ЕКПІНДІ АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТОҚТАП ТҰР
Іле ауданы Екпінді ауылында орналасқан №2 орта мектептің ұзын саны мыңға жуық оқушылары мен жүзге жуық ұстаздары көрші ауылға барып оқып жүр. Мектептің күрделі жөндеу жұмысы сағызша созылғандықтан, оқушылардың бір бөлігі қашықтықтан білім алуда. Жергілікті биліктің 500 балаға арналған орта мектеп биыл шілде айында қолданысқа берілуі тиіс болған. Уәде айтылғанымен, орындалмайтындай көрінеді. Күрделі жөндеу өтеді деп алып тастаған есік терезелерінің де құрлысы толық аяқталмаған. Жергілікті халықтың бірі үйде онлайн оқытуды таңдаса, енді бірі алыстағы мектептерге апарып жүр. Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған Іле ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында, Іле ауданы Междуреченск ауылдық округі Екпінді ауылындағы №2 орта мектебіне барып қайттық. Мектеп 1976 жылы пайдалануға берілген екен. Жобалық қуаты 464 оқушыға арналған. 2008 жылы ішінара күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі таңда мектепте 578 оқушы оқиды. 32 класс комплект. 67 мұғалім, 10 техперсонал жұмыс істейді. 2023 жылы Екпінді ауылы, №2 орта мектебіне күрделі жұмыстар жүргізу үшін 602 млн. 036 мың 937 теңге бөлінді. Бүгінгі таңда игерілген қаржы 404 млн 483 мың теңгені құрайды. Қалған 197 млн 553 мың 937 теңге қаражат бөліну қажет етеді. Қазіргі кезде құрылыс жұмысының 45 пайызы аяқталды. Күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алған «Стройтекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жұмысы сылбыр болып шықты. Ғимаратты жөндеу жұмыстарына 33 қызметкер жұмылдырылғанымен, құрылыс алаңында үш-төрт құрлысшыдан басқа тірі пенде көзге түспеді. Жұмысшылары туралы компания өкілі мардымды жауапта бере алмады. Шатырды жөндеу жұмыстары басталған, ғимаратты сейсмикалық тұрғызу үшін металл әкелінді, еденді түзулеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Күрделі жөндеуге жоба бойынша төмендегі жұмыстар кіреді: сыртқы қабырғаларды сылау; сейсмикалық қатайту; ішкі әрлеу жұмыстары және едендерді жөндеу; есік-терезелерді бұзу және жаңасын орнату; вентиляция, дәретхана, кәріз, жылыту жүйелерін бұзу, орнату, электр, өртке қарсы жүйелерін жөндеу, бейнебақылау, интернет, телефон жүйесін жөндеу, мектеп аумағын қоршау, көгалдандыру, көркейту жұмыстары кіреді. Атаулы күрделі жөндеу 2024 жылдың маусым айына аяқталуға жоспарланған, бірақ берілген мерзімінен кешігу қаупі бар. Қазіргі уақытта облыстық Білім басқармасынан қаржы бөлінбегендіктен жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Анықталған мәселелер бойынша жергілікті әкімдік, құрылыс компаниялары өкілдеріне ескертіліп, орындалуы бақылауға алынды. Ауданда қазір екі мектептің жұмысы жер сілкінісінен кейін тоқтап қалған. Олардың біреуі Боралдай округі Жайнақ ықшам ауданындағы №40 орта мектеппен Ащыбұлақ ауылындағы №20 орта мектеп, әр қайсысында мыңнан аса бала білім алушылары онлайн форматына көшкен. Мектептерді қашан және қалай қалпына келтіретінін жергілікті әкімдікте немесе білім бөлімі де дөп басып айта аламай отыр.
Жоғарыда айтылған кемшіліктерді бақылауға алып, құрылыс жұмыстарының кешіктірілмей уақытылы, сапалы жүргізілуіне газетіміз қырағылық танытып, атсалысып отыратын болады.
Бағдат Шойбас