Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

ЗАҢСЫЗДЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Қазіргі таңдағы мәселелердің бірі — қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын. Ол туралы Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса береді. Сонда ғана біз осы індеттен таза қоғам құрамыз. Бұл – менің стратегиялық мақсатым» — деді. Яғни, мемлекеттің осы жағымсыз құбылысын жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Іле ауданы – Алматы облысы бойынша халқы тығыз орналасқан өлкенің бірі. Осыған  орай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кез келген іс-шарамыз ауқымды болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту  мақсатында Іле ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жүзеге асыру бойынша  2022 жылы 156 іс-шара ұйымдастырылды.  Атап айтқанда, 13 семинар, 12 акция, 88 кездесу, 10 түсіндірме жұмыстары, 7 дөңгелек үстел өткізілді. Барлығы 25100 адам қамтылды. Одан бөлек бұқаралық ақпарат құралдарында 30, интернет-ресурстарда 132 мақала жарияланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті насихаттауға бағытталған іс-шаралар тұрақты жүргізіліп тұрады.  Қоғамдық орындарда және әлеуметтік желі-лердің ресми парақшаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт және ақпараттық 1000 постер таратылып, 15 баннер орнатылды.

Жақында облыстық және аудандық прокуратурамен жер қатынастары сала-сындағы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Аудандық прокуратураның ұсынысы тәртіптік кеңесте қаралып, бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын. Атап айтсақ, 1 маман қызметінен төмендетілсе, 2 маман атқарып отырған лауазымына сәйкес емес деп танылып, 3 тұлғаға қатаң сөгіс, 5 қызметкерге сөгіс жарияланды.

2023 жылдың І тоқсаны бойынша 44 іс-шара өткізілді. Оның ішінде: 2 семинар, 4 акция, 5 кездесу, 6 түсіндірме жұмыстары, 6 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Барлығы 4100 адам қамтылды. Одан бөлек бұқаралық ақпарат құралдарында 7, интернет-ресурстарда 44 мақала жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті насихаттауға бағытталған іс-шараларға жергілікті бюджеттен 2,5 млн. теңге бөлінді. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша 2 рет ішкі талдау жүргізілді. Нәтижесінде 3 тәуекел анықталып, тиісті ұсыныстар берілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның 1-отырысы өткізіліп, 3 мәселе қаралды. Аталған сыбайлас жемқорлыққа қатысты жұмыстар жалғасуда.

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпымемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту – біздің басты мақсатымыз. Біз осы мақсаттың үдесінен шығу үшін Президентіміз айтқандай, жемқорлықтан таза қоғам құрып, қоғамның кеселіне айналған сыбайластық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға бар күш-жігерімізді салып күресеміз.

 

Бағдат ҚАРАСАЕВ,

Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button