Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамМәдениетӨндіріс және кәсіпкерлікӨнер

ҰЛТТЫҚ КИІМДІ ТІГУДЕН ШАБЫТ АЛАМЫН

Биыл ұлт мейрамын тойлатудың жаңа форматы ретінде «Наурызнама» онкүндігін өткізу ұсынылған. Мерекелік күнтізбеге сәйкес «18 наурыз — Ұлттық киімдер күні «деп бекітілді . Осыған орай, қазақи нақыштағы киімдерді тігуді кәсіп еткен Туганбаева Айгуль Айдаровнамен атаулы күнде сұқбаттасуды жөн көрдік.
     – Айгуль Айдаровна, бұл кәсіпке алғаш қалай келдіңіз? 

–  Бұл кәсіпке өзімді кіші кезімнен бағыттадым десем болады. Анам тігінші болғандықтан, ол кісі тігіп отырған кездері жанында отырып, мен де анамнан қалыспай үйреніп отыратынмын. 6 жасымнан бастап  өз бетімше қуыршақтарыма түрлі көйлектер тігіп,  анаммен қоса жармасып, мата қиқымдарынан құрақ құрап, тіге алғанымша тігіп бастадым. Өсе келе тұрмысқа шығып, 5 ұл 1 қыздың анасы атандым. Бұл кездері үй қамы, бала қамы деп жүріп тігуді қойдым. Кенже қызым балабақшаға барған сәттен бастап, қайта бұл істі қолға алып, қызыма түрлі киім тігуден бастадым. Балабақшадағылар қызымның киміне қызығып, оларға да тігіп беруімді сұрады. Осылай 5-10 тапсырыстан бастап балабақшаға киім тігіп жүрдім. Кейін қызымды биге бергенде, би студиясындағы мұғалімдерден ұсыныстар түсті. Ерте тұрмысқа шыққандықтан тігіншінің оқуын оқып, тоқуын тоқығаным жоқ. Бұл бойымдағы бар қабілет деп өз басым есесптеймін. Тек осы қабілетімді шыңдау үшін тәжірибеге жүгіндім. Ал тәжірибе барысында ұсыныстың бәрін үйде тіктім. Осылайша 2015 жылдан бастап осы кәсіпті қолға алдым.

 –  Көбіне қайндай үлгідегі киімдерді тігесіз?

–  Алғашқы тапсырыстарым бишілерден, дәстүрлі бағыттағы әншілерден қазақи нақыштағы киімдерге түсті.  Сондықтан, қазақи киімдерді тігіп жүрдім. Өзіме де осы бағытта кәсібімді өрбіткен ұнайды. Қазіргі уақытта замануи үлгідегі киімдерді де топтама қостым. Десек те, дәстүрлі киімдерді тігуге бүйрегім көбірек бұрып тұрады.

–  Тапсырыс берушілеріңіздің де қатары көбейген болар?

–  Шүкір, тапсырыс берушілерімнің қарасы көп.  Қазір түрлі мектептермен, балабақшалармен, би студияларымен  жұмыс істеймін. Кейбір әншілер де сахналық образдарына сәйкес киім тігіп беруімді сұрап,  ұсыныс білдіреді.

– Киім тігуде қандай мата түрлерін таңдайсыз? Сапалы және сапасыз матаны қалай ажыратасыз?

– Сапалы матамен тігілген киімнің өңі бірден көрінеді, ол қолға икемді, түсі реңді, жылтыр болады. Ал сапасыз матамен тігілген киім синтетикасы көп, түсі қанық емес, тез қыртыстанғыш келеді. Оның үстіне мен көбіне сахнаның киімімен жұмыс істейтіндіктен, оны сапалы матадан, әдемі оюдан, түрлі тас әшекейлерін қосып тіккенді жөн көремін.  Дей тұрғанымен, кей кездері сапасыз матадан да сапалы дүниені шығаруға мүмкіндік бар. Ол, ең алдымен, тігіншінің шеберлігіне, матаны қолдану техникасына тікелей байланысты.

– Сіздің дизайнерлік топтамаңыздың ерекшелігі неде?

– Менің ойымша, қолымнан шыққан киім үлгіремінің барлығы дерлік өз шығармашылығымнан, ойымнан туындайтындықтан, топтамамның даралығында деп есептеймін. Себебі, түрлі деңгейдегі жарыс болғасын, ол жерде киілетін киім өзгелерден өзгешеленуі тиіс. Мен осы ойды негізге ала отырып, киімді ойластырып, нобайын сызып тұтынушыларға ұсынамын. Кей кездері тұтынушымен бірлесе отырып, киім дизайнын бірге шығарамыз. Оған қоса, тапсырыстан бөлек, кез келген киім үлгісіне қосымша фурнитура жасап беремін. Мысалы, қыз балаға қазақи нақыштағы киім үлгісін тігу қажет болса, жанына оюмен өрнектелген белдік не бас киімді сыйға тартамын.

 – Егер өзіңізге қолқа салса, қандай үлгідегі киімді тігер едіңіз?

– Өз басым мен қазақи көйлек белдемшелерінің көлемді болғанын қалаймын. Көзге түсетін, ашық түстер мен маржан тастарды қолданғанды ұнатамын. Байқасаңыздар, әрбір киім үлгім әшекей тастармен безендірілген.

 – Қазақи нақышта киінетін жастардың қатары көбейіп келеді. Тапсырыс берушілердің арасында ондай сұраныстар жиі түсе ме?

– Қазір алдыңғы жылдармен салыстырғанда қазақи нақыштағы киімдерге сұраныс өте көп. Сахналық тапсырыстан бөлек, күнделікті өмірде киіп жүруге арналған киімдерді ою-өрнекпен кестелеуге тапсырыс береді. Жақында ғана күртешені ою-өрнекпен өрнектеуге тапсырыс түсті. 2015 жылдан бері байқасам, қазіргі уақытта этностилдегі киімдерді тігуге ұсыныс көп келеді. Жастар арасындағы бұндай ұлттық киімге деген бет алысты өз басым қос қолдап қолдаймын.

 – Дәстүрлі киім тігу оңайырақ па, әлде заманауи киімді тігу оңай ма?

– Қазақи киімдерді тігуге бір жарым екі күн, ал жай көйлекті тігуге бір күн кетеді. Бірақ, маған жай көйлектен қарағанда қазақша, сахналық киімдерді тігу оңай көрінеді. Кішкентай кезімнен дәстүрлі киімдерді тігіп әуестенгенімнен де болар. Қазақи киімдерге келгенде шабытым артып, күшім тасып, тезірек жұмысымның ақырғы үлгісін көруге асық боламын. Әр оюын ойлап, моншақтарын тізбектей тізіп отырғаннан ләззат аламын. Сондықтан да болар жай көйлектерден гөрі қолым қазақша, дәстүрлі сахна киімдеріне қарай жүгіріп тұрады.

 – Тігіншіге  қолдан шыққан әр туындысы ол ерек. Бірақ соның ішінде өзіңіздің жаныңызға жақын, ішкі тебіренісіңізден шыққан туындыңыз бар ма?

– Санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұратын ерекше үлгідегі киім – ұзату тойға арналған қалыңдық көйлегі. Бір апталық еңбегімді сарп еткен бұл көйлектің әр бөлігі қолдан жасалып, жеке тігіліп, жіті таңдалған болатын. Күні-түні тіккен қалыңдық киміне жұмысыммен қоса, ішкі сезімімді да арнадым десем болады. Әр бұйымын тігіп жатып, дұға тілегімді де арнап, басқан қадамы, киген киімі оң жолға бастауын тіледім. Себебі қандай көңіл-пейілмен тіксең, кимің де соған сайланып шығады.

 – Сіз секілді кәсіпкерлерді қолдайтын мемлекет тарапынан қандай да бір бағдарламалар бар ма?

– Әрине, ондай бағдарламалар бар. Өзім де кәсібімнің бастамасын осындай бағдарламаға қатысу арқылы бастадым. 2020 жылы «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау Бизнес» жобасының грантын иеленгендердің бірі атандым. Бағдарлама бойынша кәсіпкерліктің оқуын 1 ай оқып, тестін сәтті тапсырып, өз бизнес жоспарымды қорғадым. Нәтижесінде қайтарымсыз грантты ұтып алып, сол қаржыға ательемді ашып, тігін құралдарымды сатып алдым. Осылай мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсібімді бастап, күні бүгінге дейін өз ісіммен айналысып келемін. Білуім бойынша, «Бастау Бизнес» жобасы 2025 жылға дейін тағы 5 млн. тг дейін қайтарымсыз грант байқауын өткізіп жатыр. Бұл шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне өз ісін өрбіту үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан таптырмас мүмкіндік деп есептеймін.

 – Кәсібіңізге қатысты алдыға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Болашаққа деген жоспар көп. Соның бірі, өз брендімді ашсам деймін. Кәсібімді кеңейтіп, өзімнің киім үлгілерімді көптеп шығару жоспарда бар. Әзірге бұл жоспар тек ойымда тұр. Себебі, оны іс жүзінде іске асыру көп қаражатты қажет етеді.

 – Елімізде тігін саласын дамыту бойынша қандай жоспарлар немесе бағдарламалар  алға қойылу қажет деп есептейсіз?

– Негізінен, мемлекет тарапынан кәсіпті дамытуға қатысты түрлі бағдарламалар мен жоспарлар бар. Бірақ қайтарымсыз грантты ұтып алу көбісінің қолынан келе бермейді, себебі бір жағын қамдап жатсаң, екінші жағы қысып жатады, үшіншісі келте келеді. Қол жеткізу,бір сөзбен айтқанда, өте қиын. Сол себепті, жобаларға қатысу талабы жеңіл түрде өтсе деген ұсынысым бар. Мен секілді әйел кәсіпкерлерге киім тігуде көмек, жеңілдіктер қарастырылса нұр үстіне нұр болар еді.

 – Сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button