Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғам

АЙМАҚ БАСШЫСЫ ОҢ БАҒА БЕРДІ

Күндіз күміс, түнде алтын аққан қасиетті, құт-береке дарыған іргелі өңірлердің бірі – Қаратал ауданы. Бірлігі мен берекесі жарасып, ырысы тасыған аудан орталығына облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен ат басын бұрып, тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға оннан аса аудан азаматтары келді. Жылы жүздесу барысында жер, баспана, әлеуметтік мәселелер көтерілді.

Облыс әкімінің қабылдауына алғаш кірген Үштөбе қаласының тұрғыны Светлана Тяу Шорабаев көшесіне «Жедел жәрдем» кіре алмайтынын, жеке кәсіпкер Ж. Құсайынов көшеге кіреберісті жауып, өз кәсібінің пайдасына жаратып жатқанын алға тартты. Тиісті мекемелерге барып, үш мәрте шағымданғанын, бірақ еш нәтижеге қол жеткізе алмағанын айтты. Кәсіпкерге қатысты заңды шара қолдануды сұрай келген тұрғынның өтінішінен кейін облыс басшысы бірден жауапты мамандардың пікірін тыңдады. Көтерілген мәселе бойынша жүйелі жұмыс атқармаған сала мамандары нақты жауап айта алмай, облыс әкімінің сын садағына ілінді. Халық үніне құлақ аспайтын құзырлы орган қызметкерлеріне аймақ басшысы қатаң ескерту жасады.

– Біз үшін әрбір адамның пікірі маңызды. Оның жайлы өмір сүруіне барлық жағдайды жасаймыз. Сіздің құқығыңыз тапталмауы керек. Мен бұл мәселені білемін. Өткен жолғы кездесуде де көтерілген. Бірақ жауапты мамандар мұны елемеген сыңайлы. Құзырлы орган қызметкерлері, неге халық үніне құлақ аспайсыздар? Бәріміздің мақсат – халыққа қызмет ету емес пе?! Осыны ұмытпаңыздар! Өтініш аяқсыз қалмайтын болсын. Бұл істі тікелей өзім қадағалаймын, – деді облыс басшысы.

Үштөбе қаласы Гагарин көшесіндегі барак тектес үйде тұратын Қалдыбала Бүршікбаева «апаттық» баспанада өмір сүріп жатқанын алға тартып, қартайған шағында алаңсыз болуы үшін жайлы үй берілсе деген тілегін білдірді.

Ақ самайлы ананың ұсынысын тыңдаған облыс басшысы қазіргі таңда баспананың басты мәселеге айналғанын жеткізді. Дәл қазір кезексіз пәтер бере алмайтынын, сараптама жасатып, заң аясында техникалық зерттеу қорытындысы шыққаннан кейін мәселені аудан әкімі қарастырып, заң шеңберінде шешіп беретінін айтты.

Үш баласын тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ақмаржан Оңғарбаеваның да басты мәселесі баспана болып шықты. 2019 жылы үй кезегіне тұрған ана қазіргі таңда мүгедек баласының күтіміне байланысты жұмыс істемейді. Бір шаңырақ астында жеті жан бірге тұрған. Әкесі де, бауыры да мүмкіндігі шектеулі жандар болғандықтан тұрмыстық қиындықты көп көріп, үш баласын алып, қазіргі таңда жалдамалы пәтерде өмір сүріп жүр. «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға көмектессеңіздер екен» деген ананың арман-тілегін тыңдаған облыс басшысы аудан әкімі Ұлан Досымбековке қайырымдылық қоры арқылы баспана алудың жолын қарастыруды тапсырды.

Сиыр, жылқы, түйе бағып, өз кәсібін дөңгеленткен «Жүрсін» шаруа қожалығының басшысы Аманжол Құсайын есімді азамат мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын көріп жүргенін білдіріп алғыс айтты. «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы негізінде субсидия алып, пайдасына жаратқан ол алдағы уақытта шаруа қожалығын дамыту үшін суармалы жер берілсе деген ниетін білдірді. Оған жауап берген аймақ басшысы мемлекет тарапынан жұмыс істеуге ниетті жандарға барынша қолдау көрсетілетінін алға тартты. «Жер кодексінің талаптарына сәйкес конкурс арқылы ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін беру бойынша арнайы конкурс ұйымдастырылады. Оған барлық бизнес жоспарды сақадай сай етіп дайындап, аудандық әкімдіктегі жауапты мамандарға жүгініңіз. Қолдаймыз. Көмектесеміз», – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Қоғамдық қабылдауда сатып алынған тыңайтқыштар, гербицидтер және техника бойынша субсидияларды уақытылы ала алмайтынын айтқан Ақылбек Ерғазин 3 жұмыс күні ішінде қайтарылатын жауаптың келмегеніне 3 ай болғанын айтып, жауапсыз мамандардың жұмысын сынады. Шаруалар жерге уақытылы тыңайтқыш бере алмаса, қара жерден өнім де ала алмайтынын тілге тиек етті. Сол үшін жауапты мамандар өз істеріне жауапкершілікпен қарап, шаруалардың сұранысын уақытында орындаса дейді ол.

Шаруаның өтінішін тыңдаған облыс басшысы ауылшаруашылығы басқармасына бизнес субъектілерінің өтінімдерін заңнамаға сәйкес қарауын тапсырды. Осылайша қоғамдық қабылдауға келген қараталдық тұрғындардың мәселелері мұқият тыңдалып, шешімін қарастыру жайы жауапты басшыларға жүктелді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру, өмір сүру деңгейін жақсарту жолында ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, ел арасында көтерілген мәселенің мәнісін шешу үшін әкімдіктің мәжіліс залында  қараталдық тұрғындар алдында есеп берді.

Жалпы Қаратал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы оң нәтиже беруде. 9 айда өнеркәсіп өндірісі  1,4 есеге, ауылшаруашылығы өнімі  0,4, бөлшек сауда  0,8, құрылыс көлемі  64,2 пайызға ұлғайған. Барлық қаржыландыру көздерінен Қаратал ауданы тұрғындарының қолданысына 7,2 мың шаршы метр тұрғын үй берілді.

Қаратал ауданы ауылшаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ екені белгілі. Егістігі толығымен суармалы, 436 мың гектардан астам жайылымдық жері бар. Биыл ауданда 22,6 мың гектар жерге ауылшаруашылық өнімдері егілген. Бүгінгі таңда бидай, арпа, картоп және бақша дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Барлығы 50 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, көкөністер 100% жиналып, осы кезеңде 67 мың тоннадан астам өнім сақталынуда. Қаратал ауданы – облыстағы бірден-бір күріш егетін өңір. Күріш алаңы биыл 1,1 мың гектарды құрады. Бүгінге 700 гектардан 2200 тонна күріш алды. Орташа өнімділігі гектарына 32 центнер. Орақ науқанын сапалы және уақытылы өткізу үшін облыста «Қаратал – Күріш», «Өрлеу» екі сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді.

Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы аудандағы қант қызылшасының биылғы көрсеткішінің көңіл қуантарлық екенін алға тартты.

– Қаратал ауданында биыл 1106 гектарға қант қызылшасы егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бүгінгі таңда аудандағы 42 шаруашылық Көксу қант зауытына 13,5 мың тоннаға жуық өнім өткізді. Жалпы, 38 мың тонна тәтті түбір жиналады деп күтілуде. Өткен жылы республикалық бюджет есебінен ауданның суару жүйелері жаңғыртылып, 109 шақырым арнаға механикалық тазарту, 8 шақырым суару жүйелеріне демонтаж жүргізілді. Вегетациялық кезеңіне байланысты арналардағы науаларды монтаждау жұмыстары тоқтатылды. Жұмыс бекітілген кестеден 5 айға кешікті. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қайта басталды. Осы істің жүйелі атқарылуын құрылыс басқармасы аудан әкімдігімен бірлесіп, келесі жылға бөлінген қаржыны мақсатты игеріп, суару мерзімі басталмай тұрып жүйелерді ауыстыру жұмыстарын жүргізуді қатаң бақылауға алсын. Былтырғы кездесуде, өздеріңіз сұрағандай, 178,1 шақырым каналдарды механикалық тазарту үшін жергілікті бюджеттен 356 миллион теңге қарастырылды. Биыл оның 100 миллион теңгесі бөлініп, 50 шақырымы тазартылады. Бұл шаралар келесі жылы ауданда қант қызылшасының алқабын 1500 гектарға жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондықтан қазірден бастап қажетті минералды тыңайтқыштарды қолдана отырып, сүдігер жұмыстарына ерекше мән беру қажет.

Мемлекеттен бөлінген әрбір тиын қажетіне қарай ысырапсыз жұмсалуын тікелей өзім қадағалаймын. Сондықтан да, жауапты мамандар тапсырылған іске мұқият қараңыздар, – деді облыс әкімі.

Ауданда төрт түліктің саны артып, ет, сүт өндірісі ұлғайған. Бүгінгі таңда бес сүт фермасы толық қуатында жұмыс істеп тұр, ал мал бордақылау алаңдары 55 пайызға ғана пайдаланылуда. Жыл соңына дейін Кемел Тоқаев атындағы қор есебінен Бастөбе ауылында 500 бас қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын бордақылау алаңы ашылмақ. Облыс басшысы аудан әкіміне бордақылау алаңының жобалық қуаттылығын толығымен іске қосуды тапсырды.

Өңірдің ветеринариялық қызметін жақсарту мақсатында Қаратал ауданына 299 миллион теңге бөлінген. Қараша айында Тастөбе және Елтай ауылдық округтерінде жалпы құны 33 миллион теңгені құрайтын екі модульдік ветеринарлық пункт пайдалануға беріледі.

Ауданда жер мәселесіне байланысты дау жиі туындайды. Қараталда өткен жылы 74,8 мың гектар пайдаланбай жатқан жер анықталған. Оның 20,2 мың гектары мемлекет меншігіне өтіпті. 1,9 мың гектар жерде шаруашылықтардың мал бастары бірдейлендіру жүйесіне тіркелгендігі анықталып, қайта айналымға енгізілді.

Облыс әкімінің өткен кездесуінде берген тапсырмасына сәйкес аудандық жер комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, 18,1 мың гектар бос тұрған жайылым жер пайдалануға берілген. Осы тұста аудан әкімдігіне жер бойынша қордаланған келесі мәселелерді, яғни алдағы қараша айына жоспарланған конкурсты заң шеңберінде әділ және ашық өткізуді, коммерциялық жер учаскелерін аукцион арқылы беру жұмысын ұйымдастыруды, қайтарылған жерлерді заң аясында айналымға енгізу жұмыстарын жандандыруды жеткізді.

Биыл 9 айда ауданның өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,4 пайызға ұлғайып, 4,4 миллиард теңгені құраған. Жыл басынан ауданға 6,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ауданда 23 кәсіпорын бар. Биыл ауданда 15 жаңа жұмыс орнын құратын 487,2 миллион теңгенің 3 жобасы іске асырылады. Өңірде 3054 бизнес субъектісі жұмыс істейді. 5,3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 1 қазанға 293,9 миллион теңгеге 13 жоба қаржыландырылды.

Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл ауданда барлық қаржыландыру көздері есебінен 10,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Демеушілер есебінен «Көкдала» шағынауданында 15 жеке үйдің құрылысы аяқталуда, тиісті құжаттары дайындалып, осы айдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Келесі жылдың шілде айында биыл құрылысы басталған 40 пәтерлі үй иелеріне тапсырылады.

Ұмтыл ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу жобасы мемлекеттік сараптамадан шықты, Көпбірлік ауылын ауызсумен қамту мақсатында қазіргі уақытта іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілуде.

Үштөбе қаласы мен Ескелді би ауылының тұрғындары тарапынан ауызсу мәселесі жиі көтеріледі. Үштөбе қаласындағы 123 көшенің  31-інде, Ескелді би ауылындағы 17 көшенің 9-ында ауызсу жүйесі жоқ. Бұл мәселені шешуді жауапты мамандарға тапсырды. Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. Үштөбе автоматтандырылған газ тарату стансысы мен ұзындығы 44,7 шақырым газ құбыры пайдалануға беріледі. Сонымен қатар жоба бойынша 17 көппәтерлі тұрғын үйді газбен жылыту үшін 4 блокты-модульді қазандық орнату жоспарланған.

Қаратал ауданының жергілікті автомобиль жолдарын күрделі, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көкдала ауылына апаратын облыстық маңызы бар автожолының бойында орналасқан көпірдің күрделі жөндеу жұмысы желтоқсан айында аяқталады. «Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» бағытындағы 176 шақырым автожолының 134 шақырымы биыл 15 қарашада аяқталады.

2024-2025 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қызылжар, Қаражиде, Қанабек, Ортатөбе, Оян ауылдарында фельдшерлік пункттер мен Дойшы ауылында медициналық пункт салу жоспарлануда. Ал Көпбірлік, Тастөбе ауылдарындағы блокты-модульдік спорт кешендерді орнату жылдың соңында аяқталады.

Облыс әкімінің өткен жұмыс сапары кезінде көтерілген 10 мәселенің екеуі шешімін тапты. Атап айтар болсақ, Үштобе қаласының тұрғыны Мейрамкүл Әлмұханованың өтініші бойынша қаладағы «Шаңырақ» шағынауданындағы №9 жалға берілген тұрғын үйге 302,6 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан аумағында су тасқынының алдын алу жөнінде Қалмұхан Мұқашевтың көтерген мәселесі бойынша Қаражиде, Тастөбе ауылдарының маңындағы Қаратал өзеніне бекіту жұмыстарын жүргізуге  29,2 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні Тастөбе, Қаражиде ауылдары маңындағы жағалауды бекіту жұмыстары аяқталып, үш жерден бөгет салынып, өзен арнасы тазаланды.

 

М. МАКСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button