Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКүрті ауылдық округіҚазақстан жаңалықтарыМәдениетМерекелерӨнер

АҚШИ ХАЛЫҚ ТЕАТРЫНА 45 ЖЫЛ

Жыл сайын 27 наурызда бүкіл әлемде халықаралық театр күнін атап өтеді. Бұл мерекені біздің ілелік Ақши халық театры да жоғары деңгейде тойлайды. «Халық театры» деп аты айғайлап айтып тұрғандай, ауыл ішіндегі көркемөнерпаздардан құралған киелі өнер, киелі сахнасы бар шағын ғана театр. Шағын дегенімізбен, көтеретін жүгі академиялық театрлардан кем емес. Бұл жерде де үлкен өнер мектебі қалыптасады. Режиссерлар мен сценаристер, көркемдік жетекшілерге де ауыр жауапкершілік артылады. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» — дейді Ғабит Мүсірепов. Бұл қастерлі де құнды дүниені жасайтын да, дамытатын да ауылдың ардақты  адамдары.

Мерекені Іле аудандық Мәдениет үйінің директоры Қарлығаш Ұланқызы мен мәдениет үйінің ұжымы Ақши халық театрын арнайы құттықтап, ауыз ашар беріп, А. Тоқпанов ауылында атап өтті. Тойхананың кең залына жайылған алтын түстес кілемнің үстінен Ақши халық театрының ардагер өнерпаздарымен қатар жас буын актерлері жүріп өтті. Осылайша биылғы театр күнін ерекше жағдайда қарсы алды. Бұрын аудан көлемінде болмаған «Театр кешін» ұйымдастырып, Ақши халық театрының ардагер өнерпаздармен кездесу өткізілді. Ақши халық театры Іле ауданындағы күллі өнер атаулының қара шаңырағы десек те болады. Себебі театр 45 жылға жуық елге қызмет етіп, қазіргі ауданда жұмыс істеп жүрген көптеген әртістер мен әншілердің тұсауын кесті. Тұңғыш іргесін қалаушы режиссер Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның домбыра бөлімін бітірген жас маман Наурызбай Мукарамов болатын. Ең алғаш 1977 жылы драмалық үйірме ретінде құрылған бұл ұжым, сахнаға тұңғыш Қ.Шаңғытбаевтың «Қуырдақ дайын» атты пьесасын қойып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген еді. 1970-1980 жылдары халық шығармашылығына, халық театрына сұраныс ерекше артқан заманда, бұл қойылымдар театр мүшелеріне тың шабыт бергендей еді. Талапты өнер иелерінің мұндай ізденісіне шығармашылық орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп, Халықтық атағын қорғауға ұсынылады. Сөйтіп, драма коллективі Қ. Байсейтов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» атты үш перделі комедиясымен 1979 жылы комиссия алдына шығып, ерекше өнерлерімен көзге түсіп, халықтық театр атағы берілді. Театр ұжымы 1997 жылы Күрті ауданы тарап,  аумалы-төкпелі уақытта «Өліспей беріспе» деген ұранмен, еңселерін түсірмей, жоқтан бар жасап, әдеттегідей мемлекеттік болсын, одан да басқа мерекелік шараларды бар мүмкіндіктерінше өз үлестерін қоса отырып өткізетін. Әр тақырыпта дәстүрлі «Ерулік», «Бауырдан табақ алу», «Ұрын құда түсу», «Келін түсіру», Құйрық-бауыр асату», «Беташар», «Құдағи жүзік сыйлау», Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», Мұхтар Шахановтың «Отырардың күйреуі», Ш.Құдайбердиевтің 150 жылдық мерейтойына арналған, «Наурыз думан», «Жаңа жылдық ертегілер», «Желтоқсан оқиғасы», Жеңіс мерекесіне және Ынтымақ күніне арнап қойылымдар мен композицияларды халыққа тарту етті. 2009 жылы аудан көлемінде «Халық театрының» 30-шы маусымын Сұлтан Жарқынбековтың «Әнің мені ешқашан өлтірмейді» атты музыкалық трагедиясымен ашып, облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен Балқаш, Жамбыл, Райымбек аудандарын өнер сапарымен аралап қайтты. Бүгінде облыстық тараптан ұжымға 15 штат жұмыс орны ашылған. Онда негізінен Ақши ауылынан шыққан әртістер өнер көрсетеді. Қазіргі кезде театр құрамында  Жасұлан Тусупбеков жетекшісі,  Айсұлу Усентаева қоюшы суретші, Қарлығаш Ұланқызы қоюшы режиссер, жас актерлер құрамында Қуаныш  Қонысбеков, Айдар Асарбай, Уатхан  Заханқызы,  Әнуарбек Қызырбек,  Абай Адырбай, Диас Төлепбергендер бар.

Кеште сөз алған Ақши халық театрының ардагері, Іле ауданының Құрметті азаматы Г. Ахметбаева: «Бүгінгі мерекелік кешті пайдаланып өз жұмысын сүйіспеншілікпен дұрыс үйлестіре білетін мәдениет пен өнер саласының қызметкерлеріне, өнердегі сара жолды салып кеткен ақ шашты, ақ самайлы өнер ардагерлеріне Іле жұртшылығының атынан айрықша алғысымды айтамын. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақши ауылының мәдениеті мен өнерін өрістету, руханиятын жаңғырту, ұлттық өнерімізді облыс көлеміне паш етіп, таныту бағытындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, күш-қайрат, отбастарыңызға бақ-береке, амандық тілеймін! Іле ауданының мәдениеті мен өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жасай берсін! Ізімізді жалғап, гүлдей жайнап келе жатқан Ақши халық театрының жас буын өкілдеріне шығармашылық шабыт тілеймін! Театр күні құтты болсын!» — деді. Халық театры бірнеше рет өз атағын қорғап қалды. Ақши халық театры  мәдени, шығармашылық және эстетикалық дамуының маңызды орталығына айналды және ауыл өнерінің дамуына көптеген жетістіктерді әкелді.

– Театрда кейіпкерлерді шынайы, көрермен қауымның сеніміне селкеу түсірмей ойнау үшін ұжыммен бір толқында бола отырып, образды аша білуде барымызды саламыз. Түрлі рөлдерді сомдауға тура келеді. Әр түрлі образға еніп, өзіңді ғана емес, басқа адамдардың өмірін іштей сезінгендей күй кешесің. Сахнадағы кейіпкерлеріңнің бірінен жеріп, бірінен үлгі аласың, – дейді театрдың жас актеры, облыстық және республикалық театр байқауларының жыл сайынғы жеңімпазы, мәдени іс-шаралардың белсенді қатысушысы Диас Төлепберген. Театр қабырғасында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып, ауыл адамдарының  өмірін рухани байытып, оларға жағымды эмоциялар сыйлайды, ұрпақтан ұрпаққа жақсылық пен сұлулықтың мәңгілік құндылықтарымен таныстырады. Театр сахнасы ауыл азаматтарының ересектер мен балаларды, мектеп пен отбасын біріктірді. Театрдың бастамашысы және тұрақты жетекшісі Анипулла Есембеков керемет режиссер және талантты әртіс қана емес, соңынан ерген жастардың ақылшы ұстазы.

– Мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық театрда өнердегі аға-апаларымызбен бірге түрлі рөлдерді ойнау бақыты бізге де бұйырды. Ұзақ жылдық тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйрендік. Кейін осы халықтық театр жанынан жастар театры құрылды. Басшылықтың ұсынуымен құрылған жастар театрының жеке отау тіккеніне үш жыл уақыт болып қалыпты, – дейді ардагер актер Анипулла аға.

Алдағы уақытта да ұжым көрермендерге үнемі керемет шығармашылық атмосфера сыйлап, жарқын спектакльдермен қуанта бермек. Ұзақ жылдан бері көрермен көзайымына айналған халықтық театрдың биік белестерді бағындыратынына еш күмән жоқ. Болашаққа жоспары мен мақсаттары да айқын. Ендеше, мәдениет пен өнерді, әдебиет пен руханиятты ұштастырып жүрген театр ұжымына сәттілік серік болғай деп тілек білдіреміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button