ЖАППАЙ ТӨБЕЛЕС ҰЙЫМДАСТЫРҒАНДАР ЖАЗАСЫН АЛАДЫ
Ащыбұлақ ауылдық округінде жастар арасында топтық төбелес орын алып, елді дүрліктірген еді. Әлеуметтік желілерде желдей тарап, түрлі пікірлер туғызды. Аталған дерек дереу Іле аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 293-бабы бойынша тіркелді. Тексеру барысында 29 қараша күні 2008 жылғы 9-сынып оқушысы мен 2007 жылғы 10-сынып оқушысы арасында келіспеушіліктер туындап, кейіннен жаппай төбелеске ұласқаны анықталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері басталды. Сондай-ақ, психологтардың қатысуымен осы оқиғаға қатысушылармен профилактикалық тәрбие жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127, 435-баптары бойынша 17 әкімшілік хаттама толтырылған болатын.
Қазір топтық төбелеске қатысқан балалардың алды ұсталып, тергеліп жатыр. Былай қарап отырсақ, мектеп жасындағы екі баланың ерегісінен бүтін бір қоғам екіге жарылды. Аға буын ағалар «Біздің кезімізде де төбелес болған, бірақ мына жастар сияқты тым қатігез болмадық» — десе, екіншілері «Жаңа қоғам құра алмай жатқанда, жабайлылықты қою керек қой. Бұзақылық жасады ма, жазалансын. Кейінгілерге сабақ болады», «Сайттарда тараған ресейлік «Слова пацана» фильмінен кейін балалар арасындағы бопсалау, рекетирлікке жаңа жол ашылды. Бұл фильмді көрсетпеу керек. Еліміздің кинотеатр, сайттарынан көрсетілуге тиым салынсын. Жастардың санасын улап жатыр» — деген сан мың арыз-өтініштер сеңдей қозғалды.
Біздің зерделеп, сараптауымыз бойынша атышулы топтық төбелеске орыстың «Жігіттік сөз. Асфальттағы қан» («Слова пацана») киносының ешқандай да қатысы жоқ. Сондықтан, қисынсыз деректерді ауылдағы екі бозбаланың арасына киліктірмеген жөн шығар. Топтық төбелес сонау заманнан келе жатқан «үрдіс» екені белгілі. Енді төбелес болған ауылдың географиялық жағдайына келсек, осындай жаға ұстатар оқиғаға алып келетіні көрініп тұр.
Ащыбұлақ – аядай ғана жерде 4 ауыл 47 саяжайы бар, халқы тығыз орналасқан аймақ. Бір-біріне білім жағынан болсын, спорттық жарыстар мен қоғамдық жұмыстармен болсын бәсекелестік тудырып отырған 16269 бала оқитын 10 мектебі, ауылы аралас, малы қоралас жатқан 57 мыңнан астам халқы бар елдімекен. Шекаралары тым жақын орналасқан. Тағы бір фактор бар: Осы бал арасындай құжынаған мекенде еліміздің әр тарапынан көшіп келген тұрғындар тұрады. Әр жақтың заңы басқа, иттері қарақасқа келетіні заңдылық. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Жаңа жерге көшіп келгеннен кейін өз салтын, дәстүрін, тұрмыстық тыныс-тіршілігін тықпалайды. Біреуіне келіседі, ел болғаннан кейін, екіншісіне қарсы шығады. Міне, төбелес те осы жерде орын алады. Жәй қарапайым адами факторлар ғой. Оған әкеп Ресейдің фильмін, басқаның сандырағын тықпалаудың ешқандай қажеттілігі жоқ шығар! Иә, идеологиялық көзқарасты түзеу үшін де ұлттық танымдық, тарихи фильмдерді көбірек насихаттауға барлығымыз келісеміз. Бөтен елдің идеологиялық көзқарасында ұлтараздықты, жастарға желік беріп, бұзақылыққа итермелейтін фильмнің бізге не қажеті бар?! Ондай фильмнің идеясы біреу-ақ. Ол – топ болып аймақты басқару, елді қорқытып, әлсіздерге күш көрсете отырып өз билігін жүргізе отырып мақсатына жету. Бірақ, бұндай әрекеттің жолы тым қысқа екенін одан бұрын шыққан «Бригада», «Бумер» сынды телесериялдардан-ақ көріп, көңілге тоқуға болатынын жастар білсе екен.
Бірақ, «Слова пацана» филіміндегі көрсетілетін оқиғаның желісі біздің қоғамға да жат емес. Кезінде Кеңес үкіметінің құрамында болған кезде де, одан кейін де мектепаралық қырғи-қабақ әрекеттер орын алуда. Демек, бұл – баяғыдан келе жатқан жағымсыз сарын.
Жалпы, округтегі мектептердің тәрбиесіне келсек, төмен баға бере алмаймыз. Аудандық Білім бөлімінің тәрбие ісі бойынша әдіскері З.Бақытжанқызына жолыққанымызда: «Балаға тәрбие бір жақты ғана берілмеуі керек. Мектепке бәрін артып қоюды қою керек. Барлығымыз ата-анамыз. Мен де кішкентайларыма дұрыс жолды көрсетіп, жөн сілтеп отырамын. Әр сабағын, қолындағы ұялы телефондарын қадағалаймын. Барлық ата-анаға айтар кеңесім де – осы. Мектепке балаңызды әкелген екенсіз, ұстаздармен екі жақтап тәрбиелеген жөн. Тәрбие сағаттарын өткізуден, ізгілікті, мейірімділікті, өзара татулықты насихаттаудан кенде емеспіз. Біз тәрбие саласы бойынша түрлі байқаулар, слеттар, дөңгелек үстелдерді жиі өткіземіз. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде «Оқуға құштар мектеп», «Еңбегі адал жас өрен», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Ұлттық мектеп лигасы», «Адал ұрпақ — 2023» сынды тәрбиелік жиындар ұйымдастырамыз. Атқарылған жұмыстардың мақсаты – білім алушыларға қылмыстың қоғамға қауіпті әрекет екенін түсіндіру. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы, қылмыстық жауапкершілік, оған қолданылатын жаза түрлері, құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтына тәрбиелеп, өз әрекеттеріне баға бере алуға баулу туралы жиі айтылады. Осы мектеп қабырғасында алынған білімді әрі қарай ата-ана тарапынан да дамытып, кері байланыс болса, бала бұзақылыққа бара қоймасы анық» — деді.
Мектептің сыртында округтің тыныштығын күзетіп тұрған 10 ауылдық учаскелік полициясы мен 19 бақылау камерасы, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар мен аналар кеңесі қатар жұмыс істейді.
Оқиғаға қатысқан балалардың барлығы ұсталды. Өзара келісе алмаған екі бозбаланың кесірінен енді олар да қылмыстық іске тартылады. Іле аудандық Ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, факт бойынша бұзақылық жасаған оқушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Төбелеске қатысқан кәмелетке толмағандардың бәрінің ата-аналарына қатысты ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналып, (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау), сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өздеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша хаттама толтырылған. Полиция қызметкерінің мәліметінше, қазір барлық қажетті тергеу амалы жүргізілуде. Оқиғаға қатысы бар адамдармен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Бағдат ТОҚАНҰЛЫ