ЖАСТАР РУХЫН АСПАННАН ЕМЕС БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕДЕН ІЗДЕЙІК
Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы, белсенді буын өкілдері. Осыған орай, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ Іле бөлімі ұйымдастыруымен, аудандық кітапханада «Рухты жастар санасының жаңғыруы» тақырыбында, жас ұрпақты қалыптастыру мен ілгерілету және қазақстандық қоғамды дамытудағы сабақтастықты қамтамасыз етудің негізгі факторы ретінде жастардың қоғамдық санасын жаңғыртуға бағытталған мәселелерді талқылау мақсатында аудан жастарымен дөңгелек үстел өткізілді. Шараға жастар ассамблеясының төрағасы Ульжаева Ирина, Энергетический ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рақыш Темірлан, қоғамдық медиатор Сейдалиев Мақсат, Жастар ресурстық орталығының басшысы Тынышбаева Мариям қатысты. Шара барысында еліміздегі жас буын өкілдерінің ғылым-білімге талпынысы, қоғамға деген көзқарасы, белсенділігі патриоттық сезімі туралы айтылды. «Болашақ жастардың қолында, өмірін құр босқа өткізбей, білім алуға жұмсап, еліне кішкентай да болсын үлесін қоса алса, міне, нағыз жас ұрпақ бола алғаны. Сондықтан, қазіргі жастардың ұстанымдары білімді болу, пайдалы болу болса, біздің ертеңіміз ашық болмақ.» — дейді жастар ассамблеясының төрағасы Ульжаева Ирина. Рухты жастар мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, қадам бастайды.
«Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты жастардың қоғамдық санасын ояту, оларды саналы тұлға ретінде қалыптастыру. Өмірлік ұстанымдарын, көзқарастарын кеңейтіп, әлемдік жаһандану үдерісінде болып жатқан көптеген жаңалықтардан қалыс қалмас үшін, олардың білімге ден қоюын қамтамасыз ету. Бүгінгі жиында осы мәселелелер көтеріліп, жастардың осы жиыннан ойға түйгені көп деп ойлаймыз», — деді Энергетический ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Рақыш Темірлан.
Жаңа заман мәселесі жас ұрпаққа рухани патриоттық тәрбие беру. Ой — санасы дамыған, рухани бай адамды бала кезден бастап тәрбиелеу керек. Ел аузында «ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал ол ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Яғни,туғаннан баланың бойына ұлттық намыс, тектілік, рухани патриоттық құнды қасиеттерді сіңіру басты рөл атқарады. Бала өз ойын анық жеткізе білу, технологияны еркін меңгеру, қазақ тілінде еркін сөйлеу, уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге қабілетті болуы керектігіне ерекше тоқталуымыз керек. Әрбір тұлға өз тарихын терең біліп қана қоймай, заман талабына сай қасиеттерді де игере білуі керек.
Сонымен қатар Рухани сананың жаңғыруы – бұл жастардың сана сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Ал, жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте, олардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени деңгейі, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады.Бұл ретте өзімідің бірегейлігімізді, құндылықтарымыз бен дәстүрімізді сақтауға тиіспіз.
Дөңгелек үстелге ардагерлер, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Кездесуде мәңгілік ел болудағы рухани жаңғырудың маңыздылығы, ұлттық сананы жаңғыртудағы жастардың ролі тақырыбында ашық әңгіме айтылды.