Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

«Дәстүрім – асыл қазынам» атты Қымызмұрындық фестивальі өтті

   6 шілде күні Қасиетті Қарқара жайлауында жыл сайын дәстүрге айналған Қымызмұрындық фестивалі өткізілді. Облыс көлемінде ұйымдастырылған бұл шараға ауданымыздан Іле аудандық «Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ бөлімінен аға сарапшы – Нұрғазы Ғалымжан, ҚХА жанындағы ақсақалар кеңесі – Нұрсейітов Бәкір (қолөнер шебері), А.Тоқпанов ауылдық округінің аналар кеңесі төрайымы  – Топарова Баян, аудандық ардагерер ұйымының орынбасары Байпақбаева Бағдат қатысты.  Сонымен қатар,  дүбірлі фестивальге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Қырғызстанның Ыстықкөл облысы түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың, ақсақалдардың, ардагерлердің өкілдері, Аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктер, БАҚ өкілдері шақырылды.

Қымызмұрындық – ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін қымыз тойы.  Қатаған қыстың қаһарынан аман шыққан халықтың жақындарымен қайта қауышып, дәм- тұзымен бөлісіп, аралас-құраласатын өміршең дәстүр өнегесі. Ол ел мен жұрттың басын қосуға, ынтымақ пен бірлікке, бір жұдырыққа жұмылдыруға қолқа болады. Жаз жайлауға шыққанда биенің алғашқы сүті жинақталып, қорланып балдай тәтті қымызға айналғанда көрші-қолаңды, ақ баталы қарияларды, ақ самайлы әжелерді шақырып, ақ дастархан басынан дәм татқызған. Ас батқаннан кейін, қазақтың дәстүрі бойынша ойын-сауық, ән-күй, той-думандарына кезек беріледі. Мың бұралып билеген бишілерден бастап, тамылжыта әуеніне басқан әншілермен жалғап, күмбірілете күй шертетін күйшілермен  қостап, аталы-баталы сөзбен аяқтайтын қымыз тойы, дүркіреп өтетін болған. Бір сөзбен айтқанда, қымызмұрындық жайлауға қоныстанған ағайынның бір-біріне деген көңілдерін, ақ пейілдерін, сүттей ұйыған бірлігін, жақсы қарым-қатынасын паш етіп тұрар жоралғымыз болып қала бермек.

Көппен көрген ұлы той  Кеген ауданы, Қарқараның шұрайлы жайлауы Мыңжылқыда өткізілді. Хан жайлау төрінде атақты Қарқара жәрмеңкесінің орны, Ұлы Жібек жолының бір соқпағы қалған. Ұлы шығармаларына өзек тапқан Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің табаны тиген екен. Сонымен қатар, қазақ дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтаған бұл өңір нағыз қымыздың Отаны десек, артық айтпаспыз. Шілденің шіліңгірінде де шөліңді басатын дәмі бал, емге шипа сусынды, ауыл тұрғындарының әр дастарханынан кездестіруге болады. Халықтың қуанышы мен тойына айналған қымызмұрындыққа Қырғыз елінен келген қонақтар мен аудан, аймақтардан жиналған бас-аяғы 8 мыңнан аса адам қатысты. Құшағын кеңге жайған жайлаудың жазығы әп сәтте келген қонақтармен толысып, думан-тойдың алаңына айнала кетті.

Шараның салтанатты шымылдығы 50 адамдық көш-керуеннің жүріп өтуімен ашылды.  Керуенді ақбоз атқа мінген Қазақстанның халық әртісі Р.Стамғазиев жыр шашу айтып, көшті бастады.

«Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» — деп аталатын қымызмұрындық бие баудың басына бие байланды. Қымызмұрындық фестивалінің негізгі мақсаты  ұлттық сусынның құндылығын насихаттау, ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғырту екені айқын көрініп тұр.

Ұлтымыздың жұлдызы жарқырайтын алтын ғасыры болар ХХІ ғасырелеулі өзгерістерге толы. Оның бәрі тіліміз бен дінімізді көтеруге, салт-дәстүрімізді өркендетуге, өшкенімізді жандырып, өрісімізді кеңейтуге бағытталып отыр. Бұл игілікті іс – жақсылықтың бастауы. Мемлекетіміздің болашағы болар жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие болар ізгілікті дүние.

Осынау ата-дәстүр ізімен жалғасқан жоралғыны Алматы облысы әкімдігі мен Кеген ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шара барысында батагөйлер байқауы, құнан, топ, ұлы – аламан ат бәйгелері сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмелері, қазақ күресі, қошқар көтеру, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату сынды ұлтық ойындар мен «Топжарған» этноорталығының шоу бағдарламасы көрсетілді. Бәйгенің бас жүлдесіне үш автокөлік тігілді.

Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері тыңғылықты дайындалғанын байқаймыз. Қаз қатарынан тігілген 100-ге жуық киіз үйдің арасынан қазақы дәстүр мен салт-сананы нәсихаттайтын ішінара көрмелердің қатары жиі ұшырасты. Алыстан ат терлетіп келген әр аудан, ауыл-аймақ өз өңірлерінің ерекше туындыларын әкеліп, дүйім жұрттың назарына ұсынды.  Солардың ішінде ат әбзелдері, қолөнер туындылары, әшекей бұйымдар молынан ұшырасты. Осы күні жиналған дүйім елдің жөн-жоралғыларымызға, қастерлі қолөнерімізге деген қызығушылығымен қатар, өз халқына деген мақтаныш сезімін көрмеге келген әр қаракөз қандастарыыздың бойынан аңғардық. Бұл көрініс, әсіресе, жайлауда алтыбақан теуіп, асыр салып ойнаған бүлдіршіндердің санасында жаңғырып қалары даусыз.

Ауданымыздың ардагер ақсақалдары  «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалы ұйымдастырған «Ата-баба дәстүрі — ұрпаққа аманат» көрмесі мен «Баталы ел – көгерер» атты іс-шараларына қатысып, жүлделі орындарды иемденді.  «Баталы ел – көгерер» атты 10 ауданның батагөйлер арасында ұйымдастырылған байқауға Іле аудандық ардагерлер ұйымынан Аманбаев Сандибек Омирзахович жүлделі екінші орынды иеленіп, 30 000 теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.  «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты облыстық көлемде ұйымдастырылған көрмеде Іле аудандық ардагерлер ұйымы мен ақсақалдар кеңесі жоғары деңгейдегі шебер қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.

Қымызмұрындық шарасында көрмелерді тамашалау ауылшаруашылық техникаларының көрмесін аралаудан басталды.

Басқарма ұжымы ауыл шаруашылығы техникаларының және асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларының көрмесін ұйымдастырды. Ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту мақсатында отандық және шет елдік техникалардың дистрюбиторлары паш етілді. Ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымды көрмесіне қазақтың ақбас сиыры, симментал тұқымды ІҚМ, ангус, және асыл тұқымды меринос қойлары таныстырылды.

Қонақтар қолөнер шеберлерінің жарқын көрмелерін, түрлі ұлттық ойындар мен «Топжарған» этноорталығының қызықты шоуын қамтитын бағдарламаны тамашалады.

Халықты біріктіретін мерекеге облыс жастары біркісідей атсалысты. Демалыс аймағы, караоке алаңы ұйымдастырылып, суретшілер, қолөнершілер шеберлік сабақтары өтті. Үстел ойындары да келушілердің қызығына айналды. Игі шарапатын берген «Express» жәрмеңке де осы фестивальден табылып, талай жастың алғысын алды.

Тілектер тақтасы, фотоаймақ, балаларға арналған аниматорлар, қызықты ойындар, түрлі-түсті бояулар, шарлар алаңы дәстүрлі «Қымызмұрындықтың» көрігін қыздыра түсті. «Жолан жүйрігі» бәйгесіне ұласқан мерекеде ұлттық спорт түрлері де көрініс тапты.

Алматы облысы әкімдігі мен Кеген ауданының әкімдігі жұмыла ұйымдастырған бұл шарада еліміздің белгілі жұлдыздары мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның әртістері бой көрсетті.

Сонымен қатар, Рамазан Стамғазы, Ұлжан Айнақұлова, Ұлту Қабаева, Өмірқұл Айниязов, Сәкен Майғазиев, Мұқасан Шахзадаев, Төреғали Төреәлі, Жігер Ауыпбаев, Қажымұрат Шешенқұлұлы, «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі, және дәстүрлі әншілер Қарқара жайлауын думанға бөледі.

– «Бұл мереке-қазақ мәдениетінің сұлулығы мен байлығын көрсетуге, адамдарды біріктіруге және дәстүрлерді жас ұрпаққа сіңіруге тамаша мүмкіндік. Бұл күн барлық қатысушылардың жадында қалатынына сенімдіміз»,- деп атап өтті Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

Қымызмұрындыққа жиналған көпшілікті Алматы облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байедилов  құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. «Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін», — деді.

Сонымен қатар Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов, Жолан Омаровтың әкесі Ыбрайахын ақсақал сөз алып, іс- шараның маңыздылығын айтып өтіп, ізгі тілегін жеткізді.

«Жолан жүйрігі» бәйгесіне ұласқан мерекеде ұлттық спорт түрлері молынан көрініс тапты. Аталған іс-шараға 100-ге жуық шабандоздар мен тұлпарлар 100-ге жуық споршылар қатысты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, тиісті дәрежелі грамота, кубок, бағалы сыйлықтар және ақшалай сертификаттар мен марапатталды.

Әсіресе,  дәу қошқарды иығына салып, 101 рет отырып тұрған Жетісу облысының тұрғыны Нұғманов Айдынға тең келер ешкім болған жоқ.

Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қаласынан барлығы 20 спортшы қатысты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған кегендік Нұрсұлтан Алғазы жүлделі ІІІ орын мен 100 000 теңгені қанжығысына байлады. Бұл додада  Жетісулық  Жансерік Жұмабай ІІ орынға тұрақтап, 200 000 теңгені иеленсе,  Түркістан облысының намысын қорғаған Марат Байкамуров І орынды иеленіп, 300 000 теңгені еншіледі.

«Той қызығы – көкпар демекші», түс ауа көптің көкейінде жүрген тұяғынан шаң ұшырып, ескен желмен жарысқан аламан бәйгенің шабысы басталды. 70-ке жуық сәйгүліктер жарыс жолына шығып, даланы дүбірге бөледі. Құнан бәйге 11 шақырымға, топ бәйге 20 шақырымға және Аламан бәйге 35 шақырымға шауып, бақтарын сынады. Бас жүлдеге үш автокөлік тігіліп, кейінгі орындарға 2 500 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар ұсынылды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақымдарын қысып, шабандоздарына үлкен үмітпен қарады.

Сонымен, Аламан бәйгеде бірінші орын Жетісу облысының Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылынан келген «Жұмыртұяқ» атты сәйгүлікке  бұйырды. Ат иесі – «Ақылбай» шаруа қожалығы,  бапкері – Марғұлан, шабандозы – Хамза Амангелді.  (Алтын медаль, кубок, бірінші дәрежелі грамота, HAVAL автокөлігі және Жолан Омаров атындағы «Алатау арғымағы» атты арнайы жабу). Бас жүлде HAVAL автокөлігінің кілтін Жоланның әкесі Ыбырайақын ақсақал табыстады.

Осылайша, Қарқараның жазығында дүбірлеп өткен «Қымызмұрындық» мерекесі жоғарғы деңгейде өтті. Дәстүрлі мерекеде бас қосқан жұрт шипалы сусыннан дәм татып, табиғаттың тамаша көркіне тамсанып, ерекше әсерге бөленіп қайтты. Осындай ырыс пен ынтымаққа, думан тойға толы игілікті шараларымыз көбейе берсін.

Айта өтелік, ауданның абыройын ту етіп келген делегацияны құрметпен  қарсы алып, ақ дастархан төрінен дәм татқызған Ұзынбұлақ ауылының қонақжай шаңырағына, ауыл әкімі Тақабаев Олжас Маратұлына ықыласпен алғыс білдіреміз. Бастаған бастамаларыңыз игі, қадамдарыңыз оң, ауылдарыңыз көркейе берсін!

Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button