Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениетӨндіріс және кәсіпкерлікӨнер

РУХАНИ ӨМІР АЗЫҒЫ – ҚОЛӨНЕР ОНЫҢ ҚАЗЫҒЫ

–       Қазіргі таңда жаңа бағыт, жаңа бастамалар көп.  Десек те, не себепті сіздің таңдауыңыз осы текемет/сырмақ жасау өнеріне түсті? 

–       Уақыт өткен сайын осы ұлттық мұрамыз текемет, сырмақтың ұмыт бола бастағанын байқадым. Осыдан бес жыл бұрын ойыма осы кәсіппен айналасу идеясы келді. Ойымды жүзеге асыру жолында көп ізденіп, оқуын оқып, тоқуын тоқыдым. Мәселен, киіз басуды қалай жеңілдетуге, оны қалай бояуға болады деген сауалдарға жауап іздедім. Технолог маманнан жүн бояу технологиясы бойынша арнайы сабақ алдым.  Сол секілді 1-2 жыл көп іздендім. Осыдан 3 жыл бұрын ақпан айында Самал деген құрбым да бұл іске қызығушылық танытып, екеуміз текемет, сырмақ өндірісімізді аштық. Құрбым Самал Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өнер саласында білім алған, өзім Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының монументалды кескіндеме мамандығын бітірдім.

– Бұл бағыт бойынша кәсібін дөңгелетіп жүрген адамдар қатары аз емес. Өзге өнімдерден сіз жасаған бұйымның артықшылығы неде?

– Өзгешелігіміз қолөнер туындыларын сапалы әрі таза өнімнен жасайтынымызда деп білемін.  Біздің өнімде қылшық жоқ және ол теріге батпайды. Арнайы технологияларды қолдану арқылы жүннің бояуын қанық әрі өңі кетпейтіндей етіп бояймыз. Арнайы жабдықтарды қолданып, 90 градус ыстық суда, қоспалар мен табиғи адыраспан секілді пайдалы шөптерді қосып араластырамыз. Яғни біз тек экологиялық таза әрі сапалы өнімдерден ғана қолөнер туындыларын жасап шығарамыз. Оған қоса, текемет/сырмақта тапсырыс бойынша түрлі брендтердің логотипі мен белгісін де бейнелейміз. Кез келген тапсырысқа аса жауапкершілікпен және кәсібімізге деген адал ниетпен қараймыз.

– Сіз туындыны жасау барысында арнайы технологияларды қолданамыз деп айтып өттіңіз. Осы тұста өнімді жасау технологиясына тоқталып өтесіз бе? Жаңа заманның әкелер жаңа технологиясы бар демей ме?!

– Әрине, әр адам заманына қарай амалдайды. Баяғы кездері ана-әжелеріміз жүнді жайғаннан кейін, орап, балалардың тепкісі шымыр болады деп жүнді қатайту үшін балаларға тепкіге берген. Алайда бүгінгі таңда бұл әдісті қолдану бізге тиімсіз. Күніге балалар тобын шақырып, көмегіне жүгініп отыру үдерісті ұзартып жібереді. Сол себепті аталған әдісті алмастыратын жаңа технологияны іздестіре бастадым. Ізденіс барысында көрші елден келген темір ұстамен байланыстым. Сол кісінің шеберлігімен, менің сұранысыммен, жұмыс барысын жеңілдететін балама технологияны бірлесе ойлап таптық. Сонымен қатар, киіз бұйымдарын тігу процесінде арнайы тігін машиналарын қолдану арқылы да текемет тігу үдерісін біраз жеделдеттік. Ою-өрнек бейнелеріне келер болсақ, оның барлығы тікелей өз қолымнан салынып, ойылып жасалады.

– Әрине, қолдан шыққан әр өніміңіз ол өзінше ерек. Бірақ соның ішінде өзіңіздің жаныңызға жақын, ішкі тебіренісіңізден шыққан туындыңыз бар ма?

– Қолымнан шыққан әр туынды жанымның бір бөлшегіндей маған қымбат. Себебі, тапсырыс болсын/болмасын әр қолөнер бұйымына бірдей жан дүниемді салып, сезіммен сезініп тігемін. Кейде тапсырыстан қалған қиынды маталардан қиялыма ерік беріп түрлі табиғат, көрініс туындыларын үйлестіретінім бар. Бұл іс жан тыныштығы үшін десем болады.  Кей кездері үлкен тапсырыстың бір үдерісі бітіп, екінші үдерісіне аяқ басу аралағыныда бір бос уақыт болады. Сол кездері бос отырмау үшін кішігірім кілемшелер жасаймын. Ол аяқасты тапсырыстар келген кезде қолғабыс болады. Бір сөзбен айтқанда, мен аяқталған істен емес, оның дайындалу барысынан ләззат аламын.

– Әлеуметтік парақшаңызда ою-өрнекте философиялық мән, астарлы ой бар деп жазыпсыз. Өзіңіз сырмақ, не текемет тоқығанда осы философиялық ойды басты назарда ұстайсыз ба? 

– Біз ою-өрнекті  бейнелемес бұрын,  арнайы энциклопедияларды шолып шығамыз. Тек тыңғылықты зерттеу жұмыстарынан кейін арнайы сырмақ, текеметке салуға болатын бейнелерді таңдап саламыз. Себебі, басқа киетін арнайы бас киім, не көз оюы сынды  аяқасты етуге болмайтын ою-өрнектер бар. Біз бұл қағидаттардың барлығын саралай отырып, елеп-ескеріп, қолөнер туындысына ою-өрнек таңдаймыз. Әр оюдың өзіндік үстер мән-мағынасы бар. Қазақтың өзіндік символына айналған оюы – қошқармүйіз. Ол байлықты, берекені, молшылықты білдіреді.

– Өз қолөнер туындыларыңызда көбіне қандай ою-өрнектерді жиі қолданасыз?

– Негізінен «мүйіз» ою-өрнегі ұсақ және ірі болып келеді. Ұсақ түрін ағаш, мүйіз, сүйек сынды қолөнер туындыларына қолданса, ал текемет, сырмақтарымызға, біз, ірі түрін пайдаланамыз. Мүйіз элементтерінің ішінде көбіне қолөнерімізге аймүйіз, қосмүйіз, сыңармүйіз, сынықмүйіз, қырықмүйіз, маралмүйіз, қошқар мүйіз сынды оюларды қолданамыз. Негізі, мүйіз бейнеленген оюлардың символдық мәні мал-жанның көбейюі, бақыт, байлық, береке мағынасын үстейді.

– Өзіңіз білетіндей, халқымызда ою-өрнек бейнелері ғана емес, қолданылатын түрлі түстер де тектен тек таңдалмаған. Сіз де  қолөнеріңізде түс таңдауға аса ден қоясыз ба? Жетекші түстеріңіз қандай?

– Шынтуайтына келгенде, мен үшін, қара түстен басқа түстің барлығы әдемі. Әр түстің өзіндік мәні, көз тартар реңі, үйлесімі бар. Ал ұнайтын түстерге келер болсақ, өзіме жабық түстерден гөрі ашық түстер жағады. Ашық түс көңілдің ашықтығын, жақсылықтың бір нышанын білдіретін іспетті. Сондықтан арнайы тапсырыс болмаса, ашығырақ түстерді қолдануды жөн көремін. Бірақ жабық түстерді қолданудан да қашпаймын. Себебі ашық және жабық түсті қатар қолданғанда, екеуі бірін-бірі толықтырып, қолөнер бұйымына ерекше реңк береді. Бұл тұста мен түстердің өзара үйлесімділігі мен жарасымдылығын басты назарда ұстаймын. Егер тапсырыс берген тұтынушының таңдаған түстері өзара келіспесе, ол жағын ескертіп, өз тарапымнан балама ұсыныстарды да білдіріп отырамын. Десе де, соңғы сөз тұтынушының өзінде қалады.

– Сырмақ жасауға кемінде қанша уақыт кетеді?

– Сырмақ жасау – көп еңбекті қажет ететін үдеріс. Оның уақыты да туындының көлеміне тікелей байланысты. Мәселен,  3*2 метрлік сырмақты жасау үшін бір шеберге 6 айға дейін уақыт қажет. Бірақ, менің жағдайымда, сырмақ сырумен өзіммен бірге 7 шебер әйел  айналысатындықтан, бұл процесс 1 айға дейін қысқарды.  Оған қоса, өндірісімізде бір мезетте бірнеше тапсырыс қатар даярланады. Бір ғана тапсырысты алып, онымен 1 ай көлемінде айналысу бізге тиімсіз.

– Сырмақ, текеметтен бөлек жасайтын өзге де қолөнер туындыларыңыз бар ма?

– Иә, сырмақтан бөлек шапан, орамал, қазақи тақиялар мен аяққа киетін тігіссіз байпақтар жасаймыз. Соның ішінде әсіресе байпақ аяқ киімдер адам денсаулығына пайдалы. Себебі  жүннің құрамындағы ланолин буын ауруларына, ал жүн қылшықтары қан айналымына оң әсерін тигізеді. Ал ең сұранысқа ие туындыларымыз ол сырмақ және текемет.

– Білуімше, сіз Қытай Халық Республикасында өткен дүниежүзілік көрмеге қатыстыңыз. Сол көрмеден алған әсеріңізбен бөліссеңіз?

– Былтыр маусым айында Қытай Халық Республикасы, Цинхай провинсиясының Синин қаласында «Табиғи кілемдер»  атты дүниежүзілік қолөнер көрмесі өтті. Еліміздің  атынан көрмеге өзім қатысқан болатынмын. Дүниежүзілік көрмеде жібек, тоқыма жіптен кілем сынды түрлі табиғи өнімнен тігілген қолөнер туындылары көрсетілді. Бір-бірінен өзгешеленетін туындылардан әр елдің өзіндік бағытын, тігу стилі мен әдісін байқадым.  Көрме барысында басқа елдердің өзіндік құндылықтарын сақтағаны маған қатты ұнады. Мысал ретінде аванг елінің халқын айтсам болады. Олар ауыл болып күні бүгінге дейін әлі  кілем тоқу ісімен айналысады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бұл кәсіпті белгілі бір дәрежеде дөңгелетіп келеді. Сол секілді көрме барысында кезіктірген көршілес өзбек елінің азаматы бұл қолөнердің өз әулетінде сан ғасырдан бері  атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқанын айтты.  Көрмеге қатысушы қолөнершілердің әңгімесін тыңдап, біздің еліміз рухани құндылықтарынан қол үзіп бара жатқан жоқ па деген ойға еріксіз келдім…

– Алға қойған мақсат,  жобаланған жоспарыңыз болса айтып өтсеңіз.

– Әрине, болашаққа деген жоспар, үміт зор. Десе де, оның орындалу жолында қаражаттың жетіспеушілігі бөгет болып тұр. Қазіргі тігіп жатқан текемет, сырмақтың көлемін ұлғайту үшін, сәйкесінше, үлкен өндіріс орны мен шеберлер қажет. Бүгінгі таңға дейін, шүкір, ешкімнің қалтасына қарап,  қол жайған емеспін.  Алайда, егер мемлекет тарапынан қандай да бір қолдаулар мен бағдарламалар болса, кәсібіміз өрге қарай тезірек өрлеуі мүмкін еді. Сол себепті адал еңбегімен кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап жүрген жандарды мемлекет қолдап жүрсе деймін. Жоқ болып бара жатқан рухани өнерімізді қолдан қолға жалғап, бастамаларды халық болып жебеп жүрсек, нұр үстіне нұр болар еді.

– Сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет! Келіп жеткен әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, ісіңізге береке,  бастамаларыңызға толағай табыс тілеймін!

– Рақмет! 

 

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button