Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚоғам

ӨРТ СӨНДІРУ — ЖҰМЫР БІЛЕК ПЕН ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТІҢ ЖҰМЫСЫ

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіру қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Бала күнінде өрт сөндіруші болуды армандамаған бала кемде-кем шығар. Әдетте бұл арман  ғарышкер болу секілді бала қиялдың жетегінде қалып қояды. Дегенмен, сол бала күнгі арманына жетіп, бүгінде өрт сөндіруші болып қызмет атқарып жүрген азаматтар бар. Тілсіз жау терезеңнен телмірген кезде ғана еске алатын бұл маман иелерінің күнделікті тіршілігі қалай өтеді? Өрт сөндірушілер күн сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүреді. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмейді. Өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі қалай өрбитінін біліп, танысып қайту мақсатында осындай жауапкершілігі мол мамандықты атқарып жүрген азаматтардың бірі – Іле ауданының №8 өрт сөндіру бөлімшесі басшысының орынбасары Шораев Ринат Боранбайұлымен тілдесіп қайттық.

– Сәлеметсіз бе! Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз?  Қай өңірдің тумасысыз?

– Мен Шораев Ринат Боранбайұлы, 1988 жылы 29 тамыз күні Райымбек ауданы Кіші Жалаңаш ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым мен жастық шағым Қызыл Ту ауылында өтті. Сол жерде мектеп қабырғасын аяқтап, 2011-2012 жылдары Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласындағы  №32363 әскери бөлімінің 35-ші жеке гвардиялық әуе шабуыл бригадасында  болдым. Отбасымда 6 ағайындымыз. Алтауымыз 6 түрлі мамандықта қызмет атқарамыз. 2011 жылы әкемнен көз жазып қалдым. Үйленгенмін. Бүгінгі таңда 2 баланың әкесімін. Анам Қызыл Ту ауылында, өзім отбасыммен Алматы қаласында тұрамын. Отбасымда, туыстарымның арасында бұл мамандықта жүрген жандар жоқ, көбі жеке кәсіптерімен айналысады.

– Ринат Боранбайұлы, жауапты қызметке қалай келдіңіз? Осы  мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

–  Бала кезгі арманым полиция қызметкері болу еді… Алайды қазіргі таңда осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Жұмысым таза, адал, ең бастысы халқыма тигізетін пайдам бар. Жауапты мамандықты таңдауыма ата-анам, ағаларым, отбасым түрткі болды.  Жұмыс өтілім жүргізушіліктен басталды. Кейін 2018 жылы Ақтөбе қаласында 70 күндік курстан өтіп, лейтенант шенін алдым. 2013 жылы Іле ауданы №8 өрт сөндіру бөлімшесіне жүргізуші қызметіне жұмысқа тұрдым. 6 жыл осы лауазымда қызмет атқарып, курс оқып келген соң 2019 жылы қарауыл басшысы болып тағайындалдым. 2022 жылдан бастап №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып келемін.

– Жұмысыңыздың басымдылығы, артықшылығы мен кемшіліктері жайлы не айтасыз?

– Жасыратыны жоқ ең алдымен мамандығымыз өте қауіпті екенін айта кеткен жөн. Әр өрт сөндіруге барған кезде алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Алайда оны кемшілік деп есептей алмаймын. Меніңше, бұл ең алдымен өте қызықты жұмыс. Алғаш рет өрт болып жатқан жерге келіп, қызыл жалынмен арпаласу сәтін көрген кезде құлшынысың оянады, бәрі қызық көрінеді. Алайда, адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?І Жұмыс орны таза, білім аламыз, жұмыс уақытында лауазымымыз өседі, елдің алғысын аламыз.

– Тілсіз жаумен шайқасқа аттанарда қорқыныш сезімі бола ма?

Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Сондықтан, бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн. Алды-артына қарамай ешкім өртке қойып кетпейді. Тіпті, жұмысқа жаңа алынған жас мамандардың өзіне ойланбастан опық жеп қалмауы үшін әр қадамын абайлап басу үйретіледі. Кез келген адамда қорқыныш сезімі болады. Ақымақтарда ғана қорқыныш болмайтын шығар. Қорыта айтсам, өрт сөндірушіге әрбір қимыл, тіпті өрт сөндіру құбыртүтіктерін қалай бұру керек, адамдарды қалай дұрыс құтқарған жөн деген мәселелер де үйретіледі. Білім мен тәжиребенің арқасында қорықпай жұмысымызды атқарамыз. Біздегі ең басты мақсат – адам өмірін сақтап қалу.

– Ринат Боранбайұлы, жұмыс барысы жайлы айта кетіңізші? Өрт сөндірушінің бір күні қалай өтеді? Өрт сөндіру жұмысы қалай іске асады?         

– Ең алдымен, барлық жұмыс келіп түскен қоңыраудан басталады. Жедел басқару орталығынан түскен қоңырауды да өрт сөндірушінің өзі қабылдамайды. Дәл сіздердің өмірлеріңіздің қауіпсіздігі үшін тәулік бойы диспечерлік пункттің қасынан ажырамайтын арнайы мамандар бар. Радиобайланысшылар қоңыраудан соң дереу бізге хабар береді. Өрт сөндіруші кәсібі басқа қызметтерге қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 1 минут қана уақыты бар. Жалпы ереже бойынша өрт сөндірушілер бұйрық түскеннен кейін 1 минуттың ішінде толық құраммен дайын болулары қажет. Ал мұндай шеберлікке – тынымсыз жаттығулар ғана жеткізеді. Қызыл жалын лаулаған орынға келген соң ненің жанып жатқанын, өрттің жану деңгейін бақылап, тексеріс жүргіземіз. Оқиға орнына келгеннен кейін біз, өрт сөндірушілер, өрт орны мен таралу аймағын анықтаймыз, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырамыз. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай, өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Алауалап тұрған жалынға әркім өз білгенінше су шашу –  бұл өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет етеді. Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн. Сондықтан да, жоғары даайта кеткенімдей, біз үшін ең бастысы – апаттан адам өмірін сақтап қалу!

– Өз тәжірибеңізде біраз тілсіз жаумен шайқаста болдыңыз. Өрт шығудың басты себептері қандай? Іле ауданының көлемінде өткен жылдан бері қанша өрт шығу фактілері орны алды?

Өрт – тілсіз жау. Оны алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Алайда өрттердің негізгі себептері құрал-жабдықтардың технологиялық жұмыс тәртібінің бұзылуы, электр тоқтарының ақаулылығы, жабдықтардың жөндеу жұмыстарына нашар дайындалығы, әртүрлі материалдардың өздігінен жануынан дер едім. Басты себептердің енді бірі – мұржа. Үйлердегі пештердің дұрыс салынбауы.  Жазғы мезгілге қарағанда, қыста өрт шығу фактілері жиі орын алады. Бұл «жылыту» науқанының басталуымен деп түсіндірер едім.  Өзіміздің аудынымызда өткен жылдан бері 200-дей өрт тіркелді.

– №8 өрт сөндіру бөлімімен таныстыра кетсеңіз. Қанша адам жұмыс істейді? №8 өрт сөндіру бөлімінің қандай жетістіктері бар?

Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында орналасқан №8 өрт сөндіру бөлімінде 37 адам қызмет атқарады. Оның ішінде: қарауыл бастығы, 22 өрт сөндіруші, бөлімше командирі, аға өрт сөндіруші, жүргізуші және радио байланысшылар бар. Өрт сөндірушілердің жұмыс уақыты таңғы 8:30 да басталып, бір тәулікке созылады. Есесіне бір тәулік жұмыс істеген қызметкерге келесі үш күнде тынығып, жаңа күшпен жұмысқа келуіне рұқсат беріледі. Өрт сөндіру бөлімінің жетістіктері жайлы айтар болсам, бізде түрлі шаралар мен жарыстар өткізіледі.  Республика, облыс, аудан көлеміндегі жарыстар мен турнирлерде жүлделі орындар, марапттарға ие болып жүрміз. Мәселен, 2023 жылғы Алматы облысы ТЖД қызметкерлері арасында ұйымдастырылған шағын футбол турнирінде III орынды иелендік. Сондай-ақ, бөлімшеміздің жүргізушісі  «Үздік жүргізуші» номинациясы бойынша I орынды жеңіп алды.

– Ринат Боранбайұлы, бөлімшенің техникалық ахуалы қандай? Техника жеткілікті ме?

– Қазіргі таңда техника жеткілікті. Техникамыз бірсыпыра жаңаланды десем де болады. Негізгі 2 жаңа камаз, қызметтік көліктер бар.

– Тұрғын үйлерден шыққан өртті сөндіруде қандай қиындықтар бар? Өз тәжірибеңізде қайғылы жайттар орын алды ма?

– Егер ол бірнеше қабатты үй болса, онда ең қиыны – өрт болған жерге жету. Көп уақытта қиындық тудырып жатады. Тұрғындар аулаға көліктерін қойып тастағаннан кейін діттеген жерімізге жете алмай қиналамыз. Айталық, өрт сөндіру көлігі өте алғанымен сатысы бар көліктің жетуі мүмкін болмай жатады. Ол жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін аса қажетті техника екені айтпаса да түсінікті. Тұрғын үйлерде адамдардың сыртқа қашып шығуы қиындық тудырады. Көп жағдайда, апат орын алған кезде қорыққаннан есіктерін ашпай, түтіннің ортасында қалып жатады. Адам өміріне араша түсе алмай қалатын жайттар да кездесіп тұрады. Өз тәжірибемде ондай қайғылы оқиғалардың куәсі де болдым. Ондай жағдай адамдардың мас күйінде ұйықтап қалуынан, үйдегі техникалық жабдықтарды өшіруді ұмытып кетуінен және мобильді құрылғыларды түнімен тоққа қоюдың салдарынан орын алады.

– Жұмыс өтіліңіз қанша жыл? Осы уақытта қанша өрт сөндірдіңіз? Есіңізде қалған ірі өрт сөндіруді айтып беріңізші?

– Әрине, есімде. Ауқымы кең өрттер кезінде қауіпсіздікті бірінші орынға қоямыз. Әсіресе, жұмысқа орналасқан алғашқы жылдары абдырап қалатын едім. Бәрі тәжірибемен келеді ғой. Кейін бәрі оңай көрініп кетті. Барған жердің бәрінде өшетін өртті өшіріп, аман ораламыз. Тәжірибелі құтқарушының қызмет жолында қаншама рет тілсіз жаумен айқасқа түскендігін нақты айту қиын. Осы салада қызмет атқарғаныма 11 жыл болды. Есте қалған өрт сөндіру Қоянқұс ауылында болды. Жеке кәсіпкердің дүкен, дәріхана, бір-біріне жапсарласқан сауда орталығы жанып кетті. Біршама ғимаратты аман алып қалдық. Сондай-ақ, Жетіген (қазіргі Алатау) аймағында үлкен ТЖО өртенген кезде, ең алғаш қарауыл басшы қызметінде болғанда көмек көрсеткен алғашқы өрт сөндіруім сол кезде болды.

– Өрт сөндіруші болуды армандайтын өскелең ұрпаққа берер кеңесіңіз қандай? Өрт сөндіруші қандай болу керек? Өрт сөндіруші болу үшін қандай оқу орнында оқу керек?

– Ең алдымен бұл мамандықтың иесі болу үшін 11 сыныптан кейін Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға тапсырсаңыздар болады. Егер сіз мансаптық өсуді армандайтын болсаңыз, Сізге Мамандандырылған жоғары білім алу қажет. Өрт сөндіруші бұл – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Әуелі денсаулық мықты болу керек. Аттестациядан өткізеді. Психолог маманның психологиялық тестін тапсырасыздар. Содан кейін жұмысқа қабылдайды. Өрт сөндіруші болу үшін әскерде қызмет ету керек, содан кейін арнайы дайындықтан өту керек. Алайда қазір әскери билет болу маңызды емес.  Егер Сіз өрт сөндіруші болуға қызығушылық танытсаңыз, онда бұл жұмыстың не екенін нақты білуіңіз қажет. Кез келген өрт – қорқынышты көрініс. Өрттің қармағына түскен қарапайым адамдардың көпшілігі жабырқап, қозғалмай қалады немесе олар өз бетінен белсене қозғалып, онсыз да қиын жағдайды ушықтырып алуы мүмкін. Сол себепті, ең бастысы, қайсарлық пен өр мінез керек. Басыңызда білім, жүректе батылдық болуы керек!

– Ринат Боранбайұлы, сөз соңында оқырмандарға айтарыңыз бар ма?

«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағының кепілі» деген жақсы сөз бар. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, ел үмітін ақтар азамат болыңыздар. Кез келген жағдайда өрт сөндіру ережелерін сақтап жүріңіздер және қандай мамандықты таңдасаңыздар да, шын ықылас пен бар ынта-жігеріңізді салып жұмыс істеңіздер. Сонда ғана арман-мақсаттарыңызға жетесіздер.

– Сұхбатыңызға алғыс білдіремін! Халықты апаттан сақтаудағы еңбектеріңіз жемісті болсын!

 

Карима МЕЙРАМБЕКҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button