БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ: «БАТЫРЛЫҚ — ҚАУПІНЕ САНАЛЫ ТҮРДЕ БАРУЫ»
Биыл 9 мамырда Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 79 жыл толды. Сұрапыл айқастың ұрыс-қимылдары еліміздің аумағында жүрмегенімен, сұм соғыс миллиондаған қазақ отбасының шаңырағын шайқалтып, мыңдаған қазақстандықтың жанына жара салғаны анық. Осы орайда азаттық жолында өзінің өшпес ізін қалдырып, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері атанған қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлымен сіздер үшін сұхбат жүргіздік.
− Сәлеметсіз бе, Бауыржан ата?! Сізге бірер сауалдар қойып өтсем деп едім.
− Сәлеметсің бе! Қой, бірақ сөзімді еш бояусыз, екі етпей жазуыңызды сұраймын!
− Әрине, Бауыржан ата, сіз солдаттарыңызға «әскери ар-намысыңды сақта, солдаттық борышыңа адал бол» деп жиі айтатыныңыз бар. Ал осы солдаттың ар намысы дегеніміз не?
− Cізге мынадай мысал айтайын. Соғыста секунд сайын үстіңнен ажал оғы зуылдап өтіп жатады. Оған қарамастан жауынгер еңбектеп, жер бауырлап алға жылжиды. Оны алға итермелеген күш не? Қорқынышпен жасаған ессіз қимылы ма? Бірақ қорқыққан ажалға қарсы баспайды. Әлде жанынан түңілгендіктен бе? Бірақ ондайлар еппен қимылдамайды, оққа орынсыз кеудесін төсейді. Оны алға итермелеген күш-жігер қайраты. Солдаттың ар-намысы дегеніміз − міне, осы! Ол жігерсіз, қорқақ деген атқа ілікпеу үшін ар-намысын ақ малтадай азық етеді!
− Ұрысқа дайындық кезінде сіз өз қатарыңыздағы жауынгерді атуға бұйрық беріпсіз. Білуімше, ол сіз «Аттан!» деп әмір бергенде қорқып, қаша жөнелді, майданға бармаудың амалы ретінде өз қолын атып жаралады. Неге сіз бұл іске ең ауыр жазаны қолдандыңыз әрі сол мезетте аяушылық сезімі болмады ма?
− Мен адаммын. Мейірбандық менде де бар. «Атпа, ая, кешірім ет!» — деген үнге құлақ ассам, жөн болар ма еді? Мен кешкен жоқпын. Қарынға түскен құмалақты алып тастамаса, ондағы май шірімей ме? Мен жүздердің командирімін, әке орнына әкесімін. Ұлым деп аясам, жалғыз содыр жүздеген ұлға кесірін тигізер еді. Басқаға сабақ болсын деп, опасызда Отан жоқ, Отанда опасызға орын жоқ екенін білсін деп, қылмыстың қанын төктім.
− Бірінші күні сіз өз жауынгерлеріңізге: «Бүіннен бастап сендерге жалғыз заң бар – ол командирдің бұйрығы» — деп дөп басып айтқаныңыз бар. Өз кезіңізде сіз де командиріңізге айтқаныңыздай сөзсіз бағындыңыз ба?
− Алғашында командирдің «Тәйт! Сөйлеме!» деген өктем әмірін қорлық санап, «Сөйлемесі несі! Мен оның тілсіз құлы болғаным ба?» деп бір бозарып, қарсы тіл қатушы едім, оңайлықпен бағына қоймаушы едім. Ақыр соңында мені қалай жөнге салғанын білемісіз? Өзімді Қызыл Армияның офицері етіп шығарды. Содан кейін командирдің әміріне сөзсіз бағыну – армиядағы аса қажетті ең негізгі шарт екенін ұғындым. Мұнсыз армия – армия болмайды.
− Бауыржан ата, сіз ішкі сезімнен гөрі, ақылды, ар-намысты серік етіп, жауынгерге, тәртіпке қаталдықпен қарадыңыз. Сол кездері қаталдығыңызға сын айтқандар болды ма?
− Жауынгер болсын, командир болсын, кімде кім «Неге мұнша қаталсың?» деп сұрар болса, әркімге де, өз арыма да айтар жауабым: «Совет Одағына қызмет етем!» деген сөздер болар еді.
− Майдан кезінде сіздің батальоныңызға ең шешуші саналатын Волоколомск тас жолын қорғауға әмір етті. Осы шайқас кезінде сізге және жауынгерлеріңізге жүктелген негізгі міндет қандай еді?
− Сізге бір жұмбақ айтайын, мүмкін оқырмандарыңыз да тауып қалар: «Дүние жүзіндегі ең ұзақ әрі ең қысқа, ең жүйрік әрі ең шабан нәрсе бар. Адамның ең менсінбейтіні де, қатты өкінетіні де сол. Ол не?» Осы айтқанымды тапсаңыз, өз сұрағыңызға жауап бергеніңіз.
− Өзіңіз соғыстың қазанында қайнаған адамсыз. Майдан алаңында батырлық көрсеткен ерлердің талайын көрдіңіз. Қалай ойлайсыз батырлық адам бойына туа беріле ме?
− Батырлық − табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі.
− Ұлы Жеңіс күні де келіп жетті. Осы айтулы күнге қатысты қандай ой айтасыз?
−…Біз майданда болдық. Белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн-түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдында, Отан алдында, адамгершілік намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Сөйтіп, оны абыроймен ақтадық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол -аяғын беріп мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес. Ұлы Отан, туған тілім, туған жерім Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әр қайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңылақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен өзім көзімменен қан майданда көрдім. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың имандары жолдас болсын. Олар ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жанын тәнін аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жан тәсілім етті. Имандары жолдас болсын!
− Бауыржан аға берген жауаптарыңыз үшін алғыс айтамын! Сіздер секілді батыр тұлғалардың есімі, ел есінде мәңгі қалмақ!
− Оқырман, Бауыржан Момышұлының жасырған жұмбағын шеше алдыңыз ба?
Өз жауаптарыңызды почтаға немесе әлеуметтік парақшамызға жаза кетіңіз.
− Нақыл сөз: Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ. Сондықтан, өз мақсатыңа жету жолында таймай еңбек қыл, бар күш-жігеріңді сал.
Диана ҚАНАТ