Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚазақстан жаңалықтарыҚоғамТұлға

САҒАДАТ НҰРМАҒАМБЕТОВ: «СОЛ КЕЗДЕ ФАШИСТЕРДЕН КЕК АЛУҒА АНТ ЕТТІМ»

Қазақстанның Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің тұңғыш әрі жалғыз төрағасы, Тұңғыш Қорғаныс Министрі, Тұңғыш Халық Қаһарманы, ҚР Армиясының тұңғыш генералы. Бұл дәрежелердің барлығы Ақмола өңірінің тумасы – Сағадат Нұрмағамбетұлы  туралы айтылған. Бүгінгі таңда батыр тұлғаның 100 жылдығы қарасаңында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Осы атаулы күнге орай Сағадат Нұрмағамбетұлы сұхбаттасуды жөн көріп отырмын.

– Сағадат аға, әңгіменің басын балалық шағыңыздан бастасақ…

– Негізінен бала кезімізде де, жасөспірім шағымда да мен өз қатарластарымнан даралана қойған жоқпын. Ауылдың барлық баласы секілді көз көрмеген алыс елдерге сапарлауды армандадым. Ауыр еңбектің салмағын ерте сезіндім. Мал бақтым, сан жамыраған жұлдызды аспанда ұзақ көз тіккенді, ертемен күннің ұясынан шыққанын тамашалағанды ұнататынмын. Ауылдастарымнан тіршілік көзін табуды үйрендім. Жаңа басылған кітап болса оқуым керек, өйткені онда мен білмейтін дүниелер болатыны анық. Осылай жүріп, колхоздың шағын кітапханасындағы бар кітапты құныға оқып тауыстым. Мектепте тарих пен жағырапия сабақтарын қатты жақсы көрдім. Сол үшін осы пәндерден үнемі «бес» деген баға алушы едім.

– Білуім бойынша, жетімдіктің тауқыметін ерте көріп өстіңіз. Бұл кездер жайлы не айтасыз?

– Тағдыр менің маңдайыма жетімдіктің дәмін тым ерте татуды жазған екен. Сегіз жасымда ата-анамнан айрылдым. Ағам Сағи әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Қолы қатты, шымыр болатын. Сағи адал еңбек етті, ағаш кесті, шөп шапты, нан тасыды. Жұмыстың қандайынан да қашқан емес. Үйге келгенде де жұмыстан жалықпайтын. Мені еркелетіп «Сағадатжан» деуші еді. Кейде құшағына алып, ойлы жүзбен «Сағадатжан, мен сені адам қыламын. Болашағың жарқын болады» — дейтін.

– Жалғыз тірегіңіз бен серігіңіз болған ағаңыздың майданға аттанарын естігенде,  бұл хабарды қалай қабылдадыңыз?

– Әлі есімде, мен келген ағам үйде екен. Жанары тұнжырап, жағы суалып, қабағы кірбің тартып отыр екен. Мені құшақтап: «Келгенің жақсы болды ғой. Мен шақырту алдым, жолға шыққалы отырмын» — деді. «Соғысқа ма? Онда мен де сенімен барамын, Сағи» — дедім. Ағам күліп: «Ол жаққа сен сияқты батырлар әзірге керек емес, үлгересің әлі, асықпа» — деді. Ұнжырғам түсіп, ағамның керек-жарақтарын жинақтауға көмектесуге кірістім. Еңбекшіл ауылынан бірнеше азамат соғысқа аттанып та кеткен екен. Ауыл жүдеу тартып, жетімсіреп тұр. Енді, міне, мен де жан бауырымды шығарып салғалы тұрмын. Жеңгем мен оның үлкені төрттегі, кішісі небәрі екі жастағы балалары жылап-сықтауда. Мен сүйретіліп  арбаның соңынан ердім. Маған Сағи бейне бір Алексеевке барып, жинақ пунктінде болып, үйге қайтып оралатындай болды. Әрі кеткенде ол майданға жеткенше соғыс та аяқталып қалар, біздің батырлар фашистерді көпке жеткізбей тас-талқан етер деп ойладым. Сондықтан ағам мені қаттырақ құшақтап, «Бар Сағадатжан үй ішіне бас-көз бол» — дегенде көзімнен жас та шыққан жоқ. Ол бір аптадан кейін де, бір айдан кейін де оралмады…

– Ағаңыздың қан майданға аттанған ізімен өзіңіз де аттануға бірнеше рет талпынғаныңызды естігенбіз. Бірақ, бұл әрекеттеріңіз сәтсіз аяқталған-ды. Оның себебі неде?

– Әскери комиссариатқа барған сапарларым сәтсіз болды. Айтатындары сол баяғы бір сөз – әлі жассың, еңбек ет. Колхозға қайтып жабырқаулы күйде беттегенімде, алдымнан пошташы шыға келді. Мені көрген ол кілт кідіріп сипақтай берді. Жанына келгенімде «Сағадат бекем бол, сен азаматсың ғой» — деді. Мен өзіме ұсынылған конвертке үрке қарадым. Қап-қара жазуды көргенде, тұла бойым тітіркеніп кетті. «Мүмкін емес, ағам тірі, тірі» дей бердім. Алайда, пошташы конвертті маған ұстата берді. Қайран баурым Новгород түбінде болған кескілескен шайқаста қаза тапқан екен. Ауылдың тұрғындары балаларын бауырына басып, аңыраған жеңгеме басу айтып жатты. Ол біресе талықсып кетіп, біресе өксіп жылаумен болды. Түні бойы кірпік ілген жоқ. Сол кездері қайран жан бауырымның мейірімді бейнесі көз алдымнан кетпеді. Фашистерден кек алуға ант еттім. Таң атпай әскери комиссариатқа бет алдым. Барамын да табалдырығына жатып аламын. Қашан майданға жібермейінше сол жерден кетпеймін деп шештім. Ай өткеннен кейін пулеметшілер училищесіне жол тарттым.

– 1945 жылдың 27 ақпанында қан майданда көрсеткен сансыз ерліктеріңіз үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді. Сол кездегі ішкі тебіренісіңізді сипаттап берсеңіз?

– Ол кезде медальдарды армия қолбасшысы жеке өзі табыстады. Ол кеудемізге «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсетілгеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағи ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым. Қарсы алдымда тұрып, сәл иілген Берзалин мені күлімдеп қарсы алды, құшағын айқара ашып, қапсыра құшақтады. Осы кезде мен үшін дүниеде одан асқан жақын адам жоқ сияқты көрінді.

– Сұқбаттарыңыздың бірінде 1992 жылы Ресей президентінің кеңесшісі Геннадий Бурбулиспен келіссөздер жүргізу оңай болмағанын айтқан екенсіз. Бұл кездесу жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Сөзінің басында Бурбулис Ресейдің бүкіл Республикаларды асырауға шамасы жоқтығын айтып, әр ел өз бетінше өмір сүруіне кеңес берген екен. Ресейді бәрін, соның ішінде бөгде аймақтардағы әскерлерді де асырап-сақтау тойдырып бітті, — деп президенттің кеңесшісі, тым деректі тіл қатыпты. Ал, мен болсам: «Біз ешкімге тимейміз, тигенге бас имейміз» деп қарсылығымды білдірдім. Қазақстан жылына 15-16 млн. тонна нан өндіреді. Оның тек 2-3 миллнонын ғана өзіне алып қалады. Қалған астықтың барлығы ортақ қазанға құйылады. Республика Орталық Азия, Түркістан, Орал, Сібір әскери округтерін етпен қамтамасыз етеді және кімнің кімді асырап отырғандығын әлде де анықтау керек екенін айттым. Геннадий Эдуардович мұндай жауапты күтпесе керек, өз пікірін шұғыл өзгертіп, кешірім сұрағандай болды: «Мен Қазақстанды айтып отырғаным жоқ. Онымен біз ерекше қарым-қатынастамыз. Бірақ біз мамырдың басында өз армиямызды – Ресей армиясын құрамыз. Ал сіздер өздеріңіз біліңіздер» — деп ат-тонын ала қашқан.

– 1991 жылы Қазақстан президентiнiң жарлығымен мемлекеттiк қорғаныс комитетiнiң төрағасы қызметіне кіріскен едіңіз. Бұл қызметте жүргенде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз.

– Армия құру барысында Кеңес Одағынан бізге қалған ядролық стратегиялық қару мен қуатты күштерін тез уақытта шешу керек болды. Неге десеңіздер, бейнелеп айтсам, жеріміз жарылысқа жақын тұрған апат аймағына айналды. Міне, осының бәрі абайсыз әрекет бола қалған жағдайда Чернобыль атом электр стансасындағы сұмдық апаттан кем соқпауы мүмкін еді. Сонымен бірге елімізде көп жылдан бері Орта Азия әскері округінің 200 мыңнан асатын әскер тобы және техникасы қалған еді. Сондай-ақ Ауғанстан жерінен, Шығыс Еуропа елдерінен шығарылған әскерлердің қару-жарағы мен әскери техникасы еліміздің топырағына топтастырылған еді. Оған ие болып, бір жөнге келтіру де оңай шаруа емес еді. Өте күрделі мәселе – кадр мәселесі де болатын. Нақтырақ айтқанда – оның тапшылығы. Жасыратыны жоқ, айбынды Кеңес армиясын өз бетімен тастап кеткен сарбаздардың саны жүздеп, мыңдап саналды. Қазақстан жерінде шоғырланған бөлімдердегі көрініс те солай болған. Сол сарбаздарға бас-көз болатын офицерлік құрамның жай-күйі тіпті аянышты болды. Көпшілігі тарихи отандарына ағылып жатты, арнайы білімі бар қандастарымыз жетіспеді.

–  Бұл мәселенің түйінін қалай шештіңіздер?

– Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен Республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды.

– Орта Азиялық округтің таратылуына байланысты, сіз, 1989 жыл генерал-лейтенант шенімен отставкаға шықтыңыз. Алайда, Қарулы күштермен байланысыңызды үзе қойған жоқсыз. Осы кездер жайлы не айтасыз?

– Бұл кезеңде маған екі қызметті ардагерлер, мүгедектер және әскери қызметкерлер ісі  жөніндегі комитеттің және Ардагерлердің республикалық кеңесінің төрағалығын қатар атқаруға тура келді. Сонымен қатар, маған солдаттар мен олардың ата-аналарының шағымдарын қарау жөніндегі арнайы комиссияның жұмысын басқару тапсырылды. Армиямен де байланысымды үзбей, шын мәнісінде күн сайын, сағат сайын Қарулы Күштер өмірінің көкейкесті мәселелерімен айналысумен болдым.

Сөз соңында айтар ойыңыз болса, оқырмандарға жолдауға әзірмін.

– Бір айтарым, «Адамға әуелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – тұл», сосын армия тек ұлттық қаупсіздіктің ғана емес, сонымен бірге адамгершіліктің адалдықтың, әділдіктің, мейірімділіктің, жоғары мәдениеттіліктің де кепілі болуы тиіс. Осы жағынан әсіресе, қазақ баласының адамшылығы, жігерлігі, қайраттылығы, қабілеті ешкімнен кем емес.

– Сүбелі әңгімеңізге рақмет!

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button