Алматы облысының әкімі азаматтарды жеке қабылдады
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады.
Жеке қабылдауда болған онға жуық тұрғынның мәселелері сан түрлі. Олар қозғаған мәселелердің қатарында тұрғын үй алу, жол, жарықтандыру, кептеліс, табиғи газ тарту және мәдениет үйін салу өтініші бар.
Мәселен, 73 жастағы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны облыстық маңызы бар Есік—Саймасай авто жолына қатысты мәселе көтерді. Ол туристер мен тұрғындар санының артуына байланысты көлік ағыны артқанын айтты. Күн сайын 2 мыңнан астам көлік қатынайтын магистральда жол-көлік оқиғалары жиі орын алады.Осыған байланысты, Есік—Саймасай авто жолын төрт жолаққа дейін кеңейтуге әкімнен ықпал етуін сұрады.
Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, аталмыш облыстық маңызы бар автомобиль жолының белгілі бір бөлігі күрделі жөндеу жобасыәзірленген.
«Есік—Саймасай автожолының 0-11,82 км бөлігінің жобасы әзірленген. Қазіргі уақытта ведомстводан тыс сараптамадан өтіп жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін конкурс жарияланатын болады. Болжам бойынша, жөндеу жұмыстары келесі жылдың екінші тоқсанында басталмақ», – дейді өңір басшысы.
Ал Талғар ауданының тұрғыны Дүйсенов Ұлдақан газбен қамту мәселесін қозғады.
«Ауданға қарасты 18 мың тұрғыны бар 8 ауылға аса қажетті дүние – газ. Бірнеше елді мекенде көгілдір отын әлі күнге дейін орнатылмаған. Осы мәселелер тез шешілсе деген өтінішіміз бар», – деді Ұлдақан Дүйсенов.
Облыс әкімінің айтуынша, газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Ал 2024 жылы елді мекенге құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
«Талғар ауданына қарасты Нұра, Қаратоған, Туғанбай, Өстемір, Даулет ауылдары бойынша газ тарату желілерін салу бойынша жобалық сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. 2024 жылы мемлекеттік сараптамадан өң нәтижесі алынып құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Ал Қаратоған және Каменское плато ауылдарына жобалық сметалық құжаттама дайындау қажет, осы мақсатта келесі жылға экономика басқармасына бюджет қаражатын бөлуге өтінім берілді»– деді Марат Сұлтанғазиев.
Қабылдауға келген азаматтардың бәріне заңды-құқықтық тұрғыдан, мәселелерінің шешілуіне бағыт-бағдар берілді. Олардың кейбірі өз сұрақтарына қатысты түсіндірме жауапты сол жерде алды. Аясында, тұрғындар көтерген мәселелердің шешу жолдарын білді.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалының қабылдау бөлмесіне келіп түскен ұсыныс-пікір, өтінішін жеткізушілердің сауалдары назардан тыс қалмайды. Мамандар әр бірінің себеп-салдарын жіті зерттеп, шешімін заң талаптарын негізге алып қарастырады.
Еске салайық, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov. порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.