көмей әнші, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Нұрмаман Оқас Төкенұлымен сұхбаттасқан едік.

Нұрмаман Төкенұлы, Кеген аудандық мәдениет үйінің жалпы жағдайлары қалай?

– Жағдайымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді. Жетісу өлкесінің құнарлы, шұрайлы, өсімдік әлеміне бай көркем өңірлерінің бірі – туған ауданымыз. Ежелгі Үйсін мемлекетінің орны болған, тарихи құндылығына толы өңіріміз өнер саңлақтарынан кенде емес. Қазақстанның Халық Әртістері Есмұхан Обаев, Досжан Жанботаев, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев, Нұрғанат Жақыпбаев, Мұрат Ахманов, Омар Қиқым, Жоламан Әміров, ауданда тұратын Нағима Таласбаева, Жақсылық Әбдіраманов секілді көптеген өнер иелерін мақтан етеміз. Ауданымызда 10 мәдениет үйі, 4 ауылдық клуб жұмыс істейді. Жалпы, ауданымыздың мәдениет саласында 93 адам еңбек етуде.

– Өңірдегі халықтық атағы бар өнер ұжымдарының жайы қалай?

– Ауданымызда 2 халықтық атағы бар өнер ұжымы жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Райымбек, Көксу аудандарының Құрметті азаматы Нағима Таласбаева режиссер болып еңбек ететін Кеген халық театрының құрылғанына жарты ғасырдан асты. Көркемдік жетекшісі – Кәдірбек Сүлеймен. Аталған театр облыста өткен халық театрларының фестивалінде жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Ауданымыздың 90 жылдық мерейлі тойында облыс әкімі қолынан жаңа үлгідегі «Газел» шағын автобусының кілтін алып, қуанышқа бөленді. Оның сыртында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Аталған театр ұжымы ауданның 90 жылдығында «Тәуелсіздік таңы» деген атпен өңір тарихын бейнелейтін сахналық қойылым ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

– Мерейлі болған жекелеген өнер иелері бар болар?

– Әрине, бар. Қуана айтатын дүниелеріміз көп. Өткен жылы халық театрының әртісі, күміс көмей әнші Сәмиға Әлдекенова Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық мәдениет үйінің режиссері, ақын Аршын Нұрбақыт Елордамызда Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастырған байқауда «Жылдың үздік драмматургиясы» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрініп, «Алтын тобылғы» жүлдесін жеңіп алып, 2 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Өткен жылы Ұйғыр ауданында Әлмерек бабамызға арналған жазба ақындардың мүшәйрасында бас жүлделі болды.

– Мұндай қуаныш жекелеген мәдениет ұжымдарына да тән құбылыс шығар?

– «Ауылым – алтын бесігім!» атты мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы облыстық байқауға қатысқан Тоғызбұлақ Мәдениет үйі «Үздік Мәдениет үйі» атанып, музыкалық аппаратура және 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Кіші Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйі осы байқауда сыйлыққа компьютер алды. Театр әртістері Мақпал Нұрқамытова, Жанат Жетпісбай, Назым Ештаева облыс әкімінің марапатына ие болды.

– Рас, ауданда өтетін барлық мерекелік шаралардың жүгін көтеретін мәдениет қызметкерлері. Оның сыртында өңірде жалғасын тауып жататын мәдени, әдеби дүниелердің де басы-қасында өздеріңіз жүресіздер.

-Жыл ішінде мәдениет үйлері мен клубтар бойынша 692 түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Оған 125 800 көрермен қатысты. Алматы қаласында ауданымыздың 90 жылдығына орай өткізілген «Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық!» атты гала концертте театр режиссері Нағима Таласбаева, Бөлексаз ауылдық мәдениет үйінің жанындағы «Ақ ниет» әжелер ансамблі, «Ереуіл» халықтық фольклорлық ансамблі жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Нағима Таласбаева мен Сәмиға Әлдекенова «Муза» медалымен марапаталған еді.Аудандағы  кең бағдарламалы концерттің жүгін аудан өнерпаздары көтеріп келеді.

– Жыл өткен сайын материалдық-техникалық базаларыңыз жақсарып келеді. Бұған не айтасыз?

– Рас, ауданымыздағы мәдениет үйлері мен клубтар арнайы дыбыс күшейткіш аппараттармен, компьютерлермен, музыкалық аспаптармен, әртістік киімдермен және шаруашылық заттарымен қамтамасыз етіліп келеді. Биыл өңірдегі Бөлексаз, Қарқара, Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйлері салынуда. Бұйыртса 2024 жылы құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.2022 жылы Ұзынбұлақ, Тасашы Мәдениет үйі және Ақтасты ауылдық клубы ағымдағы жөндеуден өтті. Оның сыртында аудан әкімінің қолдауымен ауданымыздағы Мәдениет үйлері жоқ Шырғанақ, Жылысай, Тұйық ауылдарынан жаңадан Мәдениет үйлерін тұрғызу жоспарланып отыр.

– Толғандырар мәселелер бар ма?

– Бар. Ауданымыздағы Саты, Ақай, Алғабас, Кеген, Тоғызбұлақ ауылдық мәдениет үйлерінің сұйық отын сақтайтын ыдыстары талапқа сай емес. Саты, Ақай, Тоғызбұлақ ауылдық мәдениет үйлерінің жылыту қазандықтарын жаңалау – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Жоғарыда аттары аталған мәдениет үйлеріне бейне бақылау жүйесін орнату – заманымыздың талабы. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілген  ауылдық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздеп отырмыз.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Ең бастысы, қол жеткізген жетістіктерімізді ешкім алмайды. Алдағы уақыт та да жұмысымызды заманға лайық жақсарта беретін боламыз. Өйткені, ұшқыр уақыт, өскелең өмірдің талабы биік. Біз оны өңірдегі бұрын аудан орталығы болған, халқының саны көп Жалаңаш ауылына тапсырдық. Бұл эстафета барлық өңірде қамтиды. Бірінен-біріне жалғасып, жұрт жүрегін Абайдың әсем әндері баурайтын болады. Әр ауылда тұратын талант иелерін дәріптеу, дарынды жастардың бұлақ көзін ашу, ұлтымыздың салт-дәстүрін, жөн-жоралғыларын өрістете өркендетуге үлес қосу, туған тіліміз жөнінде жұмыстар жүргізу басты мұраттарымыз болып қала береді.

– Бүгінгі әңгімеңізге көптен-көп рахмет!                                                                           

  Индира БІРЖАНСАЛ

Басқа жаңалықтар

Back to top button