ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ФОРМАҢДЫ ТҮЗЕ
Бүгінде мектеп формасының мәні қандай? Онымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті шешуге бола ма? Осы мәселелер жөнінде тарқатып көрсек… Мектеп формасы зайырлы қоғамның талабы десек те, оның жалпыға бірдей қолжетімділігін де ескерген жөн. Кеңес заманында бәріне бірдей мектеп формасы болды. Оқушы мен мұғалімді ажырата алу оңай еді. Әрі әлеуметтік теңсіздік те байқалмады. Әр мектептің арнайы өз формасы болды. Ондай болмаған жағдайдың өзінде жалпыға ортақ ақ жейде мен қара белдемше кию міндеттелді. Оны ескергендерден гөрі елемегендердің қарасы басым. Мектеп формасы өскелең ұрпақтың жүріс-тұрысына, денсаулығына, жалпы дамуына зор ықпалын тигізеді.
Жалпы бірыңғай мектеп формасы әлеуметтік алшақтықты бір жүйеге келтіруден бөлек, оқу орынындағы ішкі мәдени тәртіпті қалыптастырады, түрлі фанатизмнен сақтандырады әрі қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мәселен, түрлі-түсті қысқа белдемше, кең кеудеше, олпы-солпы жейде мен спорттық аяқ киім мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектің сықпытын кетіргендігі жасырын емес. Сонымен қатар, мектепте діни киімдердің үлгілері де қылаң беруде. Осындай кем-кетіктің алдын алу бүгінгі қоғамның талабы болмақ.
Біз Қазақстан Республикасының азаматтары зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Ол туралы еліміздің басты құжаты – Конституциясының 1-бабының 1) тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» дей келе, «Қазақстан Республикасының басты құндылы – адам» екендігін баса айтады. Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 30-бабы 1) тармағында «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деп, әрбір тұрғынның, ҚР әр азаматы мектепте лайықты білім алуға құқығы бар екенін атап көрсеткен. Алайда, Конституцияның 30-бабы 4) тармағында «Мемлекет білім берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сай келуі керек» — деп, әр оқу орны мемлекет тарапынан стандартқа сай офистік үлгіде киім киюі керектігін, білім ошақтарының өз киім үлгісі бар екенін анық айтқан.
Тәуелсіздік алған жылдары дін саласындағы ұйымдарға еркіндік бергеніміз соншалық, иогова куәгерлері, небір діни секталар мен сәләфит, уахаббистік бағытты ұстанған діни ұйымдар әділет басқармасынан еш кедергісіз өтіп алғанын ел ұмыта қойған жоқ. Сирия секілді террорлық бағыттағы соғыс жүріп жатқан елдерге барып, бастарын оққа байлап жүргендер де сол діни фанаттардың үгіт-насихаты мен уағыздарының нәтижесі. Елімізде сәләфит бағытын ұстанған, Әбу Ханифа мәзһәбін мойындамайтын намазхан отбасылар да баршылық. Мектеп жасындағы қыз балаларды мектепке хиджаб кигізіп жіберетіндер де солар. Олардың көбінің ата-аналары мектептердің ішкі тәртіп ережесінің негізі болып саналатын Республика бойынша бірыңғай мектеп формасына көшу туралы Білім және ғылым министрінің бұйрығына бағынбайды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылдың 14 қаңтарындағы №26 бұйрығында (бұйрық Әділет министрлігінде 2016 жылдың 16 ақпанында №13085 болып тіркелген) «Республиканың жалпы білім мектептерінде бірыңғай мектеп формасын енгізу оқушының әлеуметтік жағдайына, ұлттық, діни және басқа да белгілеріне қарамастан, оқушының тәртібін, мәртебесін арттыруға бағытталған. Яғни, білім беру ұйымдарында ішкі тәртіп ережелерін сақтау білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті болып саналады» (Заңның 47-бабы, 14-тармағы) — деп, тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Еліміздің заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» десе, ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» — деп, ұлағатты сөз қалдырған. Сонда Білім және ғылым министрінің бұйрықтары орындалмайтын болса, ондай солқылдақ Заңның қоғамға қажеті қанша?
Қазақта «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Сондықтан, ең әуелі, қыз баланың елден ерек тұмшаланып киінуі сырт көзге оғаш көрінсе, екіншіден, Білім министрінің бұйрығына бағынбаудың бір белгісі емес пе? Ал, асыл дінімізде де «Басшыңа бағын, ол Алланың жердегі көлеңкесі» демеп пе еді?! Сондай-ақ, «Жаман әдет – жұқпалы» дегендей, хиджаб, не болмаса орамал тағуға, мектеп формасына жат басқа да киім киюге нақты Заңмен тыйым салмасақ, ертең әр түрлі секілді діни киім киюшілер саңырауқұлақтай қаптап, еге бола алмауымыз мүмкін. Ал, бұл – ата-ана тарапынан рухани тәрбиенің дұрыс берілмеуінің нәтижесі. Соның салдарынан біз осындай келеңсіз жайға тап боламыз.
Қазіргі таңда мектеп пен Білім бөлімдері ғана хиджаб киген оқушылармен күресіп жатыр. Олардан Оқу-ағарту министрлігінің (Білім және ғылым Министрінің 2016 жылғы №26 бұйрығы) бұйрығы орындалуын, мектептің ішкі тәртібіне бағынып, мектеп формасын сақтауды талап етуде. Бірақ, бұл ата-аналар талапты орындауға қарсы шығып жатыр. Өйткені, Заңда да, бұйрықта да кез келген бас киіммен мектепке кіргізілмесін деген талап қойылмаған, тек мектеп формасы сақталуы керектігі айтылған. Ал, хиджаптанған оқушылар мектеп формасын сақтай отырып, бастарына орамал тағып, оның нақты діни киім еместігін, орамал тағу ол тек аксессуар екендігін алға тартады. Мектептің ішкі тәртібіне бағынбаған, орамалмен мектепке келетін оқушыларды мектеп әкімшілігі Іле ауданы әкімі жанындағы кәмілетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынады. Комиссия қаулысында да кез келген бас киім мен хиджаппен мектепке кірмесін деп нақты айтылмай, мектептің ішкі тәртіп ережесіне сай мектеп формасы сақталсын деген қаулы шығарады. Ал, ата-ана қаулыда нақты көрсетілмеген соң, қыздарын орамалмен жіберіп, айналып келгенде таяқтың ұшы мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге, Білім бөліміне тиіп жатыр. Себебі, кез келген діни атрибуттарға Заңмен тыйым салынбаған соң, білім мекемелері хиджаб киген оқушылармен жалғыз өздері алысуына тура келіп тұр. Осындай келеңсіздіктен соң, хиджаб киген қыздардың ата-аналары тек мектепті кінәлайды, күштері мектеп директорына жетіп, Конституцияны алға тартып, олардың құқықтарының тапталып жатқанын сөз етіп, «Ата заңда айтылғандай, біздің құқығымызға ешкім қол сұға алмайды» деген уәж айтады. Сонда біздің Заңымызда мектептің, мектеп әкімшілігінің құқығын қорғау көзделмеген бе?
Мектеп ұжымы тек ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беретін мектептердегі стандартқа сай киіну талабын орындап, мектеп қабырғасында жүрген кезде хиджаб кимей, мектептің ішкі тәртібін сақтауын, орамал тақпауын, мектеп формасына жат басқа да атрибуттарды, мектеп формасына сай келмейтін аксессуарларды кимеуін сұрап отыр. Сонда Заң мектептен оқушының хиджаб кимеуін қадағаласа, сол заң өкілдері білім ордасында оқушының жоғарыда айтылған діни атрибуттар мен әртүрлі аксессуарларды кимеуін ата-анадан талап ете алмай ма? Неліктен осы мәселеге келгенде заңымыз сонша солқылдақ? Осындай нақты Заң тармақтарының жоқтығының салдарынан ата-ана мұғалімді сыйлап, құрметтеу былай тұрсын, қыздарының мектепке хиджаппен келуіне мұғалім тыйым салып жатқандай көріп, Мұғалім мәртебесі аяққа тапталып, мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсініспеушілік туындап жатыр. Жоғарыда айтылғанды ескеріп, Ата Заңға яғни Конституциямызға толықтырулар енгізіп, «Кез келген бас киіммен, діни атрибуттар мен басқа да аксессуарлармен мектепке кіргізілмесін» деп жазуға болмай ма? Неге заңды қатал етіп, мектеп ұжымын даулы мәселеден арашаламасқа?
Бұл мәселе тек бір мектептің, не болмаса бір ауданның жан айқайы емес. Сол себепті, Республикамыздағы мемлекеттік білім беретін ұйымдарында, дәлірек айтқанда орта мектептерде, гимназияларда, лицейлерде білім алушылардың бірыңғай мектеп формасын сақтау керектігі жөнінде қатал Заң қабылдануына, мектеп басшылығы мен мұғалімдерді ата-ана мен Заң өкілдерінің арасында жалтақтамай, мектеп формасы заңмен қорғалуына құырлы органдар ықпал етсе екен деген тілегіміз бар.
Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ